Қазір адамдар бұрынғыдай телефон арқылы ұзақ сөйлеспейді. Қоңырау шалудан гөрі хабарлама жазуды жөн көреді. Тіпті дауыстық хабарлама жіберудің өзі кей жағдайда әдепсіздік ретінде қабылданады. Цифрлық технологиялар адамның қарым-қатынас мәдениетін қалай өзгертті?
Технологияның өзгеруі адамның қарым-қатынас мәдениетіне де әсер етті. Бүгінде кей адамдар бейтаныс нөмірден келген қоңырауға жауап беруге қиналады, хабарлама соңындағы нүктені суықтық немесе реніш ретінде қабылдайды. Ал дауыстық және бейне хабарламалар кей жағдайда ыңғайлы болғанымен, бәріне бірдей ұнай бермейді.
Үй телефондары неге жоғалды?
Үй телефонының қолданыстан шығуына бірнеше фактор әсер етті. Соның бірі – адамдардың мобильді өмір салты. Қазір телефонды үйдің бір жеріне қойып кетудің қажеті жоқ, адам оны үнемі өзімен бірге алып жүреді.
Қалалардың өсуі, адамдардың жиі қоныс аударуы және жұмыс пен жеке өмірдің мобильді форматқа көшуі де байланыс тәсілін өзгертті. Смартфон бір мезетте телефон, күнделік, камера, карта, банк және хабар алмасу құралына айналды.
Бұрын телефон нөмірін есте сақтау немесе маңызды ақпаратты қағазға жазып алу қалыпты жағдай болса, қазір көп ақпарат цифрлық түрде сақталады. Сондықтан стационарлық телефонның күнделікті қажеттілігі біртіндеп азайды.
Сөйлесуден қорқады
Соңғы жылдары «телефонофобия» термині жиі қолданыла бастады. Ол адамның телефон арқылы сөйлесуден, әсіресе қоңырауға жауап беруден немесе өзі қоңырау шалудан мазасыздануын сипаттайды.
Мұндай жағдайда адамның мәселесі телефонның өзінде емес, қоңырау кезінде бірден жауап беру қажеттілігінде болуы мүмкін. Хабарлама жазғанда адам ойын жинақтап, сөзін түзеп, жауапты өзіне ыңғайлы уақытта жібере алады. Ал телефондағы әңгімеде жауап бірден берілуі керек.
Бейтаныс нөмірден келген қоңырау бұл сезімді күшейтуі мүмкін. Адам қоңыраудың мақсатын білмейді, сондықтан «кім хабарласып тұр?», «не сұрайды?», «қалай жауап беремін?» деген сұрақтар туындайды.
Осы себепті кейбір адамдар қоңырауды қабылдамай, кейін мессенджер арқылы «Не болды?» деп жазуды жөн көреді.
Телефон арқылы сөйлесу – синхронды қарым-қатынас. Яғни екі адам бір уақытта байланыста болуы керек. Бір адамның сөзі екіншісіне бірден жетеді және жауап та сол сәтте беріледі.
Ал чат – асинхронды қарым-қатынасқа жақын. Хабарламаны бірден оқымауға, жауапты кейін беруге болады. Бұл адамға өз уақытын жоспарлауға және жеке шекарасын сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ауызша және жазбаша тілдің қабылдануы да әртүрлі. Ауызша сөйлесуде дауыс ырғағы, эмоция, кідіріс сияқты белгілер маңызды рөл атқарады. Ал мәтінде мұндай белгілер болмағандықтан, адамдар қысқа сөйлемдерді немесе тыныс белгілерін өзінше түсіндіруі мүмкін.
Смайликтер жеке бір тілге айналды
Мессенджерлер адамның жазу мәнеріне деген көзқарасын да өзгертті. Бұрын сөйлем соңына нүкте қою қалыпты грамматикалық ереже болса, чатта оның қабылдануы өзгеше болуы мүмкін.
Мысалы, «Жақсы.» деген хабарлама бір адамға бейтарап көрінсе, екінші адам оны реніш немесе суық жауап ретінде қабылдауы ықтимал. Ал «Жақсы)» деген нұсқа жылырақ әсер қалдыруы мүмкін.
Смайликтердің өзі де жеке бір тілге айналды. Алайда олардың мағынасы да контекстке байланысты өзгеріп отырады. Бұрын жақша немесе күлімсіреген белгі достық ниетті білдірсе, қазір олардың қолданылуы адамның жасына, ортасына және қарым-қатынас стиліне қарай әртүрлі қабылданады.
Бұл – жазбаша коммуникацияда дауыс ырғағы мен бет әлпеті сияқты қосымша белгілердің болмауынан туындайтын құбылыс.
Дауыстық хабарламалар неге бәріне ұнай бермейді?
Дауыстық хабарлама уақытты үнемдейтіндей көрінеді. Ұзақ мәтінді тергеннен гөрі, телефонға сөйлеп, хабарламаны жібере салу оңай.
Алайда оны қабылдайтын адам үшін жағдай керісінше болуы мүмкін. Дауыстық хабарламаны мәтін сияқты бірден көз жүгіртіп оқып шығу мүмкін емес. Оны тыңдау үшін уақыт бөліп, дыбысты қосу қажет.
Тағы бір мәселе – қажетті ақпаратты кейін іздеу. Мәтіндік хабарламада белгілі бір сөзді іздеу арқылы керек ақпаратты бірнеше секундта табуға болады. Ал дауыстық хабарламадағы нақты мәліметті табу үшін аудионы қайта тыңдауға тура келеді.
Мысалы, біреу мекенжайды, телефон нөмірін немесе белгілі бір уақытты дауыстық хабарлама арқылы айтса, оны кейін қайта іздеу қолайсыз.
Сондықтан дауыстық хабарламаны жіберуші үшін ыңғайлы формат қабылдаушы үшін міндетті түрде ыңғайлы бола бермейді.
Ал бейнехабарламалар ше?
Бейнехабарламалар да осыған ұқсас. Бір жағынан, адамның дауысын естіп, жүзін көру ақпаратты эмоциялық тұрғыдан жақсы жеткізуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, мұндай хабарламаны қабылдаушы кез келген жерде көре алмайды.
Адам қоғамдық көлікте, жұмыста, жиналыста немесе басқа адамдардың ортасында болуы мүмкін. Мәтінді дыбыссыз оқуға болады, ал бейне немесе аудионы қабылдау үшін арнайы жағдай қажет.
Сондықтан іскерлік коммуникацияда қысқа әрі нақты мәтін көп жағдайда ыңғайлы формат болып саналады.