Жаңалықтар

Теміртаулық оқушы мектепте жарылғыш зат орнатылды деп хабар таратқан

Бұл туралы Polisia.kz мәлім етті
Теміртаулық оқушы мектепте жарылғыш зат орнатылды деп хабар таратқан
Фото: polisia.kz 14.12.2022 19:49 847

Теміртауда оқушы сабақтан үйіне ерте қайту үшін мектепте жарылғыш зат орнатылды деп хабарлаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

14 желтоқсан күні сағат 13.00 шамасында Қарағанды облысы Теміртау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасына белгісіз баланың дауысында біреу хабарласып, 20 мектепті және онда бар барлық адамдарды жарамын деп мәлімдеген. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің жедел кезекшісі оқиға орнына саперлер мен барлық жедел қызметтерді жіберді.

Полиция қызметкерлері мектептен барлығы 500 адамды, яғни мұғалімдер мен оқушыларды эвакуциялады. Сондай-ақ мектептің айналасын полиция қызметкерлері қоршауға алды.

Білім беру мекемесіне жүргізілген тексеру жұмыстары барысында оның ішінен ешқандай жарылғыш зат анықталған жоқ. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабына (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.

Теміртау қалалық Полиция басқармасы экстремизмге қарсы күрес бөлімі қызмектерлері жүргізген кешенді іс-шаралар барысында сол мектепте оқитын 12 жастағы оқушы анықталды. Ол үйіне ерте кету үшін мектепте жарылғыш зат бар деп хабарлағанын түсіндірді.

Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi (бүгiнде – 14,5 миллион теңге) айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сондай-ақ шектеуге немесе бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, сондықтан мұны мектеп оқушылары да есте ұстауы керек.

Сонымен қатар сот шешімі негізінде мұндай хабарламадан келтірілген шығындар мен барлық шығын өтелуге жатады. Егер мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаса, онда келтірілген зиянды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға