Жаңалықтар

Тасқыннан бұзылған үйді қайта тұрғызбаймыз – Қанат Шарлапаев

Тасқыннан бұзылған үйді қайта тұрғызбаймыз – Қанат Шарлапаев
Фото: gov.kz 23.04.2024 13:00 330

Үкіметтің баспасөз мәслихатында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтан БАҚ өкілдері су тасқынынан зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілетінін сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, жалғыз баспанасынан айырылған саяжай тұрғындарына да қолдау көрсетіледі. Егер су тасқынынан залал келген үй сол адамның жалғыз баспанасы болса, онда мұндай жандарға мемлекет тарапынан арнайы қолдау бар.

Бірақ бұл жалғыз баспанасы болса ғана. Алайда бұзылған үйді қайта тұрғызбаймыз. Егер қалада ол адамның баспанасы болса, онда баспана беру қарастырылмайды. Мемлекет ешкімнің қолына ешқандай қаражат бермейді. Өйткені жауапкершілігі бар және жоқ адамдар болады. Егер үйді қайта тұрғызуға қолға қаражат берілсе, ол адам қаражатты басқа мақсатқа жұмсауы мүмкін. Мемлекеттің шешімі осындай. Әр зардап шеккен адамның таңдауы бар, біріншіден, қайта тұрғызу, екіншіден, әкімдіктер арқылы екінші нарықтан пәтер алу. Осы екі таңдаудың бірін пайдалануға болады, – деді өнеркәсіп және құрылыс министрі.

Ведомство басшысы жөндеу жұмысын әкімдік немесе құрылыс компаниясы жасайтынын айтты.

Бірнеше өңірде әкімдіктердің шешіміне сәйкес, тек жөндеу жұмыстарына қолға қаражат берілуі мүмкін. Үйді қайта тұрғызу үшін қаражатты азаматтардың қолына бермейміз. Ал төтенше жағдай кезінде үйлер салуға тендер жарияланбайды. Тікелей келісімшарт жасалады. Егер біз тендер жасасақ, ол бірнеше айға созылып кетеді. Құрылыс жұмыстарын созбау үшін тікелей келісімшартқа отырып жатырмыз, – деді Қанат Шарлапаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға