Астанада Түрік киносы күндері басталды. Мәдени іс-шараға Түркияның танымал актерлері, режиссерлері мен кино саласының өкілдері арнайы келді. Ашылу салтанатында екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, кино саласындағы ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды. El.kz тілшісі іс-шараға қатысып, түрік киносының өкілдерімен тілдесті.
Түрік киносы күндерінің ашылуына Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасының басшысы Бирол Гүвен, «Yerli Düşünce» қауымдастығының төрағасы Метин Гүндогду, танымал актерлер Рыза Коджаоглу, Илай Еркөк, Сезгин Ердемир және бірқатар режиссер мен сценарист қатысты.
Іс-шара Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, қазақстандық көрерменді түрік кинематографиясының үздік туындыларымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Рыза Коджаоглу қазақстандық актерлермен бірге киноға түсуге дайын
«Çukur», «Karadayı» сериалдарымен танымал түрік актері Рыза Коджаоглу Қазақстаннан алған әсерімен бөлісіп, жылы қарсы алған көрерменге алғыс айтты.
Мұндай жылы қабылдауға таңғалдым әрі қатты қуандым. Қазақстанға келгеннен бері өзімізді үйіміздегідей сезініп жүрміз. Көрерменнің фильмімізге деген қызығушылығы да бізді ерекше қуантты. Өзімді мұнда өте жайлы сезіндім. Келген барша көрерменге алғыс айтамын, – деді актер.
Сондай-ақ өнер иесі алдағы уақытта Қазақстан мен Түркияның кино саласында бірлескен жобалары жүзеге асатынына үміт білдірді. Ол қазақстандық актерлермен бір фильмде ойнауға дайын екенін де жасырмады.
Қазақстандық көрермен бізді әрі қарай да тамашалай берсін. Бұйырса, болашақта бірлесіп фильм түсірерміз. Егер осындай жоба қолға алынса, қуана-қуана қатысар едім, – деді Рыза Коджаоглу.
Кино – екі елді жақындастыратын өнер
«Yerli Düşünce» қауымдастығының төрағасы, Түркия парламентінің бұрынғы депутаты Метин Гүндогду Қазақстан мен Түркия арасында осындай мәдени іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуы маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, кино – бауырлас халықтардың ортақ құндылықтарын әлемге танытудың тиімді құралы.
Екі бауырлас ел арасында осындай іс-шаралардың көбейгенін қалаймын. Бізді ортақ тарихымыз, тіліміз бен дініміз байланыстырады. Екі елдің тағдыры да ортақ. Сондықтан фильмдеріміз бен телехикаяларымыз Қазақстан мен Түркияны әлемге кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Мұндай мәдени кездесулердің маңызы зор, – деді Метин Гүндогду.
Қауымдастық төрағасы қазақстандық көрерменнің түрік киносына деген қызығушылығына да тоқталды.
Бүгін көрерменнің ерекше ықыласына куә болып отырмыз. Бұл бізді қатты қуантты. Алыс-жақыннан келген кино сүйер қауымға, қонақтарымызға және осы іс-шараға атсалысқан барша жанға алғыс айтамын, – деді ол.
Түркия өкілі қазақстандық фильмдерге жоғары баға берді
Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасының басшысы Бирол Гүвен екі елдің кино саласындағы байланысына тоқталды. Ол жақында Ыстамбұлда өткен «Қорқыт ата» түркі әлемі кинофестивалінде қазақстандық кинематографистердің туындыларына жоғары баға берді.
Қазақстан мен Түркия – бір-біріне өте жақын елдер. Біз осы байланысты одан әрі нығайту үшін келдік. Бір ай бұрын Ыстамбұлда «Қорқыт ата» түркі әлемі кинофестивалін өткіздік. Оған бүкіл түркі әлемінің өкілдері қатысты. Фестиваль аясында Қазақстанның тамаша фильмдерін көрдік. Қазақстан өзін лайықты деңгейде таныта білді, – деді Бирол Гүвен.
Сонымен қатар ол кино өндірісінде қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Түркияның Анталья қаласында өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі COP31 саммиті аясында экологиялық талаптарға сай бірнеше фильм түсірілген.
Саммит аясында кино саласына қатысты бірқатар іс-шара ұйымдастырдық. Соның ең маңыздысы – «Бес режиссер – бес экологиялық фильм» жобасы. Біз табиғатқа зиян келтірмей фильм түсіруге тырыстық. Сол туындылардың бірін бүгін қазақстандық көрерменге арнайы алып келдік, – деді ол.
Астаналықтар түрік фильмдерін тегін тамашалай алады
Түрік киносы күндері «Diğerkâm» («Өзгенің игілігі үшін») қысқаметражды фильмінің көрсетілімінен басталды. Туындыда адам мен табиғат арасындағы байланыс, қоршаған ортаны қорғау және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері қозғалады. Фильмнің режиссері – Угур Йаджыоглу, сценарий авторы – Пынар Йаджыоглу. Басты рөлдерді Рыза Коджаоглу мен Илай Еркөк сомдады.
Фильмді түсіру барысында экологиялық талаптарға ерекше мән берілген. Атап айтқанда, бір рет қолданылатын заттардан бас тарту, декорациялар мен костюмдерді қайта пайдалану және қоршаған ортаға келетін зиянды азайту шаралары қарастырылған.
Сондай-ақ ашылу күні 99-шы «Оскар» сыйлығының «Үздік халықаралық фильм» аталымына Түркия атынан ресми ұсынылған «Kesilmiş Bir Ağaç Gibi» («Бұтақсыз қалған ағаштай») драмасы көрермен назарына ұсынылды.
30 қарашаға дейін жалғасатын Түрік киносы күндері аясында астаналықтар халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланған туындыларды, комедиялық, анимациялық және романтикалық фильмдерді тамашалай алады.
Алдағы фильм көрсетілімдерінің кестесі:
- 27 қараша, сағат 18:00 – «Үміт» (Beklenti). Босфор кинофестивалінде «Үздік фильм», «Үздік режиссер» және «Үздік актриса» аталымдары бойынша марапатқа ие болған драма. Фильмде Анадолының шалғай ауылында дәрігер әйелдің өлімінен кейін өрбіген оқиғалар баяндалады (18+).
- 28 қараша, сағат 20:00 – «Бақыттымыз ба?» (Mutluyuz Mu?). Басты рөлдерді Ибрахим Бүйүкак пен Ясемин Сакаллыоглу сомдайтын комедиялық туынды (6+).
- 29 қараша, сағат 16:00 – «Рафадан Тайфа: Каппадокия» (Rafadan Tayfa: Kapadokya). Балалар арасында кеңінен танымал анимациялық фильмдер топтамасының бесінші бөлімі. Жас ерекшелігі бойынша шектеу жоқ.
- 30 қараша, сағат 18:00 – «Қара, пошташы келе жатыр» (Bak Postacı Geliyor). Оқиғасы 1950 жылдары Эгей теңізінің жағалауындағы шағын қалашықта өрбитін романтикалық туынды. Фильмде пошта қызметкерінің сүйіктісіне қосылу жолындағы талпынысы баяндалады (6+).
Айта кетейік, барлық фильм қазақша субтитрмен көрсетіледі. Көрсетілімдерге кіру тегін, алдын ала тіркелудің қажеті жоқ.
Түрік киносы күндерін «Yerli Düşünce» қауымдастығы Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасының және Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.