Жаңалықтар

Тігіншілікпен айына миллион теңге табуға болады

Тігіншілікпен айына миллион теңге табуға болады
Фото: Жеке мұрағаттан 25.05.2023 18:55 1527

Жаз мезгілінде той маусымы басталып, қыз-келіншектер қауымы жақындарының қуанышы үшін ерекше стильдегі көйлек сатып алуы үшін барын салады. Дүкендер мен базардағы көйлектердің орташа бағасы 50 мың теңгеден басталады. Орта жастағы әйелдер трендтегі сәннен қалмай, қымбат матадан көйлектер кигенді ұнатады. Ал ондай киімді кемі 100 мың теңгеге дейінгі бағада сатып алуға тура келеді.

Дегенмен, соңғы уақытта дайын көйлекті сатып алушыларға қарағанда оны өз денесі мен мүсініне лайықтап тіктіріп киетіндер көбейген. Жанат ханымның айтуынша, 25 жастан асқан және 55 жасқа дейінгі қыз-келіншектер қауымы көйлек тіктіргенді құп көреді екен.

Тігінші Жанат Асанқызының бұл кәсіппен айналысқанына 26 жыл уақыттың жүзі болды. Осыншама жыл ішінде ол әртүрлі ұлттық киімдер мен той көйлектерін тіккен.

Тігіншілікті 1997 жылы бастадым. Содан бері 26 жыл бойы осы салада жұмыс істеп жүрмін. Қандай тапсырыс болсын таңдамай, барлық үлгідегі көйлекті тапсырыс берушінің өзі қалағандай етіп тігіп шығамын, - дейді Жанат ханым.

Тігіншілікпен айына миллион теңге табуға болады

Ол тігіншілікті бастаған уақытта алғашқы жалақысы 10-15 мың теңге болса, бүгінгі таңда 400 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін табыс табады екен.

Қазіргі уақытта дүкендерде дайын көйлектер көп. Әркім өзінің қалтасы көтергеніне қарап киінеді. Арзаны бар, қымбаты бар. Ең тиімдісі дегеннен гөрі, менің ойымша, тіктірген кезде қыз-келіншектер өзінің ойында жүрген дизайнына мән береді. Өзіне ұнайтын матаны да арнайы таңдайды. Дүкеннен алған көйлекті басқалары да киіп жүретіндіктен көпшілігі өзіне арнайы киім тіктіргенді жөн көреді. Тиімдісі сол деп ойлаймын. Біріншіден, ешкімде жоқ киім кисе, екіншіден бағасы да тиімді болады. Базардан не дүкеннен өзінің бойы мен салмағынан дәл келетін киімді таба алмайтындарға да тіктірген ыңғайлы болады, - деп атап өтті Жанат Асанқызы.

Ол тіккен ең қымбат көйлектің бағасы 250 мың теңге болған.

Қазір Жанат ханымның тігін шеберханасында тағы екі шебер жұмыс істейді. Олар мемлекеттік сатып алу бойынша арнайы тапсырыстар қабылдайды. Президент оркестірінен бастап әскери саладағы оркестрлердің киімін тіккен. Сонымен қатар, музыкалық мектептер және университеттерге де форма тіккен. Мемлекеттік тапсырыстарды уақытылы тігіп, сапалы орындайтындықтан мемлекеттік мекемелерден көптеген сұраныс түседі.

Мата іздеу аса қиын деп те,  оңай деп те айта алмаймын. Өкінішке қарай, отандық өнім, яғни маталар жоқ. Дәл қәзіргі нарықта Түркия,  Қытай маталарын қолданамыз. Табылмай жатқан маталар бар,  тек Түркиядан тапсырыспен алдыра аласың, - дейді Жанат ханым.

Тігіншілікті «Қазаққа керек 100 кәсіптің» ішіне кіргізуге болады. Үйінде бала бағып отырған қаншама әйел бос уақытында тігін мәшинесімен табыс тауып отыр. Жанат ханым тігінші болғысы келетін қыздарға кеңесімен бөлісті.

Тігінші болғысы келген қыздар осы салаға қызығып ғана қоймай, табандылық танытамын деп келсе екен. Табысты болудың ең ұтымды жолы -  өз ісіңе ғашық болу. Бұл маған берілген Алланың өнері. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние.  Сол үшін тігіншілікті әр ісін асқан ыждақаттылықпен орындап, сабырлық таныта білген, үйренуден жалықпайтын қыз ғана алып кете алады. Тігінші болсаң - өзіңе жақсы. Тұрмысқа керекті дүниені тігесің.  Өзің қалаған киімді тігіп киесің, - дейді Жанат Асанқызы.

Оның айтуынша, тігінші болу үшін,  икем,  қәбілет керек.  Қызықса әрине тігіп кетуі мүмкін. Бірақ ар жақына Алла бермесе ол өнерді қиын.

Қазір тігіншілер өте көп деуге болады.  Бірақ нарықта бізге бәсекелестік жоқ деп айта аламын. Себебі, біз кез келген дүниені тігеміз.  Бүкіл қандай тапсырыс болса бәрін тігеміз. Таңдамаймыз, - дейді ол.

Тігіншілікпен айына миллион теңге табуға болады

Оның айтуынша, тігіншілер көбінесе «ананы тіге аламын,  мынаны тіге алмаймын» деп таңдап жатады. Өзі тігінші болғанымен сол атқа сай емес, сапасыз қызмет көрсететіндер де барын жоққа шығармады.  Бұл кәсіпте тәжірибенің атқаратын маңызы зор. Қаншама жыл тер төксең, сонша жыл сенің машығың мен шеберлігің де дами түседі екен.

Тігіншілікке бет бұрғысы келетіндер үшін тігін машинасы барлық жағынан ыңғайлы болуы тиіс. Сондықтан, дүкенге барғанда, машинада қандай параметрлер болуы керектігінен хабардар болған дұрыс. Отбасына арналған қарапайым заттарды, төсек-орын жабындарын, перделерді тігу, киімдерді бүтіндеу үшін көптеген функциялары бар машинаны алудың қажеті шамалы. Әр түрлі құрылғылар функциялар жиынтығымен және басқару түрімен ерекшеленеді. Олар механикалық, электромеханикалық немесе компьютерлік болып бөлінеді.

Жапониялық Janome танымал брендінің тігін машиналарын алуға кеңес беремін. Фирма арзан бағамен жақсы тігін жабдықтарын шығарады. Бұл брендттің машиналары өз ісінің профессионалдары мен жаңадан бастаушыларға өте ыңғайлы. Одан кейін швейцариялық Elna өнімдері жаңадан бастаушыларға да, кәсіпқойларға да жарамды сапалы, басқаруға оңай, әмбебап құрылғылар шығарады. Параметрлер жиынтығы тым көп емес, бірақ керекті опцияларды қамтиды, - дейді Жанат Асанқызы.

Киімді келістіріп кию де өнер екені белгілі. Ендеше, әйел қауымының көңілінен шығып, еліміздегі тігіншілік өнердің дамуына үлес қосып жүрген Жанат Асанқызының жұмысына сәттілік тілейміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға