Тілді қалай тез үйренуге болады? Нәтиже беретін 10 тиімді әдіс

Тілді қалай тез үйренуге болады? Нәтиже беретін 10 тиімді әдіс
Фото: magnific.com

Шетел тілін үйренуді армандайтындар көп. Бірі мансап үшін, енді бірі шетелде білім алуды немесе саяхаттауды мақсат етеді. Алайда көпшілік «тіл үйренуге қабілетім жоқ», «жасым өтіп кетті» немесе «уақытым жетпейді» деген сылтаумен тіл үйренуді кейінге қалдыра береді.

Шын мәнінде, тіл меңгеруде ең маңыздысы – ерекше қабілет емес, дұрыс әдіс пен тұрақтылық. Күн сайын аз уақыт бөліп, тиімді тәсілдерді қолдансаңыз, бірнеше айдың ішінде-ақ қарапайым деңгейде сөйлесіп, өз ойыңызды жеткізе бастауға болады. El.kz тіл үйренуді жеңілдететін және нәтижесін тезірек көруге көмектесетін бірнеше әдісті ұсынады.

Ең жиі қолданылатын сөздерден бастаңыз

Көп адам тіл үйренуді күрделі грамматикалық ережелерден бастайды. Соның салдарынан алғашқы апталарда-ақ қызығушылығы төмендеп, оқу процесі қиын көріне бастайды. Ал мамандардың пікірінше, алғашқы кезеңде күнделікті өмірде жиі қолданылатын сөздер мен қарапайым тіркестерге басымдық берген дұрыс.

Амандасу, танысу, дүкенде сауда жасау, жол сұрау немесе өзіңіз туралы айтуға қажетті сөздерді меңгерсеңіз, жаңа тілді күнделікті өмірде бірден қолдана бастайсыз. Бұл өзіңізге деген сенімді арттырып, оқуға деген ынтаны сақтайды.

Күн сайын аз уақыт болса да оқыңыз

Тілді аптасына бір рет бірнеше сағат оқығаннан гөрі, күн сайын 20-30 минут айналысқан әлдеқайда тиімді. Себебі ми жаңа ақпаратты үздіксіз қайталау арқылы жақсы есте сақтайды.

Бір күн оқымай қалсаңыз, ештеңе етпейді. Бірақ ұзақ үзіліс жасасаңыз, бұрын меңгерген сөздер ұмытыла бастайды. Сондықтан тіл үйренуде ұзақ отырып оқу емес, күн сайын тұрақты айналысу маңызды.

Тыңдау дағдысын ертерек қалыптастырыңыз

Көпшілік тыңдауды кейінге қалдырып, алдымен сөздік қорын көбейтуді жөн көреді. Бірақ жаңа тілдің дыбысталуына құлақты ертерек үйреткен дұрыс.

Бастапқыда бәрін түсінбеуіңіз қалыпты жағдай. Ең бастысы – ми жаңа дыбыстарға, интонацияға және сөйлеу қарқынына бейімделе бастайды. Біраз уақыттан кейін бұрын түсініксіз болып көрінген сөздердің жиі қайталанатынын байқап, сөйлемдердің жалпы мағынасын түсіне бастайсыз.

Подкаст, қысқа бейнеролик, жаңалық немесе аудиокітап – мұның бәрі тыңдау дағдысын дамытуға көмектеседі.

Сөздерді жеке емес, тіркеспен жаттаңыз

Жаңа сөздерді үлкен тізіммен жаттау көбіне нәтиже бермейді. Өйткені ми жеке сөзден гөрі дайын тіркестер мен сөйлемдерді жақсы қабылдайды.

Мысалы, «бару» деген сөзді ғана емес, «дүкенге бардым», «ертең барамын», «барғым келеді» сияқты тіркестермен бірге жаттасаңыз, кейін оны сөйлеу кезінде қолдану әлдеқайда оңай болады.

Осындай әдіс сөздік қорды ғана емес, сөйлем құрау қабілетін де дамытады.

Қысқа мәтіндерді бірнеше рет оқыңыз

Тілді үйрену кезінде бір кітапты немесе бір мәтінді бірнеше рет оқу тиімді тәсілдердің бірі саналады. Алғашқы оқығанда жалпы мағынаны түсінуге тырысыңыз. Кейін қайта оқып, бұрын байқамаған сөздер мен тіркестерге назар аударыңыз.

Әр түсініксіз сөзді бірден сөздіктен іздей берудің қажеті жоқ. Алдымен оның мағынасын мәтіннің мазмұны арқылы болжауға тырысыңыз. Бұл есте сақтауды жеңілдетеді әрі оқуды қызықты етеді.

Сөйлесуді кейінге қалдырмаңыз

Көп адам «алдымен грамматиканы толық меңгеріп алайын, содан кейін сөйлеймін» деп ойлайды. Бірақ мұндай әдет адамның жаңа тілде еркін сөйлеуіне кедергі келтіреді.

Қарапайым сөйлемдерден бастап сөйлесуге тырысыңыз. Қате жіберуден қорықпаңыз. Қате – тіл үйренудің ажырамас бөлігі.

Егер сөйлесетін адам болмаса, өзіңізбен өзіңіз сөйлесуге, күнделікті әрекеттеріңізді дауыстап айтуға немесе дыбыс жазып көруге болады.

Сөздерді дұрыс айтуға ертерек дағдыланыңыз

Жаңа сөздерді дұрыс дыбыстауға ертерек мән берген жөн. Өйткені қалыптасып қалған қате дыбыстауды кейін өзгерту әлдеқайда қиын болады.

Сол тілде сөйлейтін адамдардың сөзін тыңдап, олардың дауыс ырғағын, екпінін және дыбыстарын қайталауға тырысыңыз. Бұл кейін еркін сөйлесуге және өзіңізді сенімді сезінуге көмектеседі.

Тілді күнделікті өміріңіздің бір бөлігіне айналдырыңыз

Сабақ аяқталғаннан кейін тілмен байланыс үзіліп қалмауы керек. Телефоныңыздың мәзірін өзгертіңіз, әлеуметтік желідегі қызықты парақшаларды қадағалаңыз, жаңалықтарды немесе сүйікті тақырыбыңыздағы мақалаларды сол тілде оқуға тырысыңыз.

Егер сіз спортты жақсы көрсеңіз – спорт туралы материалдарды, киноға қызықсаңыз – фильм шолуларын, аспаздықты ұнатсаңыз – рецепттерді жаңа тілде оқыңыз. Қызығушылық болған жерде жаңа сөздер де тез есте қалады.

Бір уақытта бірнеше тілді қатар бастамаңыз

Бірнеше тілді қатар үйрену қызық көрінгенімен, бастапқы кезеңде бұл көп жағдайда оқу қарқынын баяулатады. Себебі уақыт пен назар бірнеше бағытқа бөлінеді.

Алдымен бір тілден белгілі бір деңгейге жетіп алған дұрыс. Кейін жаңа тіл үйрену әлдеқайда жеңіл болады. Өйткені сізде тіл меңгерудің өзіндік тәжірибесі қалыптасады.

Мінсіздікті емес, ілгерілеуді мақсат етіңіз

Тілді үйренуде ең үлкен кедергінің бірі – бәрін бірден түсінуге ұмтылу. Әрбір жаңа сөзді жаттап, әр сөйлемді толық түсінуге тырысу оқу процесін баяулатады.

Кейбір сөздерді түсінбей қалу – қалыпты жағдай. Ең маңыздысы – мәтіннің немесе әңгіменің жалпы мазмұнын түсіну. Жиі кездесетін сөздер уақыт өте келе өздігінен есте сақталады.

Тілді меңгерудің қарапайым формуласы

Жақсы нәтижеге жету үшін төрт дағдыны қатар дамыту қажет. Олар:

  • тыңдау;
  • оқу;
  • сөйлеу;
  • жазу.

Осы төрт бағытқа күн сайын аз уақыт бөлудің өзі бірнеше айдан кейін айтарлықтай нәтиже береді.

Тілді тез үйренудің белгілі бір құпиясы жоқ. Бірақ тұрақты түрде оқып, күн сайын аз болса да тәжірибе жасап отырсаңыз, нәтиже міндетті түрде болады. Ең бастысы – өзіңізді өзгелермен салыстырмай, кеше білмегеніңізді бүгін үйренуге ұмтылыңыз.

Оқи отырыңыз