Жаңалықтар

Тәжікстандағы жер сілкінісі Алматы мен Шымкентте сезілді

Тәжікстандағы жер сілкінісі Алматы мен Шымкентте сезілді
Фото: IStock 23.02.2023 09:00 2391

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты сейсмикалық стансалар желісі 23 ақпан күні Алматы уақытымен 6 сағат 37 минутта жер сілкінісін тіркеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Зілзаланың ошағы Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 696 км қашықтықта Тәжікстан аумағында тіркелген. Энергетикалық класы - 16.0. Магнитудасы - 7.0 MPV. Бағыты ошағынан 37.52° с.е. 73.48° ш.б. жатыр, тереңдігі - 20 км. Алматы мен Шымкент қалаларында 2-3 балдық жер сілкінісі сезілді», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Тәжікстандағы Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданымен шекаралас аумақта, Қытайдың солтүстік-батысында 23 ақпан күні таңертең магнитудасы 7,3 болатын жер сілкінісі болды. Қытай сейсмология орталығының хабарлауынша, жерасты дүмпуі сағат 08:37-де (Астана уақытымен 06:37-де) болған. Әзірге тұрғындар арасындар зардап шеккендер және құлаған ғимараттар жайлы ақпарат әзірге келіп түспеген. 

Еске сала кетейік, 22 ақпанда сағат 16.25-те Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 439 шақырым қашықтықта Қытай аумағында жер сілкінісі тіркелген болатын. Екінші рет сағат 16.32-де Алматыдан 450 шақырым қашықтықта Қытай аумағында болды.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда бір жылда шамамен 12 мың жер сілкінісі тіркеледі.

Қазақстанның ең қауіпті апат аймағы – Алматы қаласы. 1887 жылы Алматыда 7,3 балдық зілзаладан 332 адам көз жұмған екен. 1910 жылы магнитудасы 8,2 балды құраған жер сілкінісінен 44 адам қаза тауып, 800-дей үй қираған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға