Жаңалықтар

Тарихи фильмдердегі киім мәдениеті

ҚР мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбеков, кинотанушы Дана Әмірбекова мен дизайнер Эльмира Ширмухамбетовамен сұқбат
Тарихи фильмдердегі киім мәдениеті
14.07.2022 18:34 4591

Кино – адам өмірінің айнасынан алынған туынды. Фильм арқылы бір елдің тарихын, мәдениетін, өркениетін және салт-дәстүрін танып білуге болады. Бірақ, оны көрерменге жеткізу оңай жұмыс емес. Бірінің қолынан келсе, бірінен келмейді. Кино саласының көлеңкесі мен келешегі  туралы режиссер-сценарист, ҚР мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбеков, кинотанушы Дана Әмірбекова мен дизайнер Эльмира Ширмухамбетовамен сұқбаттастық.

Қазіргі таңда отандық кинолардың саны мен аудиториясы артып келеді. Тіпті, шетелдерде біздің фильмдерімізді көріп, өз бағасын беріп жатқандары да аз емес. Олай болса, отандық туындылардың санына емес, сапасына қарап саралап көрейік. 

Тарихи туындылардағы ұлттық киімдер туралы

Тарихи туындыларда ұлттық киім маңызды орын алады. Сондықтан актердың рөлді қаншалықты үздік ойнап шыққанымен қатар, оның киген киімінің үйлесімділігі де маңызды. Киім арқылы көрерменге әр ғасырдың тәрбиесі мен тәртібін көрсетеді.

– Қыруар қаржы жұмсалған фильмдердің өзінде де өркениетімізді, мәдениетімізді және салт-дәстүрлеріміз бен тарихи жәдігерлерімізді жеткілікті деңгейде көрсете алмай жатамыз.Сондай-ақ, тарихи фильмдерде ұлттық киімдерімізді ескілеу, ұсқынсыз қылып көрсететіні де бар. Тарих – ол ескілік, жамау-жамау болып жүру деген сөз емесін ескерткім келеді. Біздің қазақфильмде қалыптасқан стереотип бар. Қазақты әрдайым көшпенді, тек ескі киіммен жүретін және жарқын киінбейтіндей етіп көрсетеді, - дейді режиссер. 

Тарихтағы сұлтандар мен хандардың суреттеріне қарасақ, киімінің көркі көздің жауын алатындай әсер қалдырады. Ал, соны киноларда керісінше көрсетіп жататыны қынжылтатынын атап өтті.

– Ханның, сұлтанның образына жылтыр матадан тігілген киімдерді кигізсек, бірден жарамайды деп шыға келеді. Хан дегеннің бәрі бірдей қара киініп, сауыт асынып жүрмегенін түсіну керек. Мысалы, қытайлықтардың түсірген тарихи туындыларына назар аударсақ, олар өз әскерлерінде болмаған дүниелерін, тарихта болғандай көрсетіп жатыр. Оны Қытайдың тарихи туындыларының бірі «Красная стена» фильмінен байқасаңыз, қытайдың әскерін рим әскерімен шатастыруға болады. Қытайдың әскері рим әскеріндей мықты болмаған. Бірақ, олар кино арқылы әскерінің деңгейін асқақтатып отыр. Отандық фильмдерімізді алып қарасақ, қазақтың әр жауынгеріне әртүрлі киім киігізіп қояды. Киімнің өзі бір мәдениет, әсіресе тарихи туындыларда киімнің рөлі маңызды. Сондықтан, жауынгердің, малайдың да киімін тапсырыспен тіктіру қажет деп есептеймін. Біздікілер барын киіп шығады. Сөйтіп, фильмнің бар бейнесін құртады, - дейді Батырхан Дәуренбеков.   

Дизайнердің айтуынша, тарихи туындылардағы киімнің сапасы фильмге бөлінген қаражатқа байланысты. Әрдайым басты рөлдегі, яғни бірінші санаттағы актерлерге міндетті түрде тапсырыспен киім тігіледі. Ал, екінші санаттағы және массовкадағы актерлерге киімді көп жағдайда театрлардан жалға алады. Себебі, оған көп қаражат пен уақыт керек. 

– Тарихи туындыларға ұлттық киімдерді тігу кезінде кестенің үш түрін қолдана отырып тігеміз. Мысалы, ханның, сұлтанның және бидің киімдерін зер және біз кестеден тігеді. Ал, біз және моншақ кестемен патшайым мен  ханшайымның көйлектерін тігеміз. Бір тарихи туындының киімін дайындауға шамамен 2-3 ай уақыт кетеді. Киімдерді тігіп бастамас бұрын кейіпкердің өмірімен, киім стилімен танысып, зерттеу жүргіземіз. Оның статусына қарап, бағалы маталарға тапсырыс беріп, киім үлгілерін әзірлейміз. Ер адамдарға қарағанда әйел адамдардың киімін дайындауға ұзақ уақыт кетеді. Себебі, әйелдердің киімдерін моншақтармен безендіріп, әрлеу керек, - дейді Эльмира Ширмухамбетова. 

Уақыт өткен сайын киімдер де өзгеріп, жаңарып отырады. Әр дәуірдегі ұлттық киімдеріміздің де өзіндік нұсқасы бар. 

Кинотанушы Дана Әмірбекованың сөзінше, біздің қай дәуірдің туындысын алып қарасақ та, бір үлгідегі киім киеді екен.

– Біздің фильмдерімізден байқағаным, 16 ғасырдың тарихын көрсетіп жатса да, 19 ғасырдың тарихын көрсетіп жатса да  бір үлгідегі киімді кигізіп қояды. Әр заманның, тайпаның, одақтың, рудың өзіндік киімі мен стилі болған. Сол жағынан біздің туындыларымыздың кем-кетік тұстары байқалады. Киімге қарап адамның статусын білген. Ол заманда жылтыр матадан тігілген бағалы киімдерді хан әулетінің адамдары киген, ал қарапайым халықтың киімдері әртүрлі болған. Жауынгерлеріміздің киімдеріне келетін болсақ, олардың сауыттары мен аяқ киімдеріне назар көбірек түседі. Сондықтан, әскеріміздің рухын, күшін көрсету үшін көбінесе сұр, қара түсті киім киген, - дейді Дана Әмірбекова.   

Тарихи туындылар көбінесе қай өңірде түсіріледі?

Еліміздің қай  өңірі болсын табиғаты бай. Мөлдір таза суы, асқар таулары мен шөлді және шөлейтті жерлері бар. Осындай бай табиғатта тарихи туындылардың түсірілім алаңын таңдау қиынға соқпас. Дегенмен, тарихи туындылардың түсірілімі жайдан жай таңдалмайтыны анық. Көбінесе бұрыңғы тарихи қалалардың манында немесе табиғаты ерекше өлкелерде түсіріліп жатады. 

– Тарихи фильмдер көбінесе оңтүстік өңірдетүсіріледі. Себебі, тарихи туынды болғандықтын, локация маңызды рөлді атқарады. Оңтүстік өңірде фильм түсіру атмосфераның қолайлығы жағынан да тиімді болып келеді. Мысалы, ауа райы өзге өңірлердегідей құбылмалы емес, биік таулары мен сұлу табығаты және керемет өзен-көлдері бар. Қазақ хандығы тарихи фильмінде Ақсу-Жабағылы деген киелі өлкеде түсірілді. Себебі, фильмнің желісінің тарихы тікелей осы орындардан бастау алады. Тарихи фильмдер бір емес, бірнеше өңірлерде түсіріледі. Бір сюжетте өзен керек болса, бір сюжетте таулы-қыраттар немесе жазық дала керек болуы мүмкін. Барлығы локацияға байланысты таңдалады. Әсіресе, жаңбырлы маусымда айлап тоқтамай жауын жауатын уақыттарда, түсірілім тобы уақыт жоғалтпас үшін ұқсас локациялар тауып, орын ауыстыруға мәжбүр болатын кездер де аз емес, - дейді режиссер.

Локацияға табиғат қана емес, адамдардың тұрмыс-тіршілігін айқын көрсететін құрал-саймандары, жабдықтары, жиһаздары мен қолданатын заттары да кіреді. 

– Тарихи туындыларды түсіру үшін мұражайлармен тығыз жұмыс істейміз. Фильмге керекті ескі құмыраларды, құрал-саймандарды, сандық және тағы да басқасын еліміздегі мұражайлармен байланысқа шығып, хат жолдап, сұрап аламыз. Мұражайда қызмет істейтін мамандар да тарихи жәдігерлерімізді ұсынып, жұмысымыздың біраз бөлігіне көмектесіп, үлес қосады, - дейді Батырхан Дәуренбеков.  

Қазақ фильмдерінің бүгіні мен болашағы қандай?

– Қазіргі таңда елімізде кино саласы үш негізгі бағытта дамып жатыр. Олар авторлық, коммерицялық және идеологиялық туындылар. Авторлық туындыларға келетін болсақ, Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымаов, Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин секілді кино саласында ойып тұрып орын алатын киногерлерімізді атап өтуге болады. Ал, коммерциялық бағытқа көбінесе ойын-сауықтық жобаларды жатқызамыз. Үшінші бағытта мемлекеттік тапсырыс бойынша белгілі бір тұлға туралы немесе атаулы мереке аясында түсірілетін туындылар жатады, - дейді  Дана Әмірбекова.

– Әлі күнге дейін мамандарымыз фильм арқылы мәдениетіміздің, өркениетіміздің дамыған тұстарын көрсете алмай келеді. Елімізде тарихи орны сақталған Сарайшық, Сауран және жібек жолы бойындағы ірі сауда орындары бар. Археологтарымыз тарихи орны сақталған қалаларымызды зерттеу барысында қазақтардың бай тұрғанын, тіпті сол кездің өзіндегі тұрғын үйлерден кәріз құбырлары табылған. Қыш кірпіштен үй тұрғызып, ыдыстың түр-түрін қолдан жасаған. Біз басқалардың ойындағыдай қарапайым көшпенді халық болмағанбыз. Біздің де өнертапқыштарымыздың тарихи жәдігерлерін фильмдерде көрсету арқылы мәдениетімізді таныту керек, - дейді Батырхан Дәуренбеков. 

Тарихи фильмдердегі киім мәдениеті

Сонымен қатар, телесериалдарға қарағанда тарихи туындыларға қаражат көп бөлінетінін, бірақ ол кей жағдайда еңбекті ақтамай жататынын атап өтті. 

– Елімізде заманауи телесериалдарға 5-7 миллион теңге қаржы бөледі. Ал, тарихи телесериалдарға 7 мен 14 милиион теңге аралығында қаражат бөлінеді. Қаражат фильм мен сериалдың желісі мен күрделілігіне байланысты. Шетелмен салыстырғанда бізде кинематографияға қаражат аз бөлінеді. Мысалы, түріктің сериалдарын алып қарасақ, олар бір серияға 500 мың доллар жұмсайды екен. Фильмнің сапасы үшін қаражатты аямау керек. 

Киностудияда заманауи сериалдарды түсірген кезде киногруппада 30-35 шақты маман жұмыс істейді. Ал, тарихи немесе үлкен фильмдерді түсірген кезде 200-250 адам жұмыс істейді. Телесериалдардың қаржысы көп жағдайда еңбекті ақтамайды. Мысалы, бір тарихи сериалға 7-10 миллион теңге бөлді деп қарастырсақ, оның ішінде жалға алынған киімнің өзіне күніне 1 миллион теңге жұмсалады. Сондағысы актерларымыз, қызмет көрсетуші мамандарымызға гонорар жетпей қалады. Тіпті, түсірілім уақытында да қаржының жетіспеген сәттері де болды, - дейді режиссер. 

Жақында «Менің атым Қожа» фильмінін кейіпкеріне арнап елордада ескеркіш орнатылды. Сонымен қатар, Шәкен Айманов ағамыздың құрметіне де ескерткіш бар. Осының барлығы кино өнерінің далада қалмай, өнер тумаларының еңбектері ақталып жатқаны қуантатынын атап өтті.

Тарихи фильмдердегі киім мәдениеті

Суреттер: Эльмира Ширмухамбетованың жеке мұрағатынан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға