Тарихи жетістік: Карлос Алькарас Қорытынды турнирде қалай жеңіске жетті

Тарихи жетістік: Карлос Алькарас Қорытынды турнирде қалай жеңіске жетті
Фото: instagram.com/carlitosalcarazz

Испаниялық теннисші Карлос Алькарас мансабында алғаш рет ATP Қорытынды турнирінде топ жарды.

Италияның Турин қаласында өткен жарыстың финалында ол әлемнің бірінші ракеткасы германиялық Александр Зверевті екі сетте жеңіп, мансабындағы 30-титулына қол жеткізді.

Финалдық кездесу жабық кешендегі қатты төсеніште өтіп, 2 сағат 1 минутқа созылды. Әлемдік рейтингтің үшінші сатысында тұрған Алькарас қарсыласынан 6:2, 7:6 (9:7) есебімен басым түсті.

Осылайша, 23 жастағы испаниялық көптен бері бағындыра алмай жүрген ATP Қорытынды турнирінің кубогын алғаш рет иеленді. Ол былтыр да финалға дейін жеткенімен, шешуші кездесуде италиялық Янник Синнерге жол берген еді.

Финалда Алькарас қалай жеңіске жетті?

Испаниялық теннисші кездесуді өте сенімді бастады. Алғашқы сетте Зверевтің қарымта шабуылдарына мүмкіндік бермей, 6:2 есебімен басым түсті. Германиялық спортшы допты ойынға қосуда қиындықтарға тап болып, алғашқы партияда 19 рет қателесті.

Екінші сетте Алькарас 4:2 есебімен алға шыққанымен, Зверев таразы басын теңестіріп, ойынды тай-брейкке дейін жеткізді. Онда неміс теннисшісінің жеңіске жетуге үш мүмкіндігі болды. Есеп 6:3 болғанда ол қатарынан үш сетбол алды. Алайда Алькарас үшеуін де қайтарып, тай-брейкті 9:7 есебімен өз пайдасына аяқтады.

Матч статистикасы да испаниялықтың басымдығын көрсетті. Алькарас жеті эйс жасап, үш рет қос қателікке жол берді. Жеті брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды. Ал Зверев төрт эйс жасап, бір қос қателік жіберді және бес брейк-пойнттың екеуін ғана жүзеге асырды. Жалпы ұпай саны бойынша да Алькарас алда – 80:64.

Алькарас турнирді жеңіліссіз аяқтады

Испаниялық теннисші Туриндегі жарыста бір де бір рет жеңілген жоқ. Топтық кезеңдегі үш кездесуінің бәрінде жеңіске жетіп, жартылай финалда америкалық Бен Шелтоннан басым түсті. Ал финалда Зверевті жеңіп, турнирдегі жеңісті сериясын 14 матчқа жеткізді.

Бұл – Алькарастың биылғы маусымдағы алтыншы, кәсіби мансабындағы 30-титулы. Осылайша, ол 23 жасында ATP Қорытынды турнирінің кубогын да өз коллекциясына қосты.

Ал Зверев осы жарыстың финалына үшінші рет шықты. Бұған дейін ол 2018 және 2021 жылдары турнир чемпионы атанған. Биыл да топтық кезеңдегі үш кездесуінің бәрін жеңіп, жартылай финалда ресейлік Даниил Медведевті 7:6, 6:4 есебімен ұтқан еді. Алайда шешуші матчта Алькарастан айласын асыра алмады.

Алькарас тарихи жетістікке жетті

Туриндегі жеңіс испаниялық теннисші үшін тағы бір тарихи белес болды. Ол мансабында «Үлкен дулыға» санатындағы төрт турнирдің де жеңімпазы атанып, енді ATP Қорытынды турнирінің кубогын иеленді.

Осылайша, Алькарас теннис тарихында төрт «Үлкен дулыға» жарысы мен ATP Қорытынды турнирінде топ жарған төртінші ойыншы атанды. Бұған дейін мұндай жетістікке Андре Агасси, Роджер Федерер және Новак Джокович қана қол жеткізген.

Ең қызығы, Алькарас бұл межені небәрі 23 жасында бағындырды. Ол осы төрт теннисшінің ішіндегі ең жасы.

Марапаттау рәсімінде Александр Зверев қарсыласының жетістігін әзілмен атап өтті.

Карлос енді карьерасын аяқтап, зейнетке шыға берсе де болады, – деді ол.

Алайда испаниялық теннисшінің әзірге спорттан кетпейтіні анық.

Дегенмен ұзақ маусымның салмағы Алькарастың денсаулығына да әсер еткен. Турнир соңында оның жамбас, тізе және тобық тұсында ауырсыну болғаны айтылды. Енді теннисші алдағы демалыс кезеңінде жарақаттарын емдеп, келесі маусымға тыңғылықты дайындалуға бет бұрады.

Оқи отырыңыз