Көпшілік бүйректің негізгі қызметі зәр шығару деп ойлайды. Алайда бұл – бүйрек атқаратын міндеттердің бірі ғана. Ол ағзадағы артық сұйықтық пен зиянды қалдықтарды шығарып қана қоймай, қан қысымын реттеуге және қан жасушаларының түзілуіне де қатысады. Бүйрек тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін маңызды ағзалардың бірі.
Ересек адамның әр бүйрегінің салмағы орта есеппен 120-200 грамм болады. Көлемі шағын болғанымен, оның атқаратын қызметі орасан. Нефролог Эльмира Наурызбаева MedRoom подкастына берген сұхбатында бүйректің ағзадағы негізгі міндеттеріне тоқталды.
Бүйрек тәулігіне қанша литр қанды сүзеді?
Маманның айтуынша, бүйрек арқылы тәулігіне шамамен 1500-1800 литр қан өтеді. Оның нәтижесінде 150-180 литр алғашқы зәр түзіледі. Алайда оның басым бөлігі ағзаға қайта сіңіріледі. Ал соңында шамамен 1-2 литр несеп сыртқа шығарылады.
Бұл қызметі арқылы бүйрек ағзадағы артық токсиндерді, сұйықтықты және қажетсіз қалдықтарды сыртқа шығарады. Ал пайдалы заттарды ағзаға кері қайтарады. Бұл – бүйректің сүзгі қызметі. Бүйрек тәулік бойы тоқтамай жұмыс істейтін орган, – дейді нефролог.
Бүйректің қызметі мұнымен шектелмейді. Ол артериялық қан қысымын реттеуге де тікелей қатысады. Ағзадағы артық сұйықтық пен тұзды шығарып, арнайы ренин гормонын бөлу арқылы қан қысымының қалыпты деңгейде сақталуына ықпал етеді. Сонымен қатар бүйрек қан жасау жүйесіне қатысады. Ол эритропоэтин гормонын өндіреді. Бұл гормон сүйек кемігінде эритроциттердің, яғни оттегін тасымалдайтын қызыл қан жасушаларының түзілуін ынталандырады.
Нефролог пен урологтың айырмашылығы
Бүйрек және зәр шығару жүйесіне қатысты ауруларды емдеуде нефролог пен урологтың қызметін жиі шатастырамыз. Алайда екі маманның жұмыс бағыты әртүрлі.
Зәр шығару жүйесі медицинаның күрделі саласы болғандықтан, ол урология және нефрология болып екіге бөлінеді. Қарапайым тілмен түсіндірсек, нефролог – терапевт дәрігер, ал уролог – хирург дәрігер. Яғни уролог хирургиялық емді талап етуі мүмкін диагноздарды қарайды, – дейді Эльмира Наурызбаева.
Мәселен, бүйректе тас пайда болуы, күрделі құрылымды кисталар, ісіктер мен гидронефроз урологтың қарауына жатады. Сондай-ақ ерлердің жыныс жүйесіне қатысты ауруларды да осы маман емдейді. Ал нефролог бүйрек тінінде пайда болатын өзгерістерді, бүйрек қызметінің бұзылуын және хирургиялық емді қажет етпейтін ауруларды анықтап, емдейді.
Маманның сөзінше, кей жағдайда бұл екі дәрігер бір науқасты қатар бақылап, бірлесе жұмыс істеуі мүмкін. Өйткені кейбір бүйрек аурулары кешенді емдеуді қажет етеді.
Бүйрек ауруларына бейжай қарауға болмайды
Бүйрек ағзадағы бірнеше маңызды қызметті қатар атқаратындықтан, оның жұмысының бұзылуы жалпы денсаулыққа әсер етуі мүмкін. Сондықтан бүйрекке қатысты шағымдар пайда болғанда, өздігінен емделмей, тиісті маманға қаралған жөн.
Бүйрек ауруларының кейбірі бастапқы кезеңде айқын белгі бермеуі мүмкін. Сол себепті денсаулықты бақылап, дәрігер ұсынған тексерулерден уақытылы өту маңызды.