Жаңалықтар

Tesla жеңілді: Қытайлық автопром әлемді қалай жаулап жатыр?

Tesla жеңілді: Қытайлық автопром әлемді қалай жаулап жатыр?
Фото: © Pixabay.com 10.01.2024 18:00 532

Илон Масктың «Tesla» компаниясын білмейтіндер кемде-кем. Аталған компания тұтынушыларының сеніміне ие болып, көңілінен шыққан әлемдік авто брендтердің және электромобиль дайындауда алғашқы әрі нық қадам жасағандардың бірі. Дәл осы «Tesla-ның» арқасында сарқылмайтын энергиямен жүретін көліктер сәнге айнала бастады. Бұл компания тауарларының сатылымы жылдан жылға артып, рекордтық көрсеткіштерге жете бастады. Алайда, 2023 жылдың соңғы бөлігінде қытайлық автопром электромобиль өндірісі мен сатылымында «Tesla-ны» басып озды. Илон Масктың қобалжитындай жөні бар. Өйткені, Қытай электромобильдері нарықта АҚШ-тың өніміне жақсы бәсекелес болғалы тұр.

Статистикаға сүйенсек, электромобиль өндірісінде монополист атанған «Tesla» компаниясы былтыр 484 507 көлік құрастырып шығарса, өз кезегінде қытайлық «BYD» компаниясы сол уақыт ішінде 526 409 темір тұлпарды тұтынушыларға таратқан.

Аспан асты елі аз уақыт ішінде автоөнеркәсіп саласында қалай тез дамыды? Мұндай нәтиженің сыры неде? El.kz ақпараттық агенттігі осы сынды сұрақтардың жауабын тауып көрді.

Алдымен тарихтан бастау керек

2009 жыл Қытай электромобильдерінің дамуындағы басты кезең атанды. Сол уақытта ел президенті қызметін атқарған Ху Цзиньтао өзінің жыл сайынғы жалпы қытайлық консультативтік кеңесі отырысында: «жаңа энергетикалық көліктердің өндірісі біздің еліміздің әлеуетін көтереді» - деп мәлімдеді. Сол уақыттағы ел басының бұл сөзі электромобильдер өндірісі Қытайда ұлттық стратегияға айналғанын байқауға болады.

Қытай автомобиль өнеркәсібінде жаһандық көшбасшылыққа жетудің жолын табуға тырысты. 2000 жылдардың басында Қытайда автомобиль өнеркәсібі біртіндеп дами бастады. Бірақ, сол кезеңде аспан асты елінде өндірілген және сатылымда болған көліктердің басым көпшілігін шетелдік компаниялар іске асырды.

Tesla жеңілді: Қытайлық автопром әлемді қалай жаулап жатыр?
av.by

Қанша жерден қарыштап дамыса да, қытайлық автомобиль өндіруші компаниялар батыстық бәсекелестерінің инновациялық өніміне жете алмайтындай көрінді.

Алайда, 2001 жыл барлығын бастан аяқ өзгертті. Өйткені, сол жылы Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылып, мүшесі атанды. Бұл өз кезегінде оларға жаңа нарықтар ашып, сауда-саттық пен сапаның, тәжірбиенің артуына үлкен үлесін қосты.

Соның арқасында, 2001 жылы аспан асты елі электрокарлардың дамуын көздейтін «863 жобасын» ұлттық жоспарлау құжаты болып табылатын даму картасына енгізді.

Демеушілердің қолдауы

2001-2005 жылдары аралығында 863 жобасына 880 миллион юань (135 миллион доллар) инвестиция құйылды. Оған қоса, электромобильдің жаңа модельдерігің прототиптерін әзірлеу үшін өнеркәсіп орындары мен жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатты.

Айта кетейік, бесжылдық жоспар аясында 863 жобасы төрт қаладағы серіктестерінің алғашқы жұмыс тобын іске қосты. Олар: Пекин, Тяньцзинь, Ухань және Вейхай қалаларында орналасты.

Tesla жеңілді: Қытайлық автопром әлемді қалай жаулап жатыр?
av.by

2007 жылы даму және реформалар жөніндегі Ұлттық комиссия (ҚХР) жаңа энергия тасымалдаушылар нарығын басқару ережесін шығарды. Ол жаңа энергия тасымалдаушылар өнімдерін жаппай өндірудің шарттары мен өлшемдерін белгіледі.

Бұл ереже автокөлік өндірушілерге электромобильдерінің жаңа прототиптерін коммерцияландыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде, 2008 жылы болған Бейжің Олимпиадасында 500 отандық су жаңа электромобиль дүбірлі дода қарсаңында дебют жасады.

Иә, алғашқы өнімдер мінсіз болмағаны анық. Көп қателіктер болды. Алайда, Қытай басшылығы бұл олардың авто нарықта жасаған алғашқы нық қадамы екенін түсінді. Содан бастап, яғни 2008 жылдан кейін, Қытай стратегия орталығында жаңа энергия тасымалдаушылары бар әлемдік деңгейдегі автомобиль өнеркәсібін құруға білек сыбана кірісе кетті.

Үлкен соммадағы ақшалар

Tesla жеңілді: Қытайлық автопром әлемді қалай жаулап жатыр?
© Pixabay.com

Пилоттық бағдарламаларды жүзеге асыруды қолдау үшін мемлекеттен үлкен субсидиялар берілді. Бұл бағдарламаның ерекшелігі бұл -  алдағы жоспарды 10 жылға құруға мүмкіндік беріп, сол уақытқа дейін өнеркәсіп иесіне еркіндік берді. 2009-2016 жылдар аралығында Қытайдың орталық үкіметі энергияны көп қажет ететін жаңа көліктерге субсидия беруге кем дегенде 12,6 миллиард юань (1,9 миллиард АҚШ доллары) жұмсады.

Электромобиль өндіруші компанияларға тағы да үлкен соммадағы қаржылай қолдау мен инвестиция тарту үшін жергілікті билік «он қала, мың қозғалыс құралы» атты реформалар қабылдады. Мұндағы мақсат – өндірістің қуаты мен күшін арттыру, нарықта тұрақты орынға ие болу болатын.

Соның арқасында, сарқылмайтын энергия көзімен жүретін қоғамдық көліктердің саны көбейді. Ал, бұл дегеніміз өз кезегінде аспан асты елінің дұрыс бағытта келе жатқанын айқын дәлелдеп берді. Өйткені, тауардың тұтынушылары бірінші ішкі нарықтан болуы керек екенін білесіздер.

Мысалы, сол реформалардың әсерінен Шэньчжэнь қаласы өз авто парктерінде 9000 қоғамдық көлікті сатып алуды жоспарлады. Өз кезегінде, халқы үшін Пекин 5000, Шанхай 4150, Гуанчжоу қаласы 2600 отандық электро қоғамдық көліктерді өз автопарктеріне орналастыруды ойлады. Бұл әрине, үлкен инвестиция мен алға қойылған дұрыс жоспардың жемісі болатын.

Қателіктер

Алайда, таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпау қажет. Көп инвестиция тартып, өндіріске өң берген бағдарламаның ақыры өкінішпен аяқталды. Себебі, 2011 жылдың соңына қарай 25 қалада толық орындалады деп күтілген автопаркке қойған мақсат тек 40%-ға ғана орындалды.

Жоспардан артта қалған өндіріс 2012 жылдың соңында, тек жеті қалада ғана 1000 қоғамдық көлік санына қиындықпен жетті. Алдыға қойылған мақсат толығымен орындалмады.

Бірақ, аспан асты елінің өнертапқыштары бұнымен тоқтап қалуды жөн санамады. Қателіктерден сабақ алынды. Жаңа энергияны көп қажет ететін көліктердің модельдік желілерінде шектеулер пайда болды.

Жаңа мақсат

2009-2012 жылдардағы алынған сабақ Қытайдың мақсаттарын нақтылауға көмектесті. Көшбасшылар энергияны үнемдейтін жаңа көліктердің барлық кейінгі саясаттарында BEVs, PHEVs және FCVs деп аталатын қосылатын кабельді электромобильдерге назар аударды. Бұл өз кезегінде қарапайым гибрид көліктердің өндірісін қысқартты.

2012 жылы Мемлекеттік кеңес энергияны үнемдейтін және электр энергиясымен қозғалатын көлік құралдарын дамыту жоспарын жариялады (2012-2020). Ол 2015 жылға қарай жыл сайын 500 000 қосылатын кабельді электромобильдерді өндіру мен сатуды жоспарлаған жоба болатын. Олардың есебінше, 2020 жылға қарай өндіріс көлемін 2 миллионға дейін ұлғайтуды және 2020 жылдың соңына қарай жаңа энергияны үнемдейтін көліктердің жалпы санын 5 миллионға дейін ұлғайтуды көздеді.

Жоспарды жүзеге асыруды қолдау үшін қосымша 4 миллиард юань арнайы қаржыландыру бөлінді және энергияны үнемдейтін көліктердің жаңа үлгілері мен негізгі бөлшектерін әзірлеуге баса назар аударылды.

Жіберген қателіктен сабақ алып, үнемі дамудың жолын таңдаған Қытай әлсін-әлсін, жылдан-жылға көлік нарығына өзінің тауарларын ұсына бастады. Тұтынушыларын сапалы тауарлармен қуанта бастады. Осылайша, керемет құрылған жоспар, алдыға қойылған нақты мақсат, қателіктерден алынған сабақ пен тынымсыз еңбектің арқасында аспан асты елі бүгінде автопромды жаулауды бастады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға