Еліміздің түкпір-түкпірінде бір мезетте өткен «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі мыңдаған жас түлекті ортақ мақсатқа біріктірді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған бұл бастама мектеп бітірушілердің туған жерге деген сүйіспеншілігін нақты іспен көрсетіп, елді мекендерді көгалдандыруға серпін берді. Бір күннің ішінде 100 мыңнан астам оқушы ағаш отырғызып, табиғатқа қамқорлық жасаудың жаңа үлгісін қалыптастырды.
Аталған бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып, жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға және қоршаған ортаға жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жарияланған «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» аясында бірқатар республикалық іс-шаралар өткізілуде. Олардың қатарында Халықаралық балалар кітабы күні, Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні, Ұлттық кітап күні және басқа да тәрбиелік маңызы бар акциялар бар.
Сонымен қатар «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» бастамасы аясында мектеп аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерде тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Биылғы экологиялық челленджке еліміз бойынша 9 және 11 сыныптардың 100 мыңнан астам оқушысы қатысты. Түлектер мектеп аумақтарында, саябақтарда және қоғамдық орындарда ағаш отырғызып, елді мекендерді көгалдандыруға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға өз үлестерін қосты.
Айта кетейік, ағаш егу челленджі еліміздің білім беру ұйымдарында дәстүрлі түрде төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді.
Ұлытау облысындағы белсенділік
Ұлытау облысы аумағында өткен акцияға облыстық білім басқармасына қарасты Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты мен №8 гимназия түлектері белсене қатысты. Жалпы саны 102 түлек 102 ағаш отырғызды.
Оқушылар Жезқазған қаласындағы білім беру ұйымдары аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға атсалысты.
Өскемен қаласындағы игі бастама
Өскемен қаласында да мектеп түлектері экологиялық бастамаларға белсенді қатысып, туған қаланы көгалдандыруға өз үлестерін қосты. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен Адал азамат бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында қала мектептерінде көшет отырғызу челленджі өтті.
Экологиялық акцияға №24 орта мектеп және №50 орта мектеп ұжымдары мен осы білім беру ұйымдарының түлектері белсенді қатысты. Мектеп аумақтарына жас ағаш көшеттері отырғызылып, олар болашақта мектеп аулаларының көркін келтіріп, жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығының белгісіне айналмақ.
Түркістан қаласындағы әсерлі эко-бастама
Түркістан қаласының №33 жалпы білім беретін келешек мектебінің 11-сынып түлектері республикалық бастамаға қолдау білдіріп, мектеп аумағына шырша көшеттерін отырғызды. Бұл шара тек ағаш егу акциясы ғана емес, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектердің туған мектебіне, қаласына және болашақ ұрпаққа қалдырған символдық ізі ретінде бағаланды.
Биыл мектептен 28 түлек түлеп ұшқалы отыр. Олардың қатарында білім мен спортта жетістікке жеткен оқушылар бар. Атап айтқанда, Шеріпхан Хақназар Нұрмаханұлы «Алтын белгі» иегері атанса, Пернехан Жасұлан Полатұлы «Үздік аттестатқа» үміткер ретінде ерекшеленді.
Спорт саласында да түлектердің жетістігі бар: Молдағалиев Арафат Айдарұлы Беларусьтегі халықаралық турнирге қатысса, Досан Расул Жандосұлы Хорватия мен Данияда өткен жарыстарда ел намысын қорғады.
Акция соңында түлектер флешмоб ұйымдастырып, ортақ қимыл арқылы мектеппен қоштасу сәтін әсерлі түрде аяқтады.
Мұндай іс-шаралар аумақтарды абаттандыру мен көгалдандыруға ғана емес, маңызды тәрбиелік мәнге де ие. Ағаш отырғызуға қатысу жастардың табиғатқа ұқыпты қараудың маңызын түсінуіне ықпал етіп, экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға жауапкершілік сезімін қалыптастырады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар игі дәстүрге айналып, оқушыларды, педагогтер мен ата-аналарды ортақ мақсатқа – туған қаланы таза, жасыл әрі жайлы етуге жұмылдырады. Түлектер үшін бұл акция туған мектебінде жақсы із қалдырып, туған өлкенің табиғатын сақтауға үлес қосудың жарқын мүмкіндігі болды.
«Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі – жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, туған жерге жанашырлық сезімін қалыптастыратын маңызды экологиялық бастама. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатқан мұндай шаралар қоршаған ортаның қадірін түсінетін, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын саналы ұрпақты тәрбиелеуге ықпал етуде.