Жаңалықтар

Тыл бастығы – Темірбеков

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні
Тыл бастығы  – Темірбеков
02.05.2017 09:01 3409

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері 25 жылдығын атап өтеді. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды. Тәуелсіз еліміздің құрыш қалқанына айналған төл әскері 25 жылда талай белестерді бағындырды. El.kz интернет жобасы 7 мамыр – Отан қорғашылар күні мерекесі қарсаңында Қарулы Күштердің 25 жылдығына арнап, «Қарулы Күштер генералдары» атты жаңа жобасын бастады. Қарулы Күштеріміз бен айбынды әскерлеріміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюна үлес қосқан генералдар туралы естелік мақалалар ұсынамыз. Мақалалардың авторы белгілі әскери журналист Сәндібай Күмісбеков.

1946-шы жылы 19-шы желтоқсанда Семей облысында дүниеге келген. 1969-шы жылы Уссурийск әскери автомобиль училищесін, 1977-ші жылы Тыл және транспорт әскери академиясын бітірген. Германияда Кеңес әскерлерінің тобында, Орта Азия және Түркістан әскери округінде қызмет еткен. Взвод командирінен құрама командирінің тыл жөніндегі орынбасары қызметіне дейінгі аралықтағы қызметтердің барлығынан өткен. Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің тыл жөніндегі орынбасары – Тыл бастығы лауазымын абыройлы атқарған. Бірнеше жыл бақылаушы құрылымдарда генерал-инспектор міндетін атқарды. Кеңес әскері және Қазақстан Республикасының бірқатар мемлекеттік наградаларымен марапатталған. Бір баланың әкесі.

Генерал-майор Темірбеков Сабыр Жақыпұлы

Генерал Темірбеков – әскери журналист ретінде Қорғаныс министрлігі Орталық аппаратынан жүзбе-жүз кездесіп, сөйлескен ең алғашқы генералдарымның бірі болды. Нақтырақ айтқанда, генерал айқайға басты, мен екі тізем дірілдеп, тыңдап тұрдым. Қорқып қалғаным соншалықты, содан кейін ұзақ жылдар бойы министрдің маңайында жүретін лауазым иелерінен бойымды аулақ ұстап жүрдім. Қызыл лампасты шалбар киген адамды айналып өтетін болғанмын. Оқиға былай болған еді.

Күнкестеде 1994 жыл еді. Әдеттегідей күз айларында әскерлер жауынгерлік жылды қортындылап, кешенді сынақтар тапсырады. Гвардейский гарнизонында шоғырланған кіші мамандарды даярлау Оқу орталығы Қорғаныс министірлігі жүйесінде жеке құрам саны жағынан да, құрылымы тұрғысынан да, мақсат-міндет салмағы турасында да, шоқтығы биік тұрған әскери құрылым саналатын. Түптеп келгенде, әскерімізді құрап тұрған дивизия мәртебесі бар, бетке ұстар үш іргелі ұжымның бірі еді. Осы құраманы бағалайтын Қоғаныс министрлігінің кешенді комиссиясын генерал Темірбеков бастады. Редакция тапсырмасымен мен де сол жерден табылдым. Қорытынды сынақтар өз кезегімен жалғасын тапты. Бірақ менің ойымша «әттеген-айлар» да болды. Атап айтқанда, сарбаздар асханасында нанның орынына «сухари» берілген еді. Жалпы, тамақтану бойынша бірқатар проблемалар болды. Министрдің басқа емес, осы мәселені уысында ұстаған тыл жөніндегі орынбасары тексеріп жүрген гарнизондағы жағдай осылай болса, басқаларының қалай болғаны. Газетте жарық көрген мақаламда да осы сұрақты шеті қылтиған еді.

Генералдың кабинетінде болған әңгімені қысқаша қайырсам, «барлық жерде бар, оны жеңе білуіміз керек, қазір өтпелі кезең. Ал сарбаз нан жемеді деп, байбалам салуға тіпті негіз жоқ. Сарбаз наубайханасы 3 күнге сынса, онымен өмір бітпейді, әскерді сыңға алып, күйе жағудан жалықпайтын, сенсация қуған, мен сияқты «журналистсымақтың» әскери газетте жүруі ойландыратын мәселе» дегенге сайды.

Жалпы, Сабыр Жақыпұлы 40 жыл сапта тұрыпты, оның 15 жылы генерал шенінде жауапты қызметтер атқарған. Еңбекқорлығына қатысты тіпті небір әңгімелер де қалыптасқан. Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясында генерал Темірбековтың қарамағында істеген офицерлер «ол кісі үшін күн-түн, қыс-жаз, алыс-жақын сияқты түсініктер жоқ» деп бағалайды. Бұған бірдеңе алып - қосу әсте мүмкін емес.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға