Қытайға билет алып, қонақүйді брондап, төлқұжатты қолға алсаңыз – сапарға толық дайынмын деуге асықпаңыз. 15 қыркүйектен бастап Қытайда шетелдіктердің елге кіруі мен шығуына қатысты жаңа ереже күшіне енеді. Қазақстандықтар үшін визасыз режим сақталады. Алайда шекарада сапар мақсаты мен ұсынылған мәліметтердің шынайылығына ерекше мән беріледі.
Жаңа тәртіпті Қытай Мемлекеттік кеңесі бекітті. Құжат 2026 жылғы 22 шілдеде қабылданып, 15 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі. Ереже елге кіретін және шығатын адамдарды тексеру тәртібін, шектеу шараларын және көші-қон саласындағы басқа да мәселелерді нақтылайды. Бірақ қарапайым қазақстандық турист үшін бұл нені білдіреді?
Шекарада төлқұжат тексерумен ғана шектелмеуі мүмкін
Жаңа ереженің назар аударарлық тұстарының бірі – көші-қон және виза органдары адамның кім екенін және сапарының мақсатын тексерген кезде қосымша ақпарат сұрай алады. Құжатта қызметкерлердің жолаушыдан қажетті құжаттарды, материалдарды және электронды деректерді көрсетуді немесе ұсынуды талап ете алатыны жазылған. Ал шекарадан өтуші адам мұндай тексеруге көмектесуге міндетті.
Айта кетерлігі, бұл жерде бір маңызды жайт бар. Ережеде электронды деректер сұратылуы мүмкін екені көрсетілгенімен, әрбір туристің телефоны міндетті түрде тексеріледі деген талап жоқ. Сондықтан бұл норманы «15 қыркүйектен бастап Қытай шекарасында барлығының телефонын қарайды» деп түсіндіру дұрыс емес.
Ең басты талап басқа – адамның Қытайға не үшін келгені туралы айтқан ақпараты шынайы және заңды болуы керек. Мәселен, турист ретінде келген адам сапарының мақсаты туралы сұраққа жауап беруге және қажет болған жағдайда оны растайтын мәлімет ұсынуға дайын болғаны жөн.
Ал жалған мәлімет берсе не болады?
Жаңа ереженің ең қатаң тұсы осы. Қытайға кіру кезінде немесе Қытай визасын шетелде рәсімдеу барысында шетелдік жалған құжат ұсынса немесе жалған мәлімет берсе, көші-қон және виза органдары оның елге кіруіне 1 жылдан 5 жылға дейін тыйым сала алады. Мұндай шектеу шекара тәртібіне байланысты белгілі бір заң бұзушылық жасаған адамдарға да қарастырылған. Демек, «туристпін» деп кіріп, шын мәнінде визасыз режим рұқсат етпейтін мақсатпен келу немесе шекара қызметкеріне әдейі жалған мәлімет айту елеулі салдарға әкелуі мүмкін.
Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим өзгере ме?
Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим 2023 жылғы 10 қарашадан бері қолданыста. Екі ел арасындағы келісім бойынша қазақстандықтар Қытайға жеке шаруамен, туристік, емделу, халықаралық тасымал, транзиттік және іскерлік мақсатпен визасыз бара алады. Яғни Қазақстан азаматтарына Қытайға бару үшін қайтадан виза алу керек емес. Бір сапар кезінде Қытайда 30 күнге дейін визасыз болуға рұқсат етіледі. Бірақ әр 180 күн ішінде елде өткізген уақыттың жалпы ұзақтығы 90 күннен аспауы тиіс.
Мұнда көпшілік ескере бермейтін тағы бір шектеу бар. Визасыз режим Қытайда жұмыс істеуге, оқуға немесе миссионерлік қызметпен айналысуға құқық бермейді. Егер елде 30 күннен артық қалу қажет болса, тиісті санаттағы визаны алдын ала рәсімдеу керек.
Гонконг пен Макаоға қатысты тәртіп бөлек
Қытайға сапар жоспарлағанда тағы бір білуге тиіс ерекшелік бар. Қазақстан мен Қытай арасындағы негізгі визасыз келісім Гонконг пен Макао арнайы әкімшілік аудандарына қолданылмайды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінде Қазақстан азаматтарының Гонконгта визасыз 14 күнге дейін бола алатыны, ал Макаоға бару үшін виза қажет екені көрсетілген. Сондықтан бір сапар аясында Қытайдың материктік бөлігімен қатар Гонконг немесе Макаоға баруды жоспарлаған турист олардың кіру тәртібін бөлек тексергені дұрыс.
15 қыркүйектен кейін Қытайға барарда нені ескерген жөн?
Жаңа ережеден қазақстандық турист үшін шығатын негізгі қорытындыласақ, визасыз режим сақталады, бірақ сапар мақсаты туралы мәліметке салғырт қарамауы керек. Жолға шығар алдында төлқұжаттың жарамдылығын тексеріп, сапарға қатысты құжаттар мен мәліметтерді қолжетімді жерде ұстаған дұрыс. Егер қонақүй броні, кері билет немесе шақырту бар болса, оларды қажет болған жағдайда көрсете алатындай дайындап қойған жөн. Ең маңыздысы – шекарада сапардың нақты мақсатын айту. Өйткені 15 қыркүйектен бастап күшіне енетін ережеде жалған құжат пен жалған мәлімет үшін салдары нақты көрсетілген.
Бұған дейін QazETA жүйесінде өзгеріс болып, шетелдіктер Қазақстанға кіру үшін ақша төлей ме? деген сұраққа жауап берген едік.