Жаңалықтар

Темірден түйін түйген шебер

21.05.2025 14:09 565
Темірден түйін түйген шебер

Меркілік Ғалымжан Сүгіралиев – болаттан бұйым жасап, шәкірт тәрбиелеген шебер. Жамбыл облысы, Меркі ауданында тұратын Ғалымжан Сүгіралиев – аты көпке таныс болмаса да, қолынан шыққан еңбегі елдің игілігіне жарап жатқан еңбек адамы.

Жасы алпыстан асса да, темірмен тілдескен ұста бүгінде де шеберханада шәкірт тәрбиелеп, қолдан бұйым жасап, тоқтамастан тірлік етіп келеді.

Темірге жан бітіру – жүрек ісі

Ғалымжан ақсақал – темірден түйін түйген ұста ғана емес, ұстаз, өнертапқыш әрі еңбек адамы. Бүгінде ол Меркі ауданындағы №9 кәсіптік колледжде ұстаздық етіп, болашақ дәнекерлеушілер мен токарь мамандарын дайындап жүр.

Ол бұл кәсіпке жиырма жасында келген. Жастайынан темірге икемі болған шебер:

Темірден қорқудың қажеті жоқ. Оны құр бұйым, салмақты зат деп емес, тірі зат секілді қабылдау керек. Әр бөлшегінде логика бар, әр сызығында заңдылық жатыр. Темірмен жұмыс істеу – адаммен сөйлескенмен бірдей: сабыр керек, сезім керек, түсінік керек. Егер оны құр күшпен емес, жүрекпен сезініп, зейінмен зерделесең – онда темірдің де жаны барын ұғасың. Бұл да кітап секілді: үстірт қарасаң – темір, ал терең оқысаң – өнер. Бөлшектің формасын, салмағын, өзара байланысын түсінсең, ең күрделі дүниені де жасап шығара аласың. Сондықтан шынайы шеберлік – қолдың ғана емес, жүректің де жұмысы, – дейді .

Темірге тек құрал ретінде емес, тірі ағза секілді қарайтын шебердің көзқарасы – кез келген маман иесіне үлгі. Қарапайым құралдарды жаңғыртып, болатты иіп, ойдан жүйе құрап, жаңа дүние жасау – бұл Ғалымжан ақсақал үшін күнделікті тірлік қана емес, өмірлік миссия.

Шәкірт тәрбиелеу – шебердің парызы

Қолөнер мен техникалық білім қатар жүрген жерде нәтиже де, табыс та болады. Бүгінде Ғалымжан Сүгіралиев өз ауласынан шағын шеберхана ашып, сол жерде шәкірт тәрбиелеп келеді. Колледж студенттері шеберден тек қолөнер үйреніп қана қоймай, өмір мектебінен де тағылым алады.

Темірден түйін түйген шебер

El.kz/Лаура Рысбек

3-курс студенті Байрам Байрамов ұстазының еңбекке деген ықыласына таңғалады:

Біз бұл жерде тек теориямен шектелмейміз. Ұстазымыз бізге темірдің табиғатын іс жүзінде танып-білуге жол ашып отыр. Қолға құрал алып, нақты бұйым жасап көру – мүлде басқа тәжірибе. Темірдің қасиетін, оның қалай иілетінін, қай бөлшектің қандай рөл атқаратынын күнделікті тәжірибе арқылы меңгерудеміз. Әр сабақта ұстазымыз өз білгенін аянбай үйретеді. Одан тәлім алу – біз үшін зор мақтаныш әрі үлкен мүмкіндік, – дейді шәкірті .

Ғалымжан ұстаз шәкірттеріне бірінші кезекте темірді түсінуді үйретеді. Себебі кез келген құрал, кез келген құрылғы – өз заңдылығымен жұмыс істейді. Ал сол заңдылықты түсіну үшін жан-жақты білім мен тәжірибе қажет.

Ескі темірден – жаңа бұйым

Ғалымжан Сүгіралиев – шебер ғана емес, өнертапқыш. Ол ескі, жарамсыз болып көрінетін темірді қайта тірілтеді. Бірде ескі тракторды жөндеп, енді бірде егістікке арналған елек жасап шығарады. Қызығы – бұл құрылғының қозғалтқышы кір жуатын машинаның моторынан құралған.

Темірдің пайдасы – шебердің көзқарасына байланысты. Біреу оны сынық деп тастайды, ал біреу – сол сынықтан құрылғы жасап шығады. Мәселе – темірде емес, оны көре білуде. Дұрыс қолдансаң, әр темір – табыс, – дейді шебер.

Қазір ол құстың қанатын қомдағандай ашылып-жабылатын трансформациялық шатыр жобасын жасап жатыр. Бұл – шебердің ерекше идеясы. Мұндай шатыр ауылдық жерлерде, бақшалар мен жазғы демалыс орындарында таптырмас құрал болмақ. Әрі ыңғайлы, әрі үнемді.

Темірден түйін түйген шебер

El.kz/Лаура Рысбек

Ғалымжан Сүгіралиев – заманауи технологиялармен жұмыс істесе де, қазақы болмысынан айнымаған адам. Оның қолынан шыққан әр туынды – тек темір мен құралдың қосындысы емес, шынайы шеберліктің, өмірге деген сүйіспеншіліктің көрінісі.

Қазақта «Темірді қызған кезде соқ» деген даналық бекер айтылмаған. Ғалымжан ақсақал – сол даналықты іс жүзінде дәлелдеп келе жатқан ұста. Ол үшін бұл кәсіп – жай ғана жұмыс емес, жүрек қалауы.

Адам баласы өмір бойы үйренумен қатар, үйретуге де жауапты. Мен үшін жинаған тәжірибемді жастарға жеткізу – борыш, парыз, аманат. Шәкірттерімнің қолына құрал ұстап, шеберлікті меңгеріп, осы кәсіпті сүйіп жалғастырып кеткенін қалаймын. Олар ертең менің жолымды жалғастырып, өз соқпағын табарына сенемін. Өйткені нағыз еңбектің дәмін татқан жан ғана биіктен көрінеді, – дейді Ғалымжан ақсақал.

Ел ішіндегі осындай қарапайым еңбек адамдары – шын мәнінде қоғамның арқауы. Олар дабыра қумай-ақ, күн сайын өз ісімен үлгі болып жүр. Ғалымжан Сүгіралиев сынды темірді иіп, өмірге нәр беріп жүрген шеберлер – техникалық білім беру саласының да, ұлттық құндылықтың да жанашыры.

Осындай жандардың еңбегін елеп, оларды жас буынға үлгі ету – баршамыздың міндетіміз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға