Жаңалықтар

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 27 мың жамбылдық қатысты

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 27 мың жамбылдық қатысты
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі 29.04.2024 15:01 342

Жамбылда «Таза ауыл. Таза аймақ. Таза ел!» экологиялық науқаны «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жалғасуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Ұлы дала» мөлтек ауданының аумағында тұрғындармен бірге ағаш отырғызды.

Бұл күні 125 түп қарағаш, 100 түп ерен, 170 түп терек, 101 түп шырша көшеті егілді. 

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқаны жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қала инфрақұрылымын жақсарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Президент қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізудің маңыздылығын атап өтті. Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақал бар. Ауыл тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің, бизнестің өкілдері, студенттер экологиялық акцияға белсенді қатысуда, — деді өңір басшысы.

Акция аясында 27 мыңнан астам жамбылдық қалалар мен ауылдарды көгалдандыруға өз үлестерін қосты, оның ішінде 5 222 кәсіпорын мен әлеуметтік нысанның қызметкерлері бар. Аумақты абаттандыру бойынша 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ, мыңнан аса аула, 8300 су қоймасына тазарту жұмыстары жүргізілді.

Бұл күні облыс әкіміне Тараз қаласын одан әрі көгалдандыру және абаттандыру жобасы ұсынылды.

Облыс орталығында ағаштарды түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Осы мәліметтер негізінде ұтымды суару жүйесін ұйымдастыруға көмектесетін дендрокарта жасалады.

Облыс бойынша биыл абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына 9,4 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 57 100 көшет отырғызылды, 809,4 шақырым арық және канал, 3 102 шақырым көше, жалпы ауданы 1,1 млн шаршы метр саябақ пен сквер аумағы тазартылды, 4 280 тонна күл-қоқыс шығарылды. Бұдан бөлек 53 субұрқақты іске қосу басталды. Бұл бағыттағы жұмыстарды уақтылы жүргізу үшін 25 бірлік техника сатып алу жоспарлануда.

Ербол Қарашөкеев абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым салу жобаларының ажырамас бөлігі болуға тиіс екенін атап өтті.

2024 жылы 56 көпқабатты үй (2 909 пәтер) салуға 12,3 млрд теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша 54 үй (2 749 пәтер) пайдалануға беріледі.

Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1 575 пәтер сатып алу жоспарлануда (республикалық бюджеттен, «Самұрық-Қазына» қоры).

2024 жылы 14,2 мың орынға арналған 41 білім беру, 24 денсаулық сақтау нысанының, 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.

Аудандар мен облыс орталығында 469,6 шақырым жол жөнделеді.

228 көшені жарықтандыру, оның ішінде 76-сы Тараз қаласында жүргізіледі. Бүгінгі таңда 9 мөлтек аудан мен Қарасу тұрғын алқабының аулаларын жарықтандыру жұмыстары басталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға