Жаңалықтар

Теміржолдан өту ережесін бұзған 34 мыңнан аса адам жауапқа тартылды

9 айда еліміз бойынша 72 азамат пойыз астына түскен
Теміржолдан өту ережесін бұзған 34 мыңнан аса адам жауапқа тартылды
Фото: polisia.kz 05.10.2022 15:45 1733
Жыл басынан бері белгіленбеген жерлерде теміржолды кесіп өткені үшін 34 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Осы жылдың басынан бері белгіленбеген орындарда темір жолдарды кесіп өткені үшін көлік полицейлері 34 019 азаматты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Шұғыл тежеу фактілері де азаяр емес. Осы уақыт ішінде бұл бойынша 1618 факт тіркелді, оның 308-і теміржол бойында адамдардың болуымен, ал 1140-ы малдың жайылуына байланысты болған. Нәтижесінде 1066 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Сондай-ақ, 9 айда еліміз бойынша 72 азамат пойыз астына түскен, олардың жартысынан көбі көз жұмған. Соның ішінде 10 факт бойынша балалар зардап шекті. Өкінішке орай, оның 8-і қайтыс болды. Айталық, 3 қазанда Алматы облысының Шамалған станциясында Алматы – Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызы белгіленбеген жерде темір жолдан өтіп бара жатқан ер адамды қағып кеткен, азамат алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. 

Аталған факті бойынша Алматы-1 станциясындағы Желілік полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің айтуынша, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері азаматтардың белгіленбеген жерлерде темір жолдарды кесіп өтуі. 

Әлі күнге дейін адамдар теміржолдың қаншалықты қауіпті аймақ екендігін, оның зардаптарын жете түсінбейді. Пойыздардың адамдарды жиі қағып кету фактілері мына станцияларда тіркелген: Алматы-1 – 11, Шымкент – 7, Ақтөбе – 6 және Қарағанды-Сұрыптау және Тараз станцияларында 5 факт. Сондай-ақ, ол департамент қызметкерлерінің халыққа түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізетіндігін айтты. 

Мәселен, тәртіп сақшылары жыл басынан бері 998 тұрғындармен кесдесу, 951 жолаушылар пойыздарында кездесу, 1427 оқу орындарында дәріс өткізген. Профилактикалық іс-шаралар барысында қатысушыларға темір жол объектілерінде болған кезде негізгі қауіпсіздік ережелері мұқият жеткізілген. 

Көлік полициясы азаматтарға теміржолда мұқият болу керектігін тағы да ескертеді. Теміржолдарды арнайы жабдықталған жерлерден ғана өту керек. Жаяу жүргіншілердің төсем арқылы өтпес бұрын темір жолда пойыздың, локомотивтің немесе вагондардың жоқтығына әбден көз жеткізгендері жөн.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға