Жаңалықтар

Тарихи орындар: Жамбыл өңірі

Киелі Қазақстан
Тарихи орындар: Жамбыл өңірі
12.07.2018 09:22 56005

Жамбыл жері тарихи ескерткіштерге бай өңірлердің бірі. Осы облысқа кіретін Талас және Шу өзендерінің аралығында Қазақ хандығының іргесі қаланған. Керей мен Жәнібек құрған мемлекет бүгінгі біздің егемен елдің алғашқы іргетасы болғандықтан, сол жерде биіктігі 30 метрге жететін монумент тұрғызылған. Сол сияқты Тараз қаласында «Көне Тараз» археологиялық саябағы бар. Ол Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай, 2015 жылы Тараздың орталық базарының орнына салынып, «Көне Тараз» деген атауға ие болды. Оны салудағы мақсат – ішкі, аймақтық және халықаралық туризмді дамыту үшін археологиялық нысан ретінде көпшілікке таныстыру, аспан астындағы ашық мұражайға айналдыру. Саябақ аумағында басқа да тарихымыздан сыр шертетін ескерткіштер ашылып, сән беріп тұр. Жалпы, Жамбыл облысында көптеген кесенелер, мешіт пен қалашықтар бар. Олардың барлығын бүгінгі біздің топтамамыздан оқи аласыздар.

Айша бибі кесенесі

Діни сәулет ескерткіші ХІ – ХІІ ғасырларға жатқызылады. Кесене Жамбыл ауданына қарасты, Айша бибі ауылында орын тепкен. Бұл облысқа саяхаттап бара қаласаңыз, міндетті түрде «Айша бибі» кесенесіне ат басын бұра кетіңіз. Бірнеше ғасырларды артқа тастаған кесенеден тек батысындағы қабырғамен, жапсарлас қабырға қалдықтары ғана қалған еді. Ғимаратты толық жөндеу жұмыстары 2002 мен 2005 жылдар арасында жүргізіліп, баяғы көз тарталық кейпіне келді.  Кесененің қабырғалары қолдан ойылып жасалған оюлар мен 60- тан аса түрлері бар терракот қыш тақтайларымен өрнектелген. Мұндағы өрнектердің әр қилылығы, түрлі-түрлі гүлдердің пішіні және де геометриялық ерекшеліктері көзге ұрып тұрады. Айша бибі кесенесі толығымен ою-өрнекпен көмкерілген еліміздегі бірден-бір ескерткіш болып табылады. Бұл тарихи нысан қазақ ұлтының көнеден келе жатқан ою-өрнегін бүгінгі күнге жеткізуші мұражайдай көрінеді. Кесене қабырғаларында жебе секілді иіндермен өрнектелген тереңдеу қуыстар кездеседі. Ал колонналардың жоғарғы тұсы ваза іспетті салынған. Бұрыштық коллонналардың төбесіндегі сүйірленіп келген белдеушелеріндегі гүлденген өрнектердің қыш тақталардың он сегізіншісінде арабтық куфа алфавиттерімен терілген тылсымға толы ерекше сөздерді (күз, бұлт, таңғажайып) көруге болады. Ескерткішке жер сілкінісі және тағы басқа табиғи апаттарға шыдас беру үшін арша ағашы арнайы қолданған. Кесене аңыз бойынша бізге жеткен Айша бибінің басына арнайы салынғандығы айтылады. Ол Тараздың ханы Қараханмен көрісу үшін алыс сапарға аттанады. Бірақ, діттеген жеріне жетпей, жылан шағып о дүниелік болып кетеді. Сүйіктісінен қапыда айырылған Қарахан оның басына осындай сәулетті ескерткіш тұрғызыпты. Бұл кесене мәңгілік махаббаттың, пәктіктің символы болған қасиетті орын ретінде көпке танымал.

Бабаджа Хатун кесенесі

Айша бибі кесенесінің жанынан орын алған сәулет ескерткіші өзінің қарапайым құрылысымен ерекше. Оны күйдірілген кірпіштен тұрғызған. Айша бибі кесенесіндегідей көркем өрнектерді таппайсыз. Бірақ, сәулет құрылысы өзінің өте қарапайым оюларымен, жинақылығымен тартымды. Ерекше көрік беретін призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конустық жапқыш Бабаджа Хатун кесенесін республикамыздағы басқа ескерткіштерден дараландыра түседі. Қасбетте «Бұл Бабаджа Хатун қабірі. Оны салушы» деп жазылған, байқағаныңыздай сөйлемнің аяғы өшіп кеткен. Яғни, кесенені тұрғызған шебердің есімі сақталмаған. Аңызда Бабаджа Хатун Айша бибінің күтушісі, ол дүниеден өткен соң, қабірінің басында шырақшы болған адам. Бұл кесене сол себепті Айша бибінің маңына орналастырылса керек.

Қарахан кесенесі

Тараз қаласының дәл орта тұсынан орын тепкен, шамамен ХІ-ХІІ ғасырларға жататын Қарахан кесенесі діни нысанға жатқызылады. Ол қараханидтер әулетіне кіретін Шах Махмуд Қараханға арнап тұрғызылған. Оны салған сәулетшінің де, алғашқы нұсқасы да бүгінге күнге жетпеген екен. ХХ ғасырдың бас кезінде жергілікті халықтың ықпалымен бірінші кесененің орнына қайта кесене тұрғызылғанымен, оның да сәндік өрнектері түгелімен жойылып кеткен. Бірінші нұсқасы мен сәулетінің қандай болғандығын 1902 жылы түсірілген фото арқылы ғана көруге болады. Онда нысан шаршы пішінді. Ал бас қасбетте кірпіштен қаланған өрнектер кездеседі. ХХ ғасырдың 60-жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарында кесенені әрлеу мақсатында отыздан аса әртүрлі терракаттар қолданылғаны белгілі болды. Кіреберістегі иін сүйірлене келіп, колоннаға тіреледі. Тараз қаласы Қараханның құрметіне 1836 мен 1936 жылдарда Әулиеата деген атау алғаны туралы ақпараттар кездеседі. Бүгінде нысан орталық залдан және үш жағында үш худжра бөлмелерден тұратын порталды-күмбезді құрылыстың бірі. Оның қабырғалары патша дәуіріндегі кірпіштерден қаланған, күмбезі, сондай-ақ, аркалық ойықтары ХІ ғасырға жататын плитка тәрізді кірпіштерден тұрғызылған. Кірер тұста «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген сөзді оқуға болады. Ең соңғы қайта жөндеу жұмыстарын қаланың екі мың жылдық мерейтойына орай, «Қазқайтажаңғыртау» мекемесі жүргізген еді.

Дәуітбек кесенесі

Көне ғасырлардан бүгінге күнге дейін жетіп отырған тағы бір құнды кесененің бірі – Дәуітбек кесенесі. Оның толық есімі – Ұлық Бiлгe Иkбaлxaн Дәyiтбeк Шaмaнcұp. Ғимараттың алғашқы нұсқасы күмбезі толықтай иіле қоймаған, аркаға арнайы бекітіліп салынған төрт таған іспеттес болған екен. Ал ХІХ ғасырдың соңына қарай арканың кіреберісі мен қабырғалар кірпіштен тұрғызылып, бүгінгі біз көріп отырған кесенеге айналады. Оң жағындағы бұрыштардың жоғарғы тұсы минарет секілді салынған. Қабірге түсірілген жазуды Бартольд оқи алған екен, онда: «1262 жылдың 31 наурызында өмірден өткен түркілік қолбасшы «қaлaм мeн қылыштың иесI, жаны тaзa момындаpдың жанашыp қоpғаyшыcы» жерленген» деп жазылған.

Тектұрмас кесенесі

Талас өзенінің оң жағалауында орын тепкен Тектұрмас кесенесінің салынған уақыты деп ХІV ғасырды көрсетеді. Ол орналасқан төбеде тек мұсылмандық емес, зорастризм, xpиcтиaндық pәсiмдер де өткізілген екен. Ал төбенің төменгі тұсында көне жерасты жолы мен өзеннің арғы бетіне өткізер көпір болған. ХХ ғасырдағы құдайға сенбейтіндердің саясаты кесірінен еліміздегі бірнеше мәдени маңызға ие тарихи кесенелеріміз түгелдей болмаса да, айтарлықтай зардап шеккені белгілі. Міне, соған байланысты, Тектұрмас кесенесінің ХІХ ғасырдың 80-жылдары түсірілген фотосуреті ғана қалады. Оның құрылыс пішіні қарапайым болған. Бұл орынға ХХ ғасырдың басында А.Итенов арнайы қазба жұмыстарын жүргізіп, көптеген тың деректерге кезігеді. Осы археологиялық қазбадан соң, бірден жаңа кесене тұрғызу ісі қолға алынып, 2002 жылы ол бой көтерді. Жалпы, кесене Сұлтан Махмұд жерленген орын ретінде көпке мәлім. Ал Тектұрмас сөзінің түрікшеден аударғанда мағынасы «тынымсыз орын» дегенге саяды. Ілгеріде айтып кеткендей, төбе түрлі рәсімдерді өткізетін орын болғандықтан, халық жиі келіп отырған. Сол себепті де, тынымсыз орын ретінде тарихта қалса керек.

Ерте ислам дәуіріне жататын мешіттер

Көне Тараз қаласының орнында 2005 жылдан бастап академик Байпақовтың жетекшілігімен, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институтының арнайы құрылған экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізген еді. Сол уақыттан бастап, республикамызда ежелгі киелі орныдарды қайта қалпына келтіруге қолдау көрсететін меценаттар табылып, демеушілік етті.

Бұл қазба жұмыстарын «Өлкетану» қоғамдық қорының қолдауымен, Алматы қаласында орналасқан «Страйк» қаржылық-заңгерлік компаниясы тікелей қаржыландырған еді. Бірнеше жылдар шегінде киелі саналып, адамдар мінәжат етіп келген орын қайтадан бой көтеріп, жаңа, көркем пішінмен адамдардың жиі келетін орнына айналды. Археологиялық жұмыстардың нәтижесінде көне «Алла үйінің» қалдықтары  қазып алынып, толықтай зерттеуден өтті. Олардың құнды болғаны соншалық орталық Азияға ислам дінінің келуіне бас қатырып жүрген тарихшылардың көптеген сауалдарына дәлме-дәл жауап алынды. Толықтай зерттеуден өткен соң, табылған орын VІІІ ғасырға жатқызылатын Қазақстандағы ерте Ислам дәуірімен сәйкестендірілетіндігі белгілі болды. Оларды тазалау барысында колонналарға тұғыр ретінде пайдаланылған тастар, шығысында мінәжат ететіндер жайғасатын суфа орны, ал батыс бетіндей михрабтың орны анықталды. Ол мешіт қайта қалпына келтіріліп, Жамбыл жеріндегі ашық аспан астындағы көпшілік келіп көруге арналған мұражайға айналды.

Төрткөл қалашығы

Тараздағы Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан Төрткөл қалашығы VI – VІІІ ғасырларға жатқызылады. Ғалымдардың айтуынша, ол жер керуен сарайдан қалған орын болуы ықтимал. Қалашық төрт бұрышты пішінде салынған. Биік-биік қабырғалары мен жаудан қорғану үшін тұрғызылған қамалдар болған екен. Бұл аймақтан көптеген қыштан жасалған ыдыстардың сынықтары табылған. Ал қаланың оң мен сол жағы тұрғын-жайлармен біткен. Күні бүгінге дейін Төрткөл қалашығының орны зерттеліп, қалыпқа келтіру үшін қызу жұмыстар жүргізіліп келеді.

Құлан қалашығы

Қалашық Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Құлан аулының маңында орын тепкен. Бұл қалашық туралы алғашқы деректер VІІ ғасырдың І жартысына жатқызылады. Қытайлық Сюан-Цзяның жол картасында, сол секілді Тан династияның мәліметтерінде қаланың аты Цзюй-Лань деп көрсетіледі. Құлан туралы да Ұлы Жібек жолының бойын мекен еткен қалалар туралы айтып кеткен араб жазушыларының да мәліметтерінде бар. Арабтық географ Ал-Максиди: «Бұл қала бекіністі болып келеді, мұнда мешіт салынған, ол үлкен Тараздың жолында тұр» дейді. Құлан қалашығымен көптеген тарихи оқиғаларды байланыстыруға болады. Мысалы, 740 жылы Түргеш қағанатының билеушісі Құрсұл батыс-түріктің ең соңғы билеушісі Ашин Сыньды осы жерде өлтіреді, ал 840 жылы арабтың жауынгерлері Құланға келіп жеткен екен. Қаланың топографиясына көз салса, шахристан мен күн шығыс тұсынан бекініссіз рабаттардың ізін көруге болады. Ал қаланың орта тұсының қирандылары елді-мекеннен бір жарым шақырым алысырақ орын тепкен. Ішкі қамалдың қирандылары солтүстік-батыс бетінде жатыр. Оның бүгінгі бейнесі биіктігі бірнеше метрге жететін төртбұрышты, төбе тұсы алаң іспеттес болып келеді. Ол қамалдың барлық дерлік бұрыштарының мұнарасы бар. Құланның сырты тереңдігі бір метрге жететін, ені он бес метр болатын ормен қоршаулы. Қалашыққа екі тұстан кіретін есіктер салынған. Оның бірі – оңтүстікте, екіншісі – күншығыс бетте. Қазба жұмыстары қаланың өмірін үш кезеңге бөліп қарастыруды ұсынған еді. Олар: VІ – VІІІ ғасырлар, ІХ – Х ғасырлар және ХІ –  ХІІ ғасырларының аралығы. Ғалымдардың зерттеуінше ішкі қамалдың орнында алғашқы кезеңде пақсадан салынған тұрғын-жайлар болған. Жаңа құрылыстың орны ежелгі қала қалдықтарының үстіне жайғасқан. Археологиялық қазба кезінде табылған түрлі өрнектермен әрлеген қыш ыдыстар ол қабатты екінші кезеңге жатқызады. Ал қазып алынған керамика сынықтары мен құрылыс жасайтын құралдар қалашықта ХІ – ХІІ ғасырларда тіршілік болғанынан хабардар етеді. Бұл мерзімді үйлердің еденінен алынған қарахандықтарға жататын тиындар дәлелдей түседі.

Меркі қалашығы

Меркі қалашығы – бүгінге дейін аты сақталған тарихи қалашықтардың бірі. Зерттеушілер қалашықты VІІ – ХІІІ ғасырларға жатқызады. Меркі туралы алғашқы дерек ІХ – Х ғасырларда жазылған Қудама Ибн Хордадбектің қолжазбаларынан көруге болады. Автор қаланы ірі елді-мекен ретінде көрсетіп кетеді. Ал толық сипаттама тек Әл-Максидидің жазбаларында бар: Мирки – орташа аумақты алып жатқан, бекемі мықты ішкі қамалы да бар қала. Соборлы мешітпен бірге шіркеуі де болған» дейді. Қаланың орталық бөлігіндегі қиранды орны дөңес іспетті төртбұрышты болып келген орын. Ал оңтүстік-батысындағы ішкі қамалдың қалдықтары биіктеу. Ол биіктігі екі метрге жететін қорған қабырғамен бөлініп тұр. Ал қабырға бұрыштары дөңгелектенген мұнаралмен нығайтылған, қаланың ішіне кіреберісте екі мұнара салынған. Ішкі қаланың биіктігі үш метрге жетеқабыл аздап желінген қабырғалармен қоршалған төртбұрышты дөңеске ұқсайды. Меркінің батысында табиғи қорған болса, оң жағында биіктеу келген жарқабақтар мен балшықты Көлтоған өзені болған екен. Бұл аймақтан бедерленген өрнектері бар өте қарпайым қыш қақпағының шыршалы суретпен өрнектелген оқпан істпетті сынықтардың қазылып алынуы Меркі қалашығының тарих сахнасына келу дәуірін алыс VІІ – VІІІ ғасырларға жатқызады. Ал ХІІІ ғасырдағы моңғолдардың шабуылынан кейін қала қиратылады. Ал оның қайта тұрғызылған уақыты ретінде ХІХ ғасырда қоқандықтардың кезеңімен байланыстырса болады. Мұнда бүгінде Меркі ауданының орталығы жатыр. 

Оххум қалашығы

Аталған қалашық Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Шахан елді-мекенінен солтүстік-шығысқа қарай 11-13 км қашықтықта орналасқан. Қалашықтың өмір сүрген уақыты деп VІ – ХІІ ғасыры белгіленеді. Топографиялық жағынан өте күрделі әрі екі қатарлы қабырғалармен қоршалған ғимарат. Жоғарыдағы қалалар секілді мұндағы төртбұрышты келген алаңның бекініс қабырғалары дөңестеу болып келіп, төрт жақа қарай жайылып кетеді. Ал мұнаралар қабырғалардың бұрышына периметр болып бекітілген. Таластың сол сағасы Қарабақыр өзен суын пайдаланған Оххум қалашығының жанынан көне жер суару жүйелерінің ізін аңғаруға болады.

Түймекент қалашығы

Түймекент қалашығы – Байзақ ауданына қарасты Түймекент елді-мекенінің аумағында, Талас өзенінің оң жағалауында орын тепкен. Тікбұрышты болып келген бұрыштары төрт бағытқа қарай орналасқан қалашықтың барлық жағынан биік мұнаралармен қоршалған екен. Ал орталығында тұрған төбелер ішкі бекіністің қалған бөлігі. Қалашықтың үстіңгі қабатынан қазылып алған қыш кірпіштер VІ – ХІІ ғасырға жатқызылады. Бұл орында сегіз жылдан бері зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Төменгі Барысхан қалашығы

Төменгі Барысхан қалашығы да Байзақ ауданында жатыр. Ол Тараздан бір жарым шақырым жерде орналасқан. Кудама Ибн Хордадбектің қалдырған жазбаларында: Барысхан – Тараздан күншығысқа қарай орын тепкен, адам даусы жететін жерде тұр. Оның айналасында бүгіндері құлап қалған қабырға тұр. Ал үлкен мешіт болса, базарлардың ортасынан орын алған». Археологиялық жұмыстардың нәтижесінде қалашықтан тіктөртбұрышты, сондай-ақ шаршы пішінді көптеген үй-жайлардың орны аршылды. Ал жерден ошақтардың тұрған орны табылған еді. Алаңның маңында жерге қазылып көмілген өте-өте үлкен бөшке істпетті ыдыс бар. Ол ыдыста шарап әзірленгені белгілі болды. Бұл жерде 2004 жылдан бері қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Сол жұмыстардың нәтижесі ретінде табылған бірнеше көлемді ыдыстар мен тұрғын және шаруашлыққа тұрғызылған үйлерді айта кетуге болады. Қалашықта VІ – ХІІ ғасырлар аралығында тіршілік болғаны айтылады.

Ақыртас сарай кешені

VІІІ – ХІІ ғасырларға жатқызылатын Ақыртас кешені тарихқа көптеген жаңалықтар алып келді. Ол Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 км жерде, Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Бұл орынға алғаш назар аударған орыстың суретшісі Знаменский болған. Ол 1864 жылы қала орнына барып, қалған қабырғалардың бөліктерін сызып жақсы деректер қалдырады. Халық арасында осы орынға байланысты көптеген әңгімелер тараған. Расымен де, Ақыртас құпияға толы жер ме?

Арнайы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде көптеген нысандар табылған еді. Олардың алғашқылары керуен сарай кешені. Монументальды құрылыс оңтүстіктен солтүстікке қарай бағытталған. Қабырғалары өңделіп әзірленген қызыл құмтастармен тұрғызылған, бір – бір жарым метрге дейін көтерілген. Ал қаланың сыртында қабырғалары қыштан қаланған, көлемі 2,5 гектарды алып жатқан биік қабырғалармен қоршалған тұрғын-жайлар орын тепкен. Барлық қалашықтар секілді Ақыртастан да қамалдың орны табылды. Оның биіктігі үш жарым метрге жетеді. Қамалдың ішкі бөлмелері бойлықтың бойында орналасқан үш бөлмеден құралған. Ақыртастан тас өңдейтін карьердің орнын көруге болады. Оның жалпы ұзындығы 400 метрге жетеді. Бүгінге дейін бұл маңнан тегістелген, жартылай ғана өңделген тастардың қалдықтары жатыр. Тек тасты ғана емес ақыртастықтар саз балшығын да өңдеп, қолданысқа пайдаланған екен. Оған дәлел қалашықтан 500 м ары орналасқан карьердің табылуы. Онда кірпіш пен қышқа қолданылатын негізгі материал сары топырақтың орны бар. Кірпішті күйдіруге арналған пеш, күйген кірпіштің қалдықтары мен күлі сөзімізді нақтылай түседі.

Қалашықтың солтүстік бетінде екі су қойма болған. Оның біреуінің ауданы 40х40, тереңдігі екі метрге жетеді. Оған 3200 текше метр су сыйған екен. Ал бірінің диаметрі мұнымен салыстырған аздап кішілеу. Қалашықтың құрылысы үш бөліктен тұрғанымен, оны төртке бөліп қарастырады: «Шеберлер ауылы», «Хан ордасы», «Құмтас кешені» және де «Ақыртас ғимараты».

Бүгінде бұл қалашықта зерттеу жұмыстары жалғасып келеді. «Бәрі де уақыттан қорықса, уақыт Пирамидадан қорқады» деген сөзге арқау болған Египет жеріндегі 7 кереметтің бірі, Афины Акропольдары мен Рим колозейі және тағы басқа кереметтердің барлығы Ақыртастың да жерінде болғанына күмән келтірмейміз. Бүгінде Ақыртас Қазақстанның киелі нысандарының тізімінде тұр. Тек жергілікті ғалымдар емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келіп зерттеп жүрген археологтар жетерлік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға