«TazaQazBot» телеграм-ботына жамбылдықтар 542 өтінім берген

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте елді мекендерді санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарының барысы сараланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасады.
Басқарма басшысының айтуынша, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өңірде елді мекендерді көркейту және санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
2025 жылдың көктемінде Тараз қаласы мен аудан орталықтарында екі айлық сенбіліктер өткізіліп, оған 10 мыңға жуық тұрғын қатысты. Жалпы, акцияға 89,5 мың жамбылдық, 58 ірі және 400-ден астам шағын кәсіпорын жұмылдырылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде:
-
30 тарихи-мәдени ескерткіш,
-
79,2 мың тұрғын үй ауласы,
-
2,7 шақырым көше,
-
803,8 шақырым арық жүйесі мен канал,
-
641,1 мың шаршы метр саябақ пен сквер тазартылып,
-
6,1 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Сонымен қатар, «TazaQazBot» телеграм-ботына тұрғындардан 542 өтініш түскен. Бұл бот экологиялық проблемалар мен тазалыққа қатысты тұрғындардың шағымдарын жедел тіркеуге мүмкіндік береді.
Жергілікті полиция қызметі қоғамдық орындарға қоқыс тастау және абаттандыру ережелерін бұзу бойынша 21,7 мың құқықбұзушылық анықтап, жалпы көлемі 196,8 млн теңге айыппұл салған.
Акция аясында:
-
«Жасыл белдеу»,
-
«TazaLike»,
-
«Әр ауылдық округке – 2000 тал» жобалары іске асып, барлығы 286,9 мың көшет отырғызылды.
2025 жылы облыс бойынша елді мекендерді абаттандыру мен санитарлық тазалауға 14,6 млрд теңге бөлініп, соның 2,3 млрд теңгесі игерілген. Бұл бағыттағы жұмыстарға 40 мекеме 91 техникамен жұмылдырылып отыр. Облыста 524 қоқыс алаңшасында 4014 контейнер орнатылған.
Баяндаманың қорытындысы бойынша санитарлық жағдай бойынша Тараз қаласы, Талас, Т. Рысқұлов және Қордай аудандарында кемшіліктер жиі кездесетіні айтылды.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев:
-
абаттандыру мен тазалық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды,
-
әлеуметтік нысандар, саябақтар, ойын алаңдары мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын тәртіпке келтіруді,
-
стихиялық қоқыс үйінділерін жоюды,
-
көшет егілген аумақтарды суару және күтіп-баптауды,
-
тұрғындар арасында тазалық мәдениетін арттыруды тапсырды.
Сондай-ақ, Жуалы, Меркі, Мойынқұм және Т. Рысқұлов ауданы әкімдеріне «TazaQazBot» қызметін жандандыру міндеті жүктелді.
