Тарихта болмаған жағдай: АҚШ-та екі рет өлім инъекциясы енгізілген әйел есін жыйды

Тарихта болмаған жағдай: АҚШ-та екі рет өлім инъекциясы енгізілген әйел есін жыйды
Фото: Теннесси штатының Түзеу департаменті

АҚШ-та өлім жазасына кесіліп, екі рет жасалған өлім инъекциясынан кейін тірі қалған 50 жастағы Криста Пайк есін жиды. Қазір ол сөйлей алады. Бұл туралы оның адвокаттары мәлімдеді.

Криста Пайк Теннесси штатындағы аурухананың жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Ол өткен аптада үкімді орындау кезінде ес-түссіз күйге түскен. Әйелге пентобарбитал препараты екі рет енгізілгенімен, өлім тіркелмеген.

Осы уақытқа дейін дәрігерлер оның ағзасынан препаратты шығаруға бағытталған ем жүргізген. Адвокаттардың айтуынша, екі өлім дозасынан кейін Пайктың есін жиып, сөйлей бастауы – медицина тұрғысынан бұрын-соңды болмаған жағдай.

Болжам әлі де белгісіз. Дегенмен оның ұзақ уақыт бойы оңалуы қажет болады деп күтеміз, – делінген қорғаушылар мәлімдемесінде.

Адвокаттар Пайктың ауруханада кісенделіп, төсегіне бекітілген күйде жатқанын да хабарлады. Бұған дейін қорғаушылар әйелдің денсаулығы мен қан тамырларының ерекшеліктеріне байланысты өлім инъекциясын жасау қиындық тудыруы мүмкін екенін ескерткен. Олардың сөзінше, Пайкта тромбоцитоз бар әрі қан тамырлары өте жіңішке болған.

Өлім дозасы неге әсер етпеді?

Қорғаушылармен жұмыс істеген анестезиолог Джоэл Зивоттың пікірінше, Пайкқа енгізілген пентобарбиталдың екі дозасы препарат қан айналымына толық түскен жағдайда оның өліміне жеткілікті болуы тиіс еді.

Маман дәрінің тамырға емес, тері астына кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мұндай жағдайда препарат қан айналымына бірден түспей, тері астындағы тіндерге таралуы ықтимал. Зивоттың болжамынша, әйелдің аман қалуына осы жағдай әсер етуі мүмкін.

Дәрігерлер екі дозаның Пайк денсаулығына қандай зардап әкелгенін әзірге нақты айта алмай отыр. Зивот медициналық көмектің кеш көрсетілуіне байланысты ми зақымдануы болуы мүмкін екенін айтып, мұны анықтау үшін толық неврологиялық тексеру қажет екенін атап өтті.

Криминолог әрі Фордхем университетінің заң факультетінің профессоры Дебора Денно да әйелдің есін жиып, сөйлей бастағанына таңғалғанын жеткізді.

Оның мәліметінше, бұған дейін АҚШ-та өлім инъекциясы арқылы жазаны орындау әрекетінен жеті адам аман қалған. Алайда олардың барлығында препаратты тамырға енгізу мүмкін болмаған. Ал Пайктың жағдайында улы препарат ағзаға енгізілген. Сондықтан сарапшы бұл оқиғаны бұрын-соңды болмаған жағдай деп бағалап отыр.

30 жылдан астам уақыт өлім жазасын күткен

Криста Пайк 18 жасында ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол сол кездегі 17 жастағы жігіті Тадарил Шипппен бірге 19 жастағы Коллин Слеммерді ұрып-соғып, азаптап өлтірген. Олар бір-бірімен мінез-құлқында қиындықтары бар жасөспірімдерге арналған орталықта танысқан.

Пайк түрмеде 30 жылдан астам уақыт өткізді. Ол Теннесси штатында соңғы шамамен 200 жыл ішінде өлім жазасы орындалатын алғашқы әйел болуы тиіс еді.

Енді оның ісі қалай жалғасатыны белгісіз. Теннесси билігі үкімді қайта орындауға әрекет жасай ма, жоқ па – әзірге ресми шешім жарияланған жоқ.

Штат губернаторы Билл Ли жыл соңына дейін барлық өлім жазасын орындауды уақытша тоқтатты. Ал Пайктың адвокаттарының бірі Стивен Феррел губернатордан оның жазасын кемінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруды сұрады.

Қорғаушының айтуынша, Пайк өлім жазасын орындау кезіндегі ауыр процедурадан өтті, оған дейін 30 жылдан астам уақыт түрмеде отырып, сол кезеңнің едәуір бөлігін жалғыз адамдық камерада өткізген.

Қазір дәрігерлер оның жағдайын бақылауды жалғастырып жатыр. Әйелдің толық қалпына келе алатыны және препараттың екі дозасы денсаулығына ұзақ мерзімде қалай әсер ететіні әзірге белгісіз.

Біз бұған дейін АҚШ-та 200 жылдан кейін алғаш рет әйел өлім жазасына кесілгені туралы жан-жақты жазған едік.

Оқи отырыңыз