Коллаж: El.kz

TikTok көрерменін күймен баураған композитор кім?

05.07.2025 19:29 2489

Домбыра – қазақтың жаны. Осы киелі аспаптың үнімен тыңдарманның жүрегіне жол тауып жүрген домбырашы, композитор Жақсылық Мұхаметжанов бүгінде әлеуметтік желіде миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленіп жүр. Домбыра күні қарсаңында El.kz тілшісі өнер иесімен сұхбаттасып, оның шығармашылық жолына үңілген еді.

Домбырамен достық 12 жастан басталған

Жақсылық Мұхаметжанов Ақмола облысы, Ақкөл ауданында дүниеге келіп, сол жерде өскен. Домбыраны алғаш 12 жасында тарта бастаған.

 «Домбыра тартуды алғаш әкем үйретті. Кейін кәсіби бағытта Кеңес Дүйсекеевтің шәкірті болдым. Бұл – мен үшін үлкен мектеп. Қазір домбырадан бөлек, бірнеше аспапта ойнай аламын», — дейді ол.

Әлеуметтік желі – өнерін кең аудиторияға жеткізген алаң

Бүгінде Жақсылықтың Instagram жәнеTikTok желілеріндегі бейнежазбалары миллиондаған қаралым жинап жүр. Алайда бұл жол бір күнде келген жоқ.

 «Әлеуметтік желіге бет бұрғаныма үш жыл болды. Бәрі бір байқаудан басталды. Алғашында жай кавер жазбалар түсіріп жүрдім. Кейін бұл бағыт менің шығармашылығымды кеңейтуге мүмкіндік берді. Қазір авторлық шығармалармен айналыса бастадым. Қос композициям жарық көрді, негізінен лирикалық бағытта. Бірақ жұрт көбінесе “Адай” күйін сұрайды», — дейді ол.

Желіде алғашқы видеоларын қарапайым, бала күніндегі домбырамен түсірген. Сол жазбалар көпшіліктің көңілінен шыққан.

 «Алғашқы домбырамды әкем алып берген. Қазір қолымда кәсіби домбыра бар – бағасы 1 миллион 200 мың теңге. Бірақ бастапқы жетістікке жетелеген – сол бала күнгі қарапайым домбыра. Домбыра – мен үшін жай ғана аспап емес, ол арқылы адаммен сөйлесе аламын. Қазақты әлемге танытудың бір жолы осы – домбыра үнімен таныстыру», — дейді композитор.

“Қазақстаным” — алғашқы авторлық бейнебаян

Жақсылық Мұхаметжанов жақында өзінің алғашқы толық авторлық бейнебаянын көрерменге ұсынбақ. Композиция атауы – «Қазақстаным».

 «Бұл менің алғашқы бейнебаяным әрі алғашқы толық авторлық туындым. Әуені бұрыннан бар болатын, бірақ соңғы бір айда оны қайта өңдеп, домбырамен жаңаша оранжировка жасадым. Музыкасы да, өңдеуі де өз қолымнан шықты. Бейнебаян Астана күніне орай жарық көреді. Түсірілім Қазақстанның ең көрікті жерлерінде өтті», — дейді ол.

Ұлттық үнді заманауи форматта жеткізу — басты мақсат

Жақсылық Мұхаметжановтың айтуынша, әр күй – бір сыр, әр композиция – тыңдарманмен тілдесудің ерекше жолы. Домбыра соның басты құралы.

 «Домбыра – қазақтың үнін жеткізетін аспап. Онымен жаныңды да, ойыңды да айтуға болады. Менің мақсатым – осы үнді заман талабына сай жеткізіп, кең аудиторияға ұсыну», — дейді ол.

Домбыра күні қарсаңында ұлттық өнерді насихаттап жүрген өнер иесінің шығармашылығына сәттілік тілейміз. Оның туындылары алдағы уақытта да талай тыңдарманның жүрегінен орын алары анық.