Жаңалықтар

Тәртіп сақшыларында болатын статусты дәрігерлерге де беру керек - сарапшы

Тәртіп сақшыларында болатын статусты дәрігерлерге де беру керек - сарапшы
Фото: pixabay.com 23.04.2024 14:00 291

Жақында мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Осыған орай El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі «Медициналық ұйымдардың қазақстандық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Дәулетхан Есімовтің пікірін білген болатын. 

Ауылға мамандарды тарту мәселесі сонау Кеңес заманынан бастауын алады. Шыны керек, қай кезде де ауылға барып жұмыс істеуге көп адам ниет танытпайды. Өйткені адамдарды ауыл-аймақта қажетті деңгейде жағдай жасалмауы мүмкін деген ой мазалайды. Көмір, отын, су тәрізді тұрмыстық мәселелер шешімін тапса, дәрігерлер ойланбастан 2-3 жыл қызмет ететіні анық. Осы тектес проблемаларға байланысты кадрлар ауылға барудан жүрексініп жатады. Лажы болса, қалада тұрғысы келеді. Кезінде бәрімізді ауылға жіберетін. Сөйтіп 3-4 жыл қызмет етіп, қалаға қайтатынбыз. Ауылда қалғандары да болды. Қаладағыдай жағдай жасалса, үй-жаймен қамтамасыз етілсе, ешкім бас тарта қоймас. Жалақы мәселесі де - шешуші факторлардың бірі. Заңда көтерілген бірретік 100 еселенген ақшалай төлем жасау - жақсы бастама дер едім, -дейді Есімов.

Сарапшы электронды темекінің зиянын айта отырып, аталмыш мәселенің қолға алынғаны дұрыс болғанын айтты.

Вейп - бізде ғана емес, әлем халықтарын толғандыратын басты мәселе. Мұндай зиянды әдеттерден арылмаса, 4-5 жылдың ішінде адамның өкпесі құртылады. Құрамында қаншама химиялық қоспасы бар екеніне көз жеткізген соң, осындай байламға келіп жатқанымыз қуантады. Электронды шылым, вейп дегендердің адам ағзасына зиянын өскелең ұрпаққа, немерелеріме айтып отырудан шаршамаймын,-дейді басқарма төрағасы.

Заңның Парламентте екі жыл уақыт қаралғанын алға тартқан спикер, біздің қоғамда медицина қызметкерлерінің қорғалуына жағдай жасалмағанын да тілге тиек етті.

Тәртіп сақшыларында болатын статусты дәрігерлерге де беру керек. Бүгінде медицина қызметкерлерін ұрып-соғу фактілері көбейіп кетті. Сол себепті ақ халаттыларға мемлекет тарапынан қорғаныс керек. Осы мәселені қарастыратын заң қабылданса, қос қолымды көтеріп қолдар едім,-деп қорытындылады ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға