Тәуелсіздіктің 35 жылдығына 35 күн қалды: Қазақстан мерейтойға қандай жетістіктермен жетіп отыр?

Тәуелсіздіктің 35 жылдығына 35 күн қалды: Қазақстан мерейтойға қандай жетістіктермен жетіп отыр?
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанның Тәуелсіздігіне 35 жыл толуына 35 күн қалды. Еліміз мерейтойды жаңа тарихындағы бұрын-соңды болмаған жетістіктермен қарсы алғалы отыр. Экономиканың рекордтық өсімінен бастап, Олимпиада алтыны мен оқушылардың халықаралық білім додаларындағы жеңістеріне дейінгі нәтижелер соның дәлелі. 

Республика күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Қазақстанның беделді әрі ықпалды орта держава ретінде қалыптасқанын атап өтті.

Экономика рекордтық қарқынмен өсті

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсті. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Әсіресе көлік, құрылыс және сауда салаларында өсім байқалды.

Қазақстан тарихында алғаш рет жалпы ішкі өнім көлемі 300 миллиард доллардан асты. Жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші бойынша республика ТМД елдері арасында алдыңғы орындардың бірін иеленіп отыр.

Экономикалық өсім биыл да жалғасты. Тоғыз айдың қорытындысында ел экономикасы 4,2 пайызға ұлғайды. Негізгі өсім құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы салаларының есебінен қамтамасыз етілді.

Жаңа Конституция

Көктемде Қазақстан жаңа Конституция қабылдады. Республикалық референдумда азаматтардың 73,12 пайызы дауыс беруге қатысты. Көпшілік жаңа Негізгі заңды қолдады.

Құжат 1 шілдеде күшіне енді. Сенат пен Мәжілістің орнына бір палаталы Құрылтай құрылды. Оның алғашқы сайлауы тамыз айында өтті.

Суперкомпьютерлер және жасанды интеллект

Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің TOP500 рейтингіне еніп, 86-орынға тұрақтады. Бұл – Орталық Азиядағы ең қуатты есептеу кластері.

Қазір елімізде мемлекеттік инвестиция есебінен құрылған осындай екі жүйе жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін үшінші суперкомпьютерді іске қосу жоспарланған. Олардың қуаты негізінен мемлекеттік сектордағы жасанды интеллект міндеттерін шешуге пайдаланылады.

Оқушылардың халықаралық жеңістері

Жазда Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет физика пәнінен халықаралық олимпиадада жеңіске жетті. Колумбияда өткен білім додасына қатысқан команданың барлық бес мүшесі алтын медальмен оралды.

Биыл қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысты. Нәтижесінде ел қоржынына мыңнан астам медаль түсті.

Олимпиада алтыны

Жылдың басты спорттық оқиғасы – мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың Милан мен Кортина-д'Ампеццода өткен қысқы Олимпиада ойындарындағы жеңісі. Оның алтын медалінің арқасында Қазақстан жалпыкомандалық есепте 19-орынға тұрақтады.

Бұл – еліміздің мәнерлеп сырғанаудан алған алғашқы Олимпиада алтыны. Бұған дейін қазақстандық спортшылар арасындағы ең жоғары нәтиже Денис Теннің Сочи Олимпиадасында жеңіп алған қола медалі болатын.

Табиғат қайта түлеп келеді

Көктемде жүргізілген әуе санағы киіктің негізгі үш популяциясының да көбейгенін көрсетті. Қазақстандағы киіктердің жалпы саны 4,6 миллионнан асты.

Солтүстік Аралды қалпына келтіру жұмыстары да жалғасып жатыр. Өткен жылдың соңында теңіздегі су көлемі 23 миллиард текше метрге жетті. Ал теңіз деңгейін одан әрі көтеру үшін Көкарал бөгетін қайта жаңарту жоспарланған.

Биыл «Алтын Дала» резерватына Пржевальский жылқыларының жаңа топтары жеткізілді. Жануарлар Чехия мен Германиядан әкелінді. Бейімделу кезеңінен өткен соң олар далаға жіберіледі.

Әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштер

Халықаралық S&P Global Ratings агенттігі биыл Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін BBB деңгейіне дейін көтерді.

Жаһандық инновациялар индексінде еліміз бірден сегіз сатыға жоғарылап, 73-орынға жайғасты.

World Happiness Report әлемдік бақыт рейтингінде Қазақстан 33-орынға ие болып, бір жылда көрсеткішін он сатыға жақсартты.

Жаһандық бейбітшілік индексінде Қазақстан 44-орынға көтеріліп, әлемдегі ең бейбіт 50 елдің қатарына енді. Бір жыл ішінде еліміз бес сатыға жоғарылаған.

Индекс авторларының мәліметінше, бұл – Қазақстанның 2008 жылдан бергі ең үздік нәтижесі. Орталық Азияда биыл көрсеткішін жақсарта алған елдер қатарында Қазақстан мен Өзбекстан ғана бар.

Балалар құқықтарының жаһандық KidsRights индексінде Қазақстан 200-ге жуық елдің арасында 24-орынға тұрақтады.

Ал әлемдегі ең ықпалды елдердің Most Powerful Countries рейтингінде республика 34-орынға ие болды. Қазақстан Дания, Біріккен Араб Әмірліктері және Норвегиядан озып, Орталық Азиядағы көшбасшы атанды.

Жаңа теміржол желілері

Қазақстан шекараға қарай бағытталған және жүктемесі жоғары учаскелерді айналып өтетін жаңа теміржол желілерін салуды жалғастырып жатыр. Қыркүйек айында Мойынты – Қызылжар теміржол желісінде рельстерді түйістіру жұмыстары аяқталды. Бұл – елдегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі.

Сонымен қатар Бақты – Аягөз және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілері салынып жатыр. Алғашқы жоба Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткелін ашуға және осы бағыттағы өткізу қабілетін екі есеге жуық арттыруға мүмкіндік береді.

Астық түсімі мен экспорт рекорды

Биыл шаруалар 24,3 миллион тонна астық жинады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл көрсеткішті соңғы он бес жылдағы ең жоғары өнім көлемдерінің бірі деп атады.

Астық экспорты бойынша да рекордтық нәтижелер тіркеліп отыр. Соңғы екі маркетингтік жылдың әрқайсысында Қазақстан шетелге астық баламасымен есептегенде 15 миллион тоннадан астам астық пен ұн экспорттаған. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш.

Алғашқы атом электр станциясы

Қыркүйек айында Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын жобалау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. «Балқаш» АЭС-і Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында бой көтереді.

Құрылыстың негізгі кезеңі 2027 жылы басталады. Ал станцияны келесі онжылдықтың ортасында іске қосу жоспарланған.

Көктемде Мемлекет басшысы Атом саласын дамыту стратегиясын бекітті. Құжатқа сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстанда кемінде үш атом электр станциясы жұмыс істеуі керек.

Қазақстанға туристер көптеп келіп жатыр

Биылғы алғашқы жартыжылдықта Қазақстанға 7 миллион шетелдік турист келген. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген.

Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексінде Қазақстан 56-орынға ие болып, Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап қалды. Ал туристер үшін баға қолжетімділігі бойынша әлемде екінші орынға шықты.

Оқи отырыңыз