Таза энергияға көшу кімге қолжетімді? Қазақстандағы көмірмен жылынатын үйлердің таңдауы

Таза энергияға көшу кімге қолжетімді? Қазақстандағы көмірмен жылынатын үйлердің таңдауы
Фото: El.kz

Астананың шетіндегі бұл үйдің қыстағы тіршілігі пешке байланысты. Таңертең үйдегілердің бірі от жағып, көмір салады. Ауладағы көмір қоры күн суытқан сайын азая береді. Бір қарағанда, бұл – мыңдаған отбасыға таныс күнделікті көрініс. Алайда пешке жағылған әрбір көмір баспананы жылытып қана қоймай, атмосфераға көмірқышқыл газын бөліп, климаттың өзгеруіне де әсер етеді.

Көмірге тәуелді отбасы: газға қосылу қымбат

Қысы қатал Астанаға табиғи газ жеткізіле бастағанына жеті жыл болған. Дегенмен газ құбыры үйінің іргесіне дейін тартылса да, оған қосылуға қаржылық мүмкіндігі жетпей отырған отбасылар бар. Солардың бірі – Сарыарқа ауданының тұрғыны Марал Жайкенова. Біз хабарласқанда, кейіпкеріміз көмір жағатын уақытты алдын ала ескертті.

Көмірді жолдасым таңертең жұмыстан келген соң жағады. Сағат 10-да келіңіздер, – деді ол.

Маралдың айтуынша, көмір жағатын үйлердің түтіні әсіресе кешкі уақытта сезіледі. Баласын мектептен алып қайтқан кезде киіміне түтіннің иісі сіңіп қалатын көрінеді.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Кешке баламды мектептен алуға барамын. Үйге қайтқанша үстімізге түтіннің иісі сіңіп қалады. Біздің аудан түнде көк түтінге оранып кетеді. Үйге кірген кезде киімімізден түтіннің иісі бірден сезіледі. Мемлекет зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға ғана емес, біз сияқты қарапайым тұрғындарға да жеңілдік қарастырса екен дейміз. Газға қосылғымыз келеді. Бірақ оны үйге кіргізу қымбат болғандықтан, көмір жағуға мәжбүрміз, – дейді Марал.

Оның сөзінше, көмірдің де сапасы әртүрлі. Бұған дейін арзанырақ көмір сатып алған. Алайда бағасы төмен болғанымен, шығыны көп болыпты.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Көмірдің сапалысы да, сапасы төмені де бар. Өткенде «Потребительский» деген көмір алғанбыз. Бағасы арзандау еді. Бірақ шығыны көп болды. Бір шелек көмір салсаң, бір шелек күл шығады. Оның үстіне, жылуы да мардымсыз. Ал осы жолы алған Шұбаркөл көмірі ұнады. Сапалы көмірдің жылтыр болып тұратынын байқадым, – дейді ол.

Отбасы көмірді үнемдеп жағуға тырысады. Маралдың жолдасының айтуынша, үйді жылытуға кететін отын мөлшері ауа райына ғана емес, пештің түрі мен оны дұрыс пайдалануға да байланысты. Қазір аулада тұрған көмір қоры – 3,5 тонна. Оған отбасы 78 мың теңге төлеген. Ауа райы жылы болса, бұл көмір шамамен төрт айға жетеді.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Ауа райы осылай жылы болса, қыстан еш қиындықсыз шығамыз. Үйді жылытуға қатысты мәселе жоқ. Негізі, бәрі пештің түріне байланысты. Пешті дұрыс реттеп, температурасын бақылап отырсаң, көмірді үнемдеуге болады, – дейді ол.

Кейіпкеріміздің сөзінше, өзі пайдаланатын пештің ерекшелігі – жану процесін реттеуге мүмкіндік бар. Дегенмен пештен күйе бөлінетіндіктен, оның жұмысын және мұржасын үнемі бақылап отыру қажет.

Менің пешімнің бір ерекшелігі – жану процесін реттеуге болады. Бірақ күйе де шығады. Сондықтан мұржаны да, пештің жұмысын да үнемі бақылап отыру керек. Біздің ауданға газ тартылған. Осы көшедегі кейбір отбасылар үйлерін газға қосып үлгерді. Ал бізге газ орнату үшін 1,2 миллион теңге қажет екенін айтты. Бұл – қомақты қаражат. Пешті өзім реттеп, температурасын бақылап отырсам, әзірге газға аса қажеттілік жоқ деп ойлаймын, – дейді Маралдың жолдасы.

Соған қарамастан, ол болашақта көмірге тәуелді болмай, үйді жылытудың басқа тәсілдерін қолданғысы келеді. Қазір түрлі технология бар екенін естіген. Мәселен, арнайы сұйықтықтың көмегімен жылуды ұзақ сақтауға болады.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Арнайы сұйықтық арқылы жылуды ұзақ сақтауға болады дейді. Бірақ оның қаншалықты қауіпсіз әрі тиімді екенін зерттеу керек. Шамамен 40 литр қажет. Оны құйып, қыздырсаң, антифриз сияқты температураны ұзақ сақтайды екен. Сонда көмір туралы көп ойланбайсың, – дейді ол.

Оның айтуынша, үйдің аумағы – 140 шаршы метр. Қыс бойы үйді жылытуға шамамен төрт тонна көмір қажет. Пештің температурасын 60 градусқа қойып, дұрыс қыздырса, үйдегі жылуды бірқалыпты сақтауға болады. Тіпті екі шелек көмір салғанның өзі біраз уақытқа жетеді.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Мысалы, қазір үйден шығып кететін болсам, пешке көмір салып, температурасын реттеп қоямын. Содан кейін кешкі сағат беске дейін пешке қайта келмесем де болады. Температура 60 градусқа жеткенде, клапан автоматты түрде жабылады. Осылайша пештің қызуын бақылап отыруға мүмкіндік бар, – дейді ол.

Көмір жаққан сайын климат жылынады

Көмір жағылған кезде бөлінетін түтін тек қаланың ауасын ластап қоймайды. Оның құрамындағы көмірқышқыл газы атмосферада жиналып, Жердің жылу балансын өзгертеді. Бұл – климаттың өзгеруіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі.

Күн сәулесі Жер бетіне жетіп, оны жылытады. Жер беті өз кезегінде жылуды инфрақызыл сәуле түрінде қайтадан ғарышқа бөледі. Алайда атмосферадағы көмірқышқыл газы, метан және басқа да парниктік газдар осы жылудың бір бөлігін сіңіріп, қайта таратады. Соның нәтижесінде жылудың белгілі бір мөлшері атмосферада қалып, Жердің орташа температурасы көтеріледі. Бұл құбылыс парниктік әсер деп аталады.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Негізінде парниктік әсер – табиғи процесс. Ол болмаса, Жердегі орташа температура тіршілікке қолайсыз деңгейге дейін төмендер еді. Мәселе – адам әрекетінің салдарынан атмосферадағы парниктік газдардың шамадан тыс көбеюінде. Көмір, мұнай мен газды жағу кезінде бөлінетін көмірқышқыл газы осы табиғи әсерді күшейтіп, жаһандық жылынуға әкеледі.

Көмірқышқыл газының тағы бір ерекшелігі – атмосферада ұзақ уақыт сақталуы. Оның бір бөлігі жүздеген жыл бойы атмосферада қалуы мүмкін. Сондықтан бүгін жағылған көмірдің климатқа әсері тек бүгінгі күнмен шектелмейді. Ал ормандар мен мұхиттар атмосферадағы көміртектің бір бөлігін сіңіргенімен, адам әрекетінен бөлінетін көмірқышқыл газының барлығын толық сіңіре алмайды.

Бұл ретте көмір жағудың екі түрлі салдарын ажырата білу маңызды. Біріншісі – пештен немесе мұржадан шығатын түтін құрамындағы қатты бөлшектер мен басқа да ластаушы заттардың жергілікті ауа сапасына әсері. Екіншісі – жану кезінде бөлінетін көмірқышқыл газының атмосферада жиналып, климаттың өзгеруіне ықпал етуі. Яғни түтінді азайтатын сүзгі немесе пештің тиімділігін арттыру ауаның сапасын жақсартуы мүмкін, бірақ көмірқышқыл газының шығарындыларын автоматты түрде жоймайды.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Қазақстан Париж келісіміне қосылған

Көміртегі шығарындыларын азайту және жаңартылатын энергия көздеріне көшу соңғы жылдары халықаралық деңгейдегі маңызды міндеттердің біріне айналды. Осы мақсатта 2015 жылы Париж келісімі қабылданды. Құжат климаттың өзгеруімен күресуге бағытталған және оған Қазақстан да қосылды. Келісімге қатысушы мемлекеттер парниктік газдар шығарындыларын қысқарту жөнінде міндеттемелер алды.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Қазақстан да көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Ел 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына көшуді жоспарлаған. Алайда бұл міндетті орындау үшін энергетика саласын біртіндеп жаңғыртып, көмірге тәуелділікті азайту қажет.

Қазір Қазақстан электр энергиясының басым бөлігін көмір жағу арқылы өндіреді. Энергетика министрлігінің 2026 жылғы мәліметі бойынша, елдегі электр энергиясының 62,1 пайызы көмір станцияларына тиесілі. Дегенмен жаңартылатын энергия көздерінің үлесі де артып келеді. 2025 жылы ірі су электр станцияларын есептемегенде, ЖЭК үлесі 7 пайызға жеткен.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Көмірден бөлек, электр энергиясын жел, күн және су ресурстары арқылы өндіруге болады. Алайда жаңартылатын энергия көздерінің де өзіндік шектеулері бар. Мәселен, гидроэнергетиканың әлеуеті болғанымен, ол елдің барлық энергетикалық қажеттілігін өтей алмайды. Ал жел мен күн электр станцияларының жұмысы ауа райына тікелей тәуелді. Сондықтан энергиямен үздіксіз қамтамасыз ету үшін өндірілген электр қуатын жинақтап, сақтайтын арнайы жүйелер қажет.

Қазіргі таңда энергия сақтау технологияларын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мұндай қондырғылар күн мен желден өндірілген электр энергиясын жинап, қажет кезде қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл жаңартылатын энергия көздерінің тұрақсыздығын азайтып, электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға көмектеседі.

Дегенмен мұндай технологияларды кеңінен енгізу үшін қомақты инвестиция, заманауи инфрақұрылым және уақыт қажет. Сондықтан көмірге тәуелділікті азайту мен экологиялық таза энергетикаға көшу біртіндеп жүзеге асатын ұзақ мерзімді процесс.

Көмірді жақпай-ақ энергия алуға бола ма?

Көмірдің климатқа әсерін азайту үшін одан толық бас тарту міндетті ме? Әлде оны өңдеудің жаңа технологияларын енгізу арқылы да шығарындыларды төмендетуге бола ма? Ғалымдардың пікірінше, көмірді дәстүрлі тәсілмен жағудан бөлек, оны газдандыру, пиролиз арқылы өңдеу және химиялық өнімдер өндіру сияқты технологиялар бар. Алайда олардың әрқайсысының тиімділігі мен қоршаған ортаға әсерін жеке бағалау қажет.

Химия ғылымдарының PhD докторы Еламан Айдболдинов көмірдің климатқа әсері оны өндіру кезеңінен басталатынын айтады. Әсіресе көмір шахталарынан бөлінетін метанның парниктік әсері жоғары. Ал көмірді жағу кезінде атмосфераға көмірқышқыл газы бөлінеді.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Көмірді жағу да, оны өңдеу де климаттың өзгеруіне әсер етеді. Егер көмірді ашық әдіспен өндіру немесе шахталарда өндіру кезінде метан бөлінсе, оның климатқа әсері өте жоғары болады. Метан – қуатты парниктік газдардың бірі. Ал көмірді жаққан кезде көмірқышқыл газы атмосфераға таралады. Парниктік газдардың көбеюі Жердегі жылуды ұстап қалатын әсерді күшейтіп, климаттың жылынуына ықпал етеді. Соның салдарынан мұздықтардың еруі, ауа райының өзгеруі және басқа да климаттық құбылыстар жиілейді, – деп бастады әңгімесін ғалым.

Оның айтуынша, көмір жағатын кәсіпорындарда арнайы сүзгілерді қолдану арқылы атмосфераға таралатын зиянды заттардың мөлшерін азайтуға болады. Мұндай технологиялар әлемнің бірқатар елінде қолданылады.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Бұл қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді. Дегенмен көмірді дәстүрлі әдіспен жақпай, оны басқа технологиялар арқылы өңдеп, энергия алуға да болады. Климаттың өзгеруін бақылайтын халықаралық ұйымдар да көміртегі шығарындыларын азайтып, таза энергия көздерін дамытуды қолдайды, – дейді Еламан Айдболдинов.

Қазақстан Париж келісіміне қосылып, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат еткен. Бұл – парниктік газдар шығарындылары мен оларды сіңіру көлемінің арасындағы тепе-теңдікке жету деген сөз. Ғалымның пікірінше, бұл көмірді пайдалануды бірден тоқтату керек деген сөз емес. Оны басқа әдіспен өңдеп, электр энергиясын және нарықта сұранысқа ие өнімдерді алуға болады.

Мәселен, көмірді дәстүрлі тәсілмен жағып, одан алынған жылу арқылы су буын өндіре аламыз. Кейін сол будың көмегімен турбинаны айналдырып, электр энергиясына қол жеткіземіз. Бұл – қазір энергетика саласында кеңінен қолданылатын классикалық технология. Ал көмірді пиролиз әдісімен өңдеу арқылы газ тәрізді өнімдер, сұйық өнімдер және қатты қалдық алуға болады. Пиролиз – көмірді оттегі жеткіліксіз немесе оттегісіз ортада жоғары температурада ыдырату процесі. Бұл технологияны энергетика мен химия өнеркәсібінде қолдануға мүмкіндік бар, – дейді ғалым.

Көмірден өнім мен таза энергия алу жолы

Еламан Айдболдинов көмірді газдандыру және сұйық отынға айналдыру технологияларына да тоқталды. Оның айтуынша, көмірді өңдеу арқылы тек энергия ғана емес, құрылыс материалдары мен химиялық өнімдер өндіруге де болады.

Көмірді газдандыруға, сұйық отынға айналдыруға болады. Одан қажетті құрылыс материалдары мен химиялық өнімдер алуға мүмкіндік бар. Қазір заманауи технологиялар дамып келеді. Көмірді тек жағып, атмосфераға көмірқышқыл газы мен метан шығарудың орнына, оны өңдеп, нарықтық құны бар өнім өндіруге болады. Мұндай өнімдерді экспорттауға да мүмкіндік бар. Бұл технологиялар әлемнің бірқатар елінде, соның ішінде Еуропада да қолданылады, – дейді ол.

Ғалым көмірді күн, жел және су энергетикасымен алмастыруға мүмкіндік бар екенін де жоққа шығармайды. Бірақ жаңартылатын энергия көздерінің тұрақтылығы мен энергияны сақтау мәселесі әлі де маңызды.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Қазақстанда көмірді күн, жел және су энергетикасымен алмастыруға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде бұл процесс жүріп жатыр. Бірақ жаңартылатын энергия көздері көмір электр станциялары сияқты тұрақты энергия бере алмайды. Менің ойымша, осы мәселе таза энергияға толық көшуге кедергі болып отыр. Мысалы, күн энергиясын тек күндіз өндіреміз. Ал түнде немесе бұлтты ауа райында оны пайдалану үшін алдын ала жинақтау қажет. Бұл энергия сақтау жүйелерін дамыту мәселесін туындатады, – дейді Еламан Айдболдинов.

Оның айтуынша, табиғи газды да толықтай таза энергия көзі деп қарастыруға болмайды. Өйткені оны жағу кезінде де көмірқышқыл газы бөлінеді.

Сондықтан менің ойымша, көмірді өңдеу технологияларын дамыту және энергетика саласын жаңғырту қажет. Бұл – Қазақстан үшін қарастыруға болатын бағыттардың бірі, – деп сөзін қорытындылады ғалым.

Таза энергияға көшудің құны қандай?

Астананың шетіндегі Марал Жайкенованың үйіне қайта оралсақ, отбасының көмірден бас тартуына кедергі болып отырған басты мәселе – қаржы. Газ құбырын үйіне дейін тарту мүмкіндігі болғанымен, оған қосылу үшін 1,2 миллион теңге қажет. Ал бір қысқа жұмсайтын көмірдің құны отбасы үшін әлдеқайда қолжетімді.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Бұл – Қазақстандағы энергетикалық ауысудың әлеуметтік қырын көрсететін бір ғана мысал. Ел үшін көмірге тәуелділікті азайту, жаңартылатын энергияны дамыту және парниктік газдар шығарындыларын қысқарту маңызды. Бірақ бұл өзгерістер қарапайым тұрғындардың қалтасына салмақ салмауы керек.

Мамандар ұсынған технологиялар энергетика саласын жаңғыртуға мүмкіндік бергенімен, олардың барлығы бірдей жеке тұрғын үйді жылытуға жарай бермейді. Ал көмір жағатын отбасылар үшін газға қосылу, электрмен жылыту немесе жылу сорғысын орнату сияқты баламалардың қолжетімділігі шешуші рөл атқарады.

Климаттың өзгеруіне қарсы күрес тек ірі кәсіпорындар мен электр станцияларының жұмысына байланысты емес. Жеке үйлерде көмір жағатын отбасылар да таза энергияға көшуі керек. Алайда олардан көмірден бас тартуды талап етпес бұрын, оның орнына қалтасы көтеретін, қолжетімді жылыту тәсілдерін ұсынса дейміз.

Ескерту: Бұл мақала Central Asia Climate Campaign 2026 науқаны аясында дайындалды. Науқан Германия Федеративтік Республикасының Экономикалық ынтымақтастық және даму федералдық министрлігінің (BMZ) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы мен n-ost ұйымы жүзеге асыратын «Communicating Climate in Central Asia» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Оқи отырыңыз