Жаңалықтар

Тілі ұзын әйелдер туралы айтқан депутат жаңадан тағы бір ұсыныс жасады

Тілі ұзын әйелдер туралы айтқан депутат жаңадан тағы бір ұсыныс жасады
Фото: parlam.kz 14.02.2024 12:30 538

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев ұлттық экономистрі Нұрлан Байбазаровқа ауылдардың бюджетін қарау керектігін айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

2018 жылы Қазақстан ауылдарының жеке, дербес бюджеті пайда болып, аталған төртінші деңгейлі бюджет 2019 жылдан бастап толығымен іске қосылған болатын. Содан бері бес жыл уақыт өтті. Енді оған талдау жасап, қорытынды шығарып, тиісті ұсыныстар енгізетін кез келді. Бүгінде өз дербес бюджеті өз қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететін ауыл саны саусақпен санарлық. Бұл Қазақстандағы ауылды елді мекендердің 0,2% ғана. Соған қарамастан аудандар мен облыс орталықтары ауыл бюджетіне қол сұғып, артылған қаржысын кері бұрып алуын тоқтатар емес, - дейді Анас Баққожаев.

Ол осы ретте Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округін мысалға келтірді. Бұл ауылдың бюджетіне түскен 583 миллион теңгенің 103 миллион теңгесі ауылдың қажеттілігіне жұмсалып, қалған 480 миллион теңге жоғары тұрған бюджет алып отыр екен.

Сонда төртінші бюджет – ауыл бюджетінің еркіндігі, дербестігі қайда?

Іргелі ауылдық округіндегі елді мекендерде инфрақұрылым бойынша көптеген мәселені шешу қажет, газ, жарық, жол жүргізу керек. Өз қаражаты өзіне толығымен жетіп тұрған елдімекенге неге мүмкіндік бермейді? Аталған ауыл әкімі жақында ғана «Ауыл» партиясынан сайланғандықтан біз жағдайды нақты білеміз. Ал біз жағдайынан бейхабар қанша  ауыл бар?

Жалпы, жиналған салығы өзіне жетпейтін ауылдардың басым бөлігі Ұлытау (5,6%), Қызылорда (9,3%) мен Қарағанды (11,4%) облысында. Ал Павлодар мен Атырау өңірінде парадокс. Бұл облыстардың өндірісі өркендеген. Бірақ ауылдары өзін өзі қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша аутсайдерлердің қатарында. (10,3% және 11,3%). Бұл мұндай үлкен өндірістік инфрақұрылымның ауылды елді мекендер бюджетіне еш берері жоқ деген сөз, - дейді депутат.

Ол ауыл бюджетінің басым бөлігін, 80%-н көлікке төленетін салық пен жеке кіріс салығы құрайды деп айтты. Алайда бұл түсімдер динамикасы жыл өткен сайын төмендеуде. Оның басты себебі халықтың жаппай көшуі мен көлік сату барысындағы тіркеу жұмыстарының олқылығында жатыр. Үкімет бұл туралы жақсы білгенімен мәселені шешуді қолға алмай отыр.

         Ауыл бюджетіндегі ең күрделі мәселе жоғары тұрған бюджеттердің ауыл бюджеттеріне беретін трансферттері мен субвенцияларының дұрыс бөлінбеуінде болып отыр. Бөлініс әділ болса түсетін салығы аз ауылдар трансферттер мен субвенцияларды көбірек алатын еді ғой? Көмек тура пропорционалды түрде мүмкіндігі төмендерге көбірек берілмеуші ме еді? Ендеше, қазіргі дисбалансты қалай түсіндіресіздер? Мысалы, Ұлытау облысындағы ауылдарда түсетін салық көлемі республикалық жалпы көрсеткіштің 0,62%-і ғана. Ал жоғары тұрған бюджеттерден сол ауылдарға бөлінетін субвенциялар мен трансферттер көлемі жалпы көрсеткіштің 2,54%-на тең. Түсінікті тілмен айтқанда түсімі өте төмен ауылдар көмектің де ең төмен бөлігін алып отыр. Мұндай саясатпен ауылдарды қалай көтермексіздер?, - дейді мәжілісмен.

Ол осыған байланысты мынандай ұсыныстарды енгізіп, олардың дереу қарастырылуын талап етті:

         Бірінші. Салық түсімін ескере отырып субвенция мен трансферттер берудің әділ жүйесін қамтамасыз ету қажет деп есептейміз. Кірісі төмен әрі жағдайы мүшкіл ауылдар бюджеттік қолдау, несиелендіру мен инвестициялық жобаларды көбірек алуы тиіс. Сол арқылы олардың салық базасы кеңейіп, өзін өзі қаражатпен қамтамасыз ету көрсеткіші өсуі керек.

         Екінші. Үкіметтің жоспары бойынша төртінші деңгейлі бюджеттерге жаңадан берілетін салық түрлерін «Ауыл» партиясы фракциясымен қайта пысықтап, ауыл бюджетін нақты күшейтуге қол жеткізетін амалдарды әзірлеуді сұраймыз.

         Үшінші. 2026 жылы ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Соның аясында ауыл бюджетіне түсетін салық көздеріне, оны төлейтін субъектілерге қатысты кең көлемде статистикалық зерттеу жүргізілуін талап етеміз. Қазірден бастап соның методикасын айқындап алу аса маңызды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға