Тәртіп сақшысы ғана емес: полиция қызметкерлерінің көпшілік біле бермейтін қыры

 El.kz
Фото: El.kz

23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Бұл – қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының кәсібіне құрмет көрсетілетін мереке. Көпшілік полиция қызметкерін форма мен қызметтік міндет арқылы танығанымен, олардың әрқайсысының өзіндік өмір жолы, қызығушылығы мен ұстанымы бар. El.kz интернет порталы мереке қарсаңында Астана қаласы Полиция департаментінде қызмет ететін, өз ісіне адал әрі қоғамға үлгі болып жүрген бірнеше тәртіп сақшысының өмірі мен қызметіне шолу жасады. Бірі бірнеше тілді меңгеріп, шетелдік туристерге көмек көрсетсе, енді бірі спортта жоғары жетістіктерге жетіп, ел намысын қорғап жүр.

Бес тіл білетін туристік полицей

Астана қаласы Полиция департаментінің Туристік полиция қызметінде еңбек ететін Бағлан Жанаев ішкі істер органдарына 2024 жылы қабылданған. Қысқа уақыт ішінде жауапкершілігі мен кәсібилігінің арқасында әріптестері арасында сый-құрметке ие болған жас офицер бүгінде елордаға келген шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүр.

Астана ПД

Бағланның басты ерекшелігінің бірі – бірнеше тілді еркін меңгеруі. Ол қазақ, орыс, ағылшын, өзбек және араб тілдерінде еркін сөйлейді. Сондықтан шетелдік туристерге бағыт-бағдар беріп, құқықтық көмек көрсету кезінде тілдік кедергіге тап болмайды. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында оның мәдениетті қарым-қатынасы мен кәсіби дайындығы көпшіліктің алғысына ие болып келеді.

Қызметтен тыс уақытта спортпен шұғылданатын тәртіп сақшысы бокспен айналысады, жаттығу залына тұрақты барып, футбол ойнағанды ұнатады. Оның айтуынша, спорт қызмет барысында қажет болатын төзімділік пен тәртіпті қалыптастырады.

Спорттағы жеңіс пен қызметтегі жауапкершілік

Сарыарқа аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі Сайын Донбай құқық қорғау органдарындағы қызметін 2023 жылы бастаған. Түркістан облысының Шардара қаласында дүниеге келген ол бала кезінен спортпен айналысып өскен.

Жетінші сыныптан бастап Шымкент қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында білім алған Сайын бүгінде дзюдо, қазақша күрес және грэпплингтен жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Ол халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы, сондай-ақ грэпплингтен Қазақстан кубогының иегері атанған.

Астана ПД 

Жас полицей спорттағы жетістіктеріне Олимпиада қатысушысы әрі самбодан үш дүркін әлем чемпионы Донбай Базарбек Орынбайұлын үлгі тұтатынын айтады. Оның өмірлік ұстанымы – еңбек, тәртіп және үздіксіз даму.

Қылмыспен күресті өмірлік миссиясына айналдырған офицер

Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Самат Жұмағұловтың қызметі қырағылық пен жедел шешім қабылдауды талап етеді. Ол қылмыстарды ашу және құқық бұзушыларды анықтау бағытында көп жылдан бері еңбек етіп келеді.

Әріптестері Саматты сабырлы, әділ әрі кәсіби маман ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, әрбір ашылған қылмыстың артында азаматтардың қауіпсіздігі мен әділдікке деген сенімі тұрады.

Астана ПД 

Қызметтен бөлек ол бокспен, футболмен және ат спортымен айналысады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді маңызды санайтын полицей бос уақытында тұлпар тізгіндеп, қазақтың ат спорты мәдениетін насихаттайды.

Балалардың қауіпсіздігін басты орынға қоятын инспектор

Алматы аудандық полиция басқармасының ювеналдық полиция инспекторы, полиция капитаны Мадина Жылқыайдарова бұл салада 17 жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді.

Ювеналдық полиция қызметінің басты міндеті – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету. Осы бағытта ұзақ жылдар жұмыс істеген Мадина жүздеген баланың тағдырына араласып, олардың өміріндегі маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал еткен.

Астана ПД 

Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның болашағы. Әр бала өзін қорғалған сезінуі керек, – дейді ол.

Қызметтен бөлек Мадина екі ұл тәрбиелеп отырған ана. Сонымен қатар ат спортына қызығып, бос уақытында жылқы мініп серуендегенді ұнатады.

Өнер мен қызметті қатар алып жүрген полицей

Уақытша ұстау изоляторының полицейі, полиция аға сержанты Бекарыс Ырымбек ішкі істер органдарындағы қызметін 2022 жылы бастаған.

Әскер қатарында борышын өтегеннен кейін құқық қорғау саласын таңдаған ол бүгінде жауапкершілігі жоғары қызметкерлердің бірі саналады. Дегенмен Бекарысты ерекшелендіретін тағы бір қыры бар.

Ол Астана қаласы Полиция департаменті жанынан құрылған «ALAI» шығармашылық тобының мүшесі. Топтың «Отанға қызмет» және «Есте» атты әндерінің орындалуына қатысып, өнердегі қабілетін де көрсетіп жүр.

Сонымен бірге самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанған Бекарыс қоян-қолтық ұрыс пен футболмен тұрақты айналысады.

Қызмет пен отбасыны қатар алып жүрген көпбалалы ана

Талдау және стратегиялық жоспарлау басқармасының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Дәмелі Арынова ішкі істер органдарында 2005 жылдан бері қызмет етеді.

Ақмола облысының Қорғалжын ауданында дүниеге келген тәжірибелі офицер бүгінде төрт баланың анасы. Қызметтік міндеттер мен отбасылық жауапкершілікті қатар алып жүрген ол әріптестеріне үлгі саналады.

Астана ПД

Дәмелі бос уақытында домбыра шертіп, ұлттық өнерді насихаттайды. Сондай-ақ жүзумен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады. Құқық қорғау саласына қызмет ету олардың әулетінде дәстүрге айналған: әпкесі – ІІМ ардагері, ал інісі әскери полиция қатарында еңбек етеді.

Бүгінгі кейіпкерлердің әрқайсысы осы міндетті абыроймен атқарып жүр. Бірі балалардың болашағын қорғап, бірі қылмыстың бетін ашса, енді бірі туристерге көмек көрсетіп, елдің халықаралық беделін арттыруға үлес қосуда. Осындай жандардың еңбегі полиция қызметінің шынайы келбетін айқындай түседі.

Оқи отырыңыз