Жаңалықтар

«Таза Қазақстан» Road-эстафетасы: «AMANAT» пен «Жастар Рухының» белсенділері 100 тонна қоқыс жинады

«Таза Қазақстан» Road-эстафетасы: «AMANAT» пен «Жастар Рухының» белсенділері 100 тонна қоқыс жинады
Фото: Amanat 14.06.2024 16:25 325

Бір аптадан аз уақыт аралығында «AMANAT» партиясының 2 мыңға жуық белсендісі мен «Жастар Рухы» жастар қанатының волонтерлері «Астана – Алматы» тас жолын қоқыстан тазартты. Экологиялық Road-эстафета Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Астанадан аттанған еріктілер бір аптада Қонаев қаласына жетті. Эстафетаға қатысушылар 100 тоннадан астам қоқыс жинады. Бұл тек күре жол бойынан, жол жиегінен, автотұрақтар және кемпингтер аумағынан жиналған қалдықтар.

Тазалық жұмысы квадрокоптерлерді пайдалана отырып, әуеден барлау деректері негізінде жүргізілді. Эко-керуен Ақмола, Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстарын қамтыды. Іс-шараға 4 өңірдің командалары қатысты. Олардың құрамына Мәжіліс және мәслихат депутаттары кірді. Партияның Road-эстафетасына өңір әкімдері, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, «Жасыл даму» АҚ және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қолдау көрсетті.

Партияның жастар қанаты әрқашан экологиялық мәселелерді шешумен айналысып келеді. Осы орайда, Road-эстафета – бұл жүйелі жұмыстың маңызды тетігінің бірі. Апта бойы партияластар, белсенді жастар, экологияға бей-жай қарай алмайтын азаматтар біздің акцияға қатысты. Отандастарымыз айналамыздағы тазалық пен тәртіп маңызды мәселе екенін жақсы түсінеді. Осы аптада біз жол бойынан 100 тоннаға жуық қоқыс жинадық. Бұл көңіл көншітпейтін жайт. Себебі оның бәрін адамдардың өздері тастаған. Сондықтан біздің акциямыз қалдықтарды кәдеге жаратуға ғана емес, негізінен азаматтарымыздың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге, жаңа экологиялық мәдениет пен мінез-құлық қалыптастыруға бағытталған, – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.

Қоқыс тазалаудан бөлек, Road-эстафетаға қатысушылар ірі елді мекендерде жастар қауымымен жүздесіп, азаматтармен қоғамдық қабылдау өткізді. Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері тұрғындармен кездесті. Айтылған барлық мәселені депутаттар өз бақылауына алды.

Мемлекет басшысы халқымыздың қоршаған ортаға деген көзқарасы мен бағыт-бағдарын өзгертуге бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын жариялаған еді. Статистикаға сәйкес, орта есеппен 60 шақырым жолда 9 текше метрге дейін қоқыс жиналады. Яғни, әр шақырымнан 16 килоға дейін қоқыс жиналады деген сөз. Оның бәрін біздің азаматтар тастайды. Еліміз таза болуы үшін экологиялық мәдениетті жан-жақты дамытуымыз керек, – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин.

Жобаның бренд-амбассадоры, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың айтуынша, бүгінде жастарды шынайы экологиялық патриотизм тұрғысында тәрбиелеу және экологиялық мінез-құлықтың тұрақты үлгісін қалыптастыру мәселесі өте маңызды.

Белсенділер мен қоршаған ортаға бей-жай қарай алмайтын азаматтар жемісті жұмыс атқарғанын мақтанышпен айта аламын. «Таза Қазақстан» – бір күндік акция емес, мемлекет дамуының жаңа тұжырымдамасы. Онда әркім ортақ үйімізге, табиғатымызға, дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға, тарихымыз бен мәдениетімізге жауапты. Еліміздің экологиялық қауіпсіздігі – салауатты ұлт пен орнықты дамудың кепілі, – деді ол.

«AMANAT» партиясының мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділерінен бөлек, Road-эстафетаға қоғам қайраткерлері, студенттер, бизнес-қоғамдастық және «Астана – Алматы» тас жолы бойында орналасқан елді мекен тұрғындары қызығушылық танытты.

Бұл іс-шара туралы әлеуметтік желіден кездейсоқ біліп қалдым. Біз қаншама қап қоқыс жинадық десеңізші. Тіпті, оның бәрін санаудан да шаршадым. Экология мәселесі аға буын өкілдерін ғана емес, жас ұрпақты да толғандыратыны қуантады, – деді Жамбыл облысы Шығанақ ауылының тұрғыны Арайлым Қаздашева.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы әр апта сайын ұйымдастырылатын «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын бастаған болатын. Елді мекендердегі ластанған аумақтардың картасы әзірленіп, соның негізінде ел аумағында жол бойындағы аумақтардан, өнеркәсіптік аймақтардан, тұрғын аудандардан, әлеуметтік нысандардан және басқа да көптеген аумақтардан белгілі учаскелер анықталды. Екі аптада ел аумағында 700-ден астам учаске тазартылды.

Айта кетейік, су тасқынының қауіпті кезеңі аяқталғаннан кейін «AMANAT» партиясының 4 мыңға жуық белсендісі мен «Жастар Рухы» жастар қанатының волонтерлері қарғын судан зардап шеккен тұрғындардың баспанасын ретке келтіруге көмектесті. Еліміздің барлық өңіріндегі барша партиялықтар саябақтарды, скверлерді, аулаларды тазартып, тарихи-мәдени және табиғи ескерткіштерді тазалауда. Сондай-ақ сенбілікке шығып, ағаш егеді және өзге де іс-шараларды ұйымдастырады.

Экологиялық мәселелерді шешу – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған маңызды басымдықтың бірі. Сайлауалды уәделерді жүйелі жүзеге асыру жұмысы аясында былтыр мемлекеттік орман қоры аумағына 302,7 млн түп ағаш егілді. Сонымен қатар, 39 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында ауаны ластауын бақылайтын автоматтандырылған жүйе орнатылды.

2027 жылға қарай партияның сайлауалды бағдарламасы аясында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 36%-ға дейін ұлғайту, Жайық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру, Балқаш көліне тұрақты су ағынын қамтамасыз ету, ауа сапасының индексін енгізу, ластанған елді мекенде кәсіпорынның ауаны ластау нормативтерін 40%-ға дейін төмендету, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 16 су қоймасын қайта жаңарту және жаңадан 14 су қоймасын тұрғызу жоспарлануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға