Тәттіден де қымбат сыйлық: ерекше балаға мерекеде не сыйлаған дұрыс?

 жасанды интеллект
Фото: жасанды интеллект

Мереке қарсаңында балаларға сыйлық іздейтіндер көп. Алайда ерекше қажеттілігі бар балаға сыйлық таңдау кезінде көпшілік жиі қателеседі. Бірі тәтті алып барса, енді бірі жұмсақ ойыншық немесе киім сыйлауды жөн көреді. Бірақ мамандардың айтуынша, ерекше балалар үшін сыйлықтың бағасы емес, оның баланың қажеттілігіне қаншалықты сай келетіні маңызды. АВА-терапист Сая Шаденова ерекше балаларға қандай сыйлық пайдалы болатынын және нені ескерген жөн екенін айтып берді.

Маманның айтуынша, ерекше балаға сыйлық таңдағанда ең алдымен оның қауіпсіздігіне назар аударған жөн.

Ойыншық сапалы, экологиялық таза материалдан жасалған және баланың жасына сәйкес болуы маңызды. Сонымен қатар баланың қызығушылығы мен сенсорлық ерекшеліктерін ескерсек, сыйлық оған тек қуаныш сыйлап қана қоймай, дамуына да оң әсер етеді, – дейді Сая Шаденова.

Сондықтан маман сыйлық таңдауда жалпыға ортақ көзқарастан гөрі, нақты баланың қажеттілігін ескеруге кеңес береді.

Тәтті мен жұмсақ ойыншық әр балаға бірдей жарамайды

Ерекше балаларға тәтті, жұмсақ ойыншық немесе киім сыйлау дұрыс емес деп біржақты айтуға болмайды. Дегенмен мұндай сыйлықтардың бәрі бірдей әр балаға сәйкес келе бермейді.

Ерекше балалар арасында белгілі бір диетаны ұстанатын немесе кейбір тағамдарға шектеуі бар балалар жиі кездеседі. Сондықтан тәтті сыйлағанда осыны ескерген жөн. Менің ойымша, ең дұрыс шешім – ата-анасынан алдын ала баланың қызығушылығы мен қажеттіліктерін сұрап алу. Кей жағдайда ойыншық дүкеніне арналған сертификат сыйлау әлдеқайда тиімді болады. Сонда ата-ана баласына шынымен қажет әрі ұнайтын затты өзі таңдай алады, – дейді маман.

Оның сөзінше, сыйлық баланың ерекшелігіне сай келіп, оған жағымды эмоция сыйлауы тиіс.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от ДЕТСКИЙ коррекционно-развивающий центр. АСТАНА (@centr_stimul_ast)

Ерекше балалардың ең басты қажеттілігі қандай?

Сая Маратқызының айтуынша, ерекше баланың қажеттілігін тек диагноз арқылы бағалауға болмайды. Әр баланың қызығушылығы, мінез-құлқы мен даму деңгейі әртүрлі.

Ерекше баланың ең басты қажеттіліктерінің бірі – өзін қауіпсіз сезіну, қоршаған ортамен тиімді қарым-қатынас орнату және өз мүмкіндіктерін дамыту. Көп жағдайда мұндай балаларға коммуникация дағдыларын дамыту, әлеуметтік ортаға бейімделу, сенсорлық реттелу, эмоцияларын басқару және өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын меңгеру бойынша қолдау қажет болады, – дейді ол.

Маманның пікірінше, балаға көрсетілетін кез келген қолдау оның күнделікті өмірдегі дағдыларын жетілдіруге бағытталған кезде ғана нақты нәтиже береді.

Дұрыс таңдалмаған сыйлық баланы шошытуы мүмкін

Баланың қызығушылығы мен ерекшеліктерін ескермей алынған сыйлық кей жағдайда кері әсер беруі ықтимал.

Мысалы, бала сыйлықты қабылдамауы, оған қызықпауы немесе тіпті одан қорқып қалуы мүмкін. Әсіресе сенсорлық ерекшеліктері бар балалар үшін қатты дыбыс шығаратын, жыпылықтайтын жарығы көп немесе тым күрделі ойыншықтар жайсыздық тудыруы ықтимал, – дейді АВА-терапист.

Сондықтан сыйлық сатып аларда баланың қандай ойындарды ұнататынын, қандай заттарға сезімтал екенін ескерген жөн.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от ABA терапия Астана | Сая (@shadenova00)

Дамуға көмектесетін сыйлықтар қандай?

Маман ерекше балаларға пайдалы болатын сыйлықтардың қатарында дамытушы ойындарды атайды.

Конструкторлар, пазлдар, мозаикалар, логикалық ойындар, сенсорлық материалдар, кітаптар, шығармашылыққа арналған құралдар және түрлі дамыту ойындары баланың танымдық қабілеттерін, зейінін, ойлау дағдыларын, қиялын және ұсақ моторикасын дамытуға ықпал етеді, – дейді ол.

Әсіресе конструктор, пазл және мозаика сияқты ойындардың бала дамуына тигізер пайдасы зор.

Бұл ойындар баланың зейінін, ойлау қабілетін, кеңістікті бағдарлауын, ұсақ моторикасын, мәселені шешу дағдыларын және табандылығын дамытады. Сонымен қатар ата-анамен бірлесіп ойнауға мүмкіндік береді, – дейді Сая Шаденова.

Қандай ойыншықтардан бас тартқан дұрыс?

Кейбір ерекше балалар қатты дыбыстан немесе жарықтан жайсызданады. Мұндай жағдайда ойыншық таңдауға ерекше мән беру қажет.

Қатты дыбыс шығаратын, жыпылықтайтын жарығы бар немесе күтпеген әсер беретін ойыншықтардан бас тартқан дұрыс. Оның орнына тыныш, қауіпсіз және баланың сенсорлық ерекшеліктеріне сәйкес келетін ойындарды таңдаған жөн, – дейді маман.

dreamstime.com

Сыйлық қарым-қатынас дағдыларын дамытуға көмектесе алады

Дұрыс таңдалған ойыншық немесе ойын баланың коммуникация дағдыларының дамуына да ықпал етеді.

Кезекпен ойнайтын үстел ойындары, рөлдік ойын жиынтықтары, суретті карточкалар, кітаптар және ата-анамен бірге ойнауға арналған ойындар баланың қарым-қатынас жасауына және сөйлеу дағдыларының дамуына көмектеседі, – дейді Сая Шаденова.

Ең құнды сыйлық – түсіністік пен бірге өткізілген уақыт

Маман ерекше балаға берілетін сыйлық оның дамуына қолдау көрсетіп, жағымды эмоция сыйлаған кезде ғана шынайы мәнге ие болатынын айтады.

Ең құнды сыйлық – түсіністік, қабылдау және бірге өткізілген сапалы уақыт. Баланың қажеттілігін ескеріп, оны қолдап, жетістіктеріне қуана білу – кез келген материалдық сыйлықтан маңыздырақ. Бала өзін қауіпсіз, сүйікті және қабылданған сезінгенде ғана толыққанды дами алады, – дейді АВА-терапист.

Шын мәнінде, ерекше балаға берілетін ең жақсы сыйлықтың бағасы болмайды. Ол – баланың ерекшелігін түсіну, оны қабылдау және бірге өткізілген уақыт. Ал дұрыс таңдалған ойын немесе дамыту құралы сол қамқорлықтың жалғасына айналып, баланың жаңа дағдыларды меңгеруіне жол ашады.

Оқи отырыңыз