Қазақстандық боксшы Даниял Сәбит Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан World Boxing әлем кубогының қорытынды кезеңінде жеңіліп қалды.
50 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз алғашқы жекпе-жегінде IBA нұсқасы бойынша 2024 жылғы Азия чемпионы, өзбекстандық Шодиёржон Меликузиевпен кездесті.
Тартыстың қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан (5:0) өзбекстандық боксшыны жеңімпаз деп таныды. Осылайша, Меликузиев жартылай финалға жолдама алса, Даниял Сәбит жарысты жүлдесіз аяқтады.
Айта кетейік, World Boxing әлем кубогының үшінші әрі қорытынды кезеңі 28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өтеді. Турнирге 30 ұлттық федерациядан 132 спортшы қатысады.
Қазақстан намысын аталған додада 11 боксшы – алты ер және бес әйел қорғайды. Даниялдан бөлек рингке мына боксшылар шығады.
Әйелдер:
-
57 кг: Карина Ибрагимова – У Ши И (Қытай Тайбэйі, 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері);
-
70 кг: Бақыт Сейдеш – Лю Ян (Қытай);
-
75 кг: Шұғыла Налибай – Елена Гапешина (Ресей);
-
80 кг: Валерия Аксёнова – Найна (Үндістан);
-
80 келіден жоғары: Дина Исламбекова – Наиля Патан (Үндістан).
Ерлер:
-
70 кг: Фарух Тоқтасынов – Ихтияр Нишонов (Қырғызстан, 2025 жылғы әлем чемпионатының финалисі);
-
75 кг: Аман Қонысбеков – Сергей Сергеев (Ресей);
-
80 кг: Өнер Сейілхан – Алмаз Орозбеков (Қырғызстан);
-
85 кг: Сұлтанбек Айбарұлы – Норбек Абдуллаев (Өзбекстан) немесе Идар Занилов (Ресей);
-
90 кг: Дәулет Төлемісов – Харш Чоудхари (Үндістан, 2026 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері).