TikTok-та тренд болған қауын балмұздағын үйде қалай жасайды

TikTok-та тренд болған қауын балмұздағын үйде қалай жасайды
Фото: El.kz коллажы

Жаздың аптап ыстығында жұрт балмұздақтың орнына жаңа әрі жеңіл десерт дайындауға көшті. TikTok желісінде мұздатылған қауыннан жасалатын үй балмұздағы кеңінен таралып, миллиондаған қаралым жинап жатыр. Кейін бұл тәсілді қолданушылар қарбыздан да жасап көре бастаған.

Трендтің танымал болуының басты себебі – рецептінің қарапайымдылығы. Десертті дайындау үшін арнайы құрылғы қажет емес. Блендер, піскен қауын және кілегей болса жеткілікті. Қосымша дәм беру үшін қоюлатылған сүт, бал немесе бірнеше тамшы лимон шырынын қосуға болады.

Желі қолданушылары десертті дұрыс дайындаған жағдайда оның кәдімгі балмұздақтай жұмсақ әрі біркелкі болатынын айтады.

Қауыннан балмұздақ қалай дайындалады?

Қажетті өнімдер:

  • жақсы піскен тәтті қауын;
  • майлылығы 10-20 пайыздық кілегей;
  • қоюлатылған сүт.

Алдымен қауынның қабығы мен дәнін алып, шағын бөліктерге бөліңіз. Оны кемінде 8 сағатқа, мүмкін болса бір түнге мұздатқышқа қойыңыз.

Жақсы қатқан қауынды блендерге салып, езілгенше араластырыңыз. Содан кейін салқын кілегейді аз-аздан құйып, қою әрі біркелкі болғанша тағы да араластырыңыз.

Егер қауынның дәмі аса тәтті болмаса, қоюлатылған сүт не бал қосып жіберуге болады. Ал қоспа сұйықтау болып шықса, оны тағы 1-2 сағат мұздатқышта ұстаған жөн.

Дайын десертті бірден дастарқанға ұсынуға немесе қақпағы тығыз жабылатын ыдысқа салып, мұздатқышта сақтауға болады.

@balnur_beisenovna Қауыннан жасалған балмұздақ! Міндетті түрде жасап көру керек #врек #морожное #дыня #icecream #балмұздақ ♬ оригинальный звук - balnur__beisenkyzy

Десертті дайындағанда нені ескерген жөн?

TikTok қолданушыларының айтуынша, бұл десерттің сәтті шығуы ең алдымен қауынның сапасына байланысты. Олар толық піскен әрі тәтті қауын таңдауға кеңес береді. Сондай-ақ қауынды жеткілікті уақыт мұздатып, кілегейді аз-аздан қосып араластырса, десерттің құрылымы балмұздақтай жұмсақ болады.

Тәтті дәмді ұнататындар қоспаға аздап қоюлатылған сүт немесе бал қосады.

Желі қолданушыларының бірі тәттіні көбірек ұнататындарға қоюлатылған сүт қосуды ұсынады.

Егер тәттіні көбірек ұнатсаңыз, қоюлатылған сүт қосыңыз, – деп жазады.

Тағы бір қолданушы болса, десерттің сәтті шығуы үшін қауынның сапасы маңызды екенін айтады.

Ең бастысы – қауын өте тәтті болуы керек. Жақсылап мұздатыңыз, сонда нәтижесі керемет болады, – дейді ол.

Бұл десертті қарбыздан да жасауға болады

Қауыннан кейін дәл осы тәсілмен қарбыздан жасалатын десерт те танымал бола бастады. Оны дайындау үшін қарбызды алдын ала мұздатып, салқын кілегеймен бірге блендерде араластырсаңыз жеткілікті. Қарбыз жеткілікті тәтті болмаса, аздап қоюлатылған сүт немесе бал қосуға болады.

TikTok қолданушылары осы тәсілмен манго, банан, ананас, киви мен түрлі жидектерден де үй балмұздағын дайындап жүр.

Желі қолданушылары не дейді?

Жаңа рецепт әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік оны міндетті түрде жасап көргісі келетінін жазса, енді бірі нәтижесіне риза болған.

«Өте дәмді шықты», «нағыз балмұздаққа ұқсайды», «неге бұны бұрын байқамадым?» деген пікірлер көптеп кездеседі.

Дегенмен бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. Кейбір қолданушылар мұны кәдімгі шербетке ұқсатады.

«Бұл жаңа рецепт емес», «Қауынның сүтпен араласқан дәмі ғана», «Дайын балмұздақ сатып алған тиімдірек» деген пікірлер де жазылған.

Соған қарамастан, бұл десертке деген қызығушылық әлі де жоғары. Желіде күн сайын жаңа видеолар жарияланып, қолданушылар оны әртүрлі жеміс-жидекпен дайындап көріп жатыр.

Оқи отырыңыз