Тегін пломба, рентген және тіс жұлдыру: МӘМС арқылы кімдер емделе алады

Тегін пломба, рентген және тіс жұлдыру: МӘМС арқылы кімдер емделе алады
Фото: El.kz

МӘМС жүйесінде стоматологиялық қызметтердің бір бөлігі тегін көрсетіледі. Алайда бұл мүмкіндік сақтандырылған азаматтардың барлығына бірдей қолжетімді емес. Кімдер пломбаны, тіс жұлдыруды немесе рентгенді тегін жасата алады, ал қандай қызметтер үшін ақы төлеуге тура келетіне тоқталайық.

Жоспарлы стоматологиялық көмекті кімдер тегін алады?

Денсаулық сақтау министрлігінің Tengri Health басылымына берген мәліметінше, жоспарлы стоматологиялық көмек екі санаттағы азаматтарға тегін көрсетіледі:

  • 18 жасқа дейінгі балаларға;
  • жүкті әйелдерге.

Жоспарлы стоматологиялық көмек адамның өміріне қауіп төнбейтін, шұғыл емдеуді қажет етпейтін жағдайда көрсетіледі. Оған кариесті емдеу, ауырмай тұрған тісті жұлу және алдын ала жоспарланған басқа да ем түрлері кіреді.

Жоспарлы стоматологиялық көмек аясында:

  • стоматологтың тексеруі;
  • жансыздандыру;
  • тіс немесе жақ сүйегінің рентгені;
  • зақымданған тіс тіндерін өңдеу;
  • пломба қою;
  • тісті қарапайым немесе күрделі жолмен жұлу қызметтері көрсетілуі мүмкін.

Медициналық көрсетілім болған жағдайда пульпитті емдеп, кейін пломба қою да тегін жүргізіледі.

Бұл қызметтерді алу үшін емхана немесе жеке клиника Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен стоматологиялық қызмет көрсету бойынша келісімшарт жасаған болуы керек.

Фото: El.kz/архив
Фото: El.kz/архив

Ересектер кариесті МӘМС арқылы тегін емдете ала ма?

Егер ересек адам жеңілдік берілген санатқа жатпаса, кариесті жоспарлы түрде МӘМС аясында тегін емдете алмайды.

Яғни қарапайым ересек адамның тісі ауырып тұрмаса немесе шұғыл жағдай болмаса, ол емханада кариесті тегін емдете алмайды. Өйткені жоспарлы стоматологиялық көмек тек балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі.

Шұғыл стоматологиялық көмек кімдерге көрсетіледі?

Жоспарлы еммен салыстырғанда, шұғыл стоматологиялық көмек көрсетілетін азаматтар саны көбірек.

Оған:

  • 18 жасқа дейінгі балалар;
  • жүкті әйелдер;
  • Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері;
  • мүгедектігі бар адамдар;
  • жасына байланысты зейнеткерлер;
  • атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері;
  • жұқпалы және әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтар жатады.

Мұндай аурулардың қатарына туберкулез, АИТВ, В және С вирустық гепатиттері және басқа да диагноздар кіреді.

Шұғыл көмек қатты ауырсыну, жарақат, қабыну немесе созылмалы ауру асқынған кезде көрсетіледі. Бұл жағдайлар адамның өміріне тікелей қауіп төндірмеуі мүмкін, бірақ емді кейінге қалдыруға болмайды.

Фото: El.kz/архив
Фото: El.kz/архив

Қандай жағдайда тегін шұғыл ем көрсетіледі?

Шұғыл стоматологиялық көмек мынадай жағдайларда көрсетіледі:

  • жедел пульпит немесе созылмалы пульпиттің асқынуы;
  • жедел периодонтит немесе оның асқынуы;
  • тіс пен жақ-бет аймағының жарақаты;
  • жедел стоматит;
  • тіс жұлғаннан кейінгі ұяның қабынуы;
  • абсцесс;
  • флегмона;
  • фурункул немесе карбункул;
  • остеомиелит;
  • жақ-бет аймағындағы басқа да қабыну аурулары;
  • операцияны немесе стационарлық емді қажет ететін жағдайлар.

Шұғыл көмек аясында пациентке жансыздандыру жасалып, рентген түсірілуі, тіс жұлу, абсцесті ашу, іріңді шығару үшін тілік жасау, пломба қою және қабынған тісті емдеу қызметтері көрсетіледі.

Алайда тістің қатты ауырғаны кез келген адамға тегін ем көрсетіледі дегенді білдірмейді. Пациент Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен санаттардың біріне жатуы тиіс.

Фото: El.kz/архив
Фото: El.kz/архив

Пломбаны тегін қоюға бола ма?

Кей жағдайда пломба қою қызметі тегін көрсетіледі. Балалар мен жүкті әйелдерге жоспарлы ем кезінде химиялық жолмен қататын композитті материалдан пломба қойылады.

Пломба пульпитті емдеу немесе шұғыл стоматологиялық көмек көрсету кезінде де қойылуы мүмкін. Мұндай жағдайда емнің қажеттілігін дәрігер анықтайды.

Сонымен қатар пациент МӘМС аясында тегін ұсынылмайтын басқа материалды немесе пломба түрін таңдаса, клиника оның ақысын бөлек есептей алады.

Химиялық жолмен қататын композит – екі компонент араласқаннан кейін химиялық реакция нәтижесінде өздігінен қататын пломбалық материал. Оны қатайту үшін арнайы жарық шамы қажет емес.

Тісті протездеу МӘМС аясында жүргізіле ме?

Қарапайым тіс протездеу жоспарлы тегін стоматологиялық көмекке кірмейді.

Яғни тәж, көпір, алынбалы протез және жоғалған тістерді қалпына келтіруге арналған басқа да ортопедиялық конструкциялар негізінен ақылы жасалады.

Кейбір әлеуметтік санаттағы азаматтарға жергілікті бюджет есебінен қосымша көмек көрсетілуі мүмкін. Алайда бұл протездеу барлық сақтандырылған азаматқа тегін дегенді білдірмейді.

Фото: El.kz/архив
Фото: El.kz/архив

Брекет пен элайнер тегін қойыла ма?

Көп жағдайда ортодонтиялық ем МӘМС есебінен қаржыландырылмайды.

Брекет, элайнер және тістесуді түзетуге арналған басқа да құрылғылар ақылы түрде орнатылады.

Тек кейбір санаттағы балаларға ерекшелік қарастырылған. Олар:

  • жақ-бет аймағында туа біткен ақауы бар балалар;
  • денсаулығына байланысты емдеуді қажет ететін аз қамтылған отбасылардың балалары.

Яғни тісті түзетуге деген адамның қалауы ғана жеткіліксіз. Дәрігер диагноз қойып, нақты медициналық көрсетілімді растауы қажет.

Тегін тіс емдеуге шектеу бар ма?

Заңнамада бір жылда немесе бір айда қанша рет стоматологқа тегін қаралуға болатыны жөнінде арнайы шектеу белгіленбеген.

Мысалы, пациент жылына тек бір рет пломба қойдыра алады деген талап жоқ.

Алайда бұл кез келген қызметті қалаған уақытта тегін алуға болады дегенді білдірмейді. Әрбір емнің қажеттілігін дәрігер анықтайды. Сонымен қатар көрсетілетін қызмет МӘМС немесе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясындағы тізімге кіруі керек.

Клиника қосымша ақы сұрай ала ма?

Егер стоматологиялық қызмет тегін көрсетілетін қызметтердің қатарына кірсе, клиника пациенттен қосымша ақы талап ете алмайды.

Медициналық ұйымға көрсетілген қызметтің ақысын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бекітілген тариф бойынша төлейді.

Қосымша ақы мынадай жағдайларда алынуы мүмкін:

  • пациент тегін пакетке кірмейтін қызметті таңдаса;
  • қымбат немесе қосымша материалды өз қалауымен пайдаланғысы келсе;
  • қосымша процедураға келіссе;
  • МӘМС аясындағы емнен бас тартып, ақылы қызметті таңдаса;
  • клиникамен ақылы медициналық қызмет көрсету туралы шарт жасаса.

Ем басталмас бұрын дәрігер немесе клиника өкілі пациентке қандай қызмет тегін көрсетілетінін, ал қайсысына ақы төлеу керектігін түсіндіруге міндетті.

Егер МӘМС аясында көрсетілуі тиіс қызмет үшін клиника ақша сұраса, пациент Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына шағымдана алады.

Фото: El.kz/архив
Фото: El.kz/архив

Жеке стоматологияда тегін емделуге бола ма?

Тегін стоматологиялық көмекті тек мемлекеттік емханадан ғана емес, жеке клиникадан да алуға болады.

Басты шарт – медициналық ұйымның Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен стоматологиялық қызмет көрсету бойынша қолданыстағы келісімшарты болуы.

Пациент:

  • мемлекеттік емханадағы стоматологиялық кабинетке;
  • мемлекеттік стоматологиялық емханаға;
  • қордың жеткізушісі болып саналатын жеке клиникаға жүгіне алады.

Алайда жеке стоматологияның барлығы бірдей МӘМС аясында пациент қабылдамайды. Клиника қормен басқа медициналық бағыттар бойынша жұмыс істегенімен, стоматологиялық қызмет көрсетуге келісімшарты болмауы мүмкін.

Сондықтан алдын ала медициналық ұйымға хабарласып, МӘМС бойынша қабылдайтынын және қажетті қызметті көрсететінін нақтылаған жөн.

Қормен жұмыс істейтін клиникалардың тізімін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтынан немесе 1414 байланыс орталығы арқылы білуге болады.

Жолдама мен тіркеу қажет пе?

Стоматологиялық көмек алу үшін пациент қызмет көрсететін медициналық ұйымды өзі таңдай алады.

Алдымен МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебені тексеру қажет. Одан кейін қормен келісімшарты бар стоматологиялық клиника таңдалып, пациент сол жерге тікелей жүгіне алады.

Стоматолог тексеру жүргізіп, медициналық көрсетілім болған жағдайда ем тағайындайды.

Дегенмен клиникаға бармас бұрын оның МӘМС аясында жұмыс істейтінін, пациенттің санатын қабылдайтынын және қажетті қызмет түрін көрсететінін алдын ала біліп алған дұрыс.

Оқи отырыңыз