АҚШ-та 200 жылдан кейін алғаш рет әйел өлім жазасына кесіледі

АҚШ-та 200 жылдан кейін алғаш рет әйел өлім жазасына кесіледі
Фото: AI көмегімен жасалды

АҚШ-тың Теннесси штатында 200 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет әйел адамға қатысты өлім жазасын орындау жоспарланып отыр. 50 жастағы Криста Пайкке шығарылған үкім 30 қыркүйекте өлімге әкелетін инъекция арқылы орындалуы тиіс. Бұл туралы Death Penalty Information Center хабарлады.

Егер үкім жүзеге асса, ол Теннесси штатында 1819 жылдан бері өлім жазасына кесілген алғашқы әйел болмақ.

Қылмыс 18 жасында жасалған

Іс материалдарына сәйкес, Криста Пайк қылмыс жасаған кезде небәрі 18 жаста болған. Ол 17 жастағы жігіті Тэдарил Шипп және тағы бір қызбен бірге 19 жастағы Коллин Слеммерді оңаша жерге алдап апарған.

Тергеу нұсқасы бойынша, қылмысқа қызғаныш себеп болған. Пайк Коллинді өзінің жігітімен қарым-қатынас орнатуға тырысты деп күдіктенген.

Слеммерге қатыгездік көрсетіліп, көптеген дене жарақаты салынған. Ол алған жарақаттарының салдарынан көз жұмды.

1996 жылы сот Криста Пайкті өлім жазасына кесті. Осылайша ол АҚШ тарихында ең жас кезінде өлім жазасына кесілген әйелдердің бірі болды.

Қылмысқа қатысқан Тэдарил Шипп оқиға кезінде кәмелетке толмағандықтан өлім жазасына кесілмеді. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Адвокаттары үкімді өзгертуге тырысып жатыр

Пайктің қорғаушылары мен бірқатар құқық қорғаушылар өлім жазасын өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруға әрекет жасап келеді.

Қорғаушы тараптың мәліметінше, Пайк балалық және жасөспірім шағында зорлық-зомбылық көрген. Сондай-ақ адвокаттар оның психикалық денсаулығына қатысты мәселелер мен ми зақымдануы болғанын алға тартады.

Қорғаушылар қазіргі нейробиологиялық зерттеулерге де сүйеніп отыр. Олардың уәжінше, адамның миы, соның ішінде шешім қабылдау мен импульсті бақылауға жауап беретін бөліктері жасөспірімдік кезеңнен кейін де дамуын жалғастырады. Осыған байланысты олар Пайктің қылмыс жасаған кездегі 18 жасы үкімді қайта қарау кезінде ескерілуі керек деп санайды.

Алайда Пайкке қатысты өлім жазасы осы уақытқа дейін күшінде қалып отыр.

АҚШ-та өлім жазасы барлық штатта бірдей қолданылмайды. Кейбір штаттар оны заңнамадан алып тастаған немесе орындауға мораторий енгізген. Ал өлім жазасы сақталған бірқатар штатта үкімді орындаудың негізгі тәсілдерінің бірі – арнайы препараттарды қолдану арқылы жасалатын өлім инъекциясы.

Криста Пайктің ісі өлім жазасының қолданылуы, қылмыс жасаған кездегі адамның жасы және сотталған адамның психикалық жағдайын ескеру мәселелеріне қатысты АҚШ-тағы пікірталасты қайта күшейтті.

Оқи отырыңыз