Жаңалықтар

Тарихи фильмге осынша көрермен жиналады деп күтпедім - «Оян қазақта» басты рөлді ойнаған актер

Тарихи фильмге осынша көрермен жиналады деп күтпедім - «Оян қазақта» басты рөлді ойнаған актер
Фото: «Міржақып. Оян қазақ»: Фильмнен кадр 16.10.2023 13:00 18207

«Міржақып. Оян қазақ!» фильмі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, жастардың ұлтқа деген махаббатын оята білді. Осы фильмде Міржақыптың рөлін сомдаған Бақыт Қажыбаевтан фильм кезіндегі толғаныстары туралы сұрап, аз-кем әңгімелескен едік.

El.kz: «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі жалпы көрерменге, әсіресе, жастарға ерекше әсер етті. "Қазақтығымызға, ұлттық болмысымызға оралғандай болдық. Тілге, тарихқа деген қалғып кеткен махаббатымызды қайта оятты" деп әлеуметтік желіде жастар жағы жарыса жазып жатыр. Ал көрерменнің осынша ықыласы сізге қалай әсер етті?

Бақыт Қажыбаев: Шынымды айтсам, тарихи фильмге дәл осындай аудитория жиналады деп күткен жоқпын. Оны халық та күтпеді деп ойлаймын. Киноның мұндай сұранысқа ие болатынына біз дайын болмадық. Кинотеатрларға бар-жоғы екі апталық көрсетілімге шығарған Ұлттық арнаның өзі күтпеді деп ойлаймын. «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің монтажы жүріп жатқан кезде режиссер Мұрат Есжаннан «Ертең көрерменнің алдында ұятқа қалып жүрмейміз бе?» деп сұрадым. Кино түсірілімі аяқталғаннан кейін қатты уайымдадым. Міржақыптың бейнесін аша алдым ба? деген ой көп мазалады. Кинотеатрларда көрсетілім басталғаннан кейін халықтың өзі бірінен соң бірі іліп әкетіп: «Барыңыздар, көріңіздер!» деп насихаттап жатты. Бұл - халықтың руханиятқа, өзіміздің шыққан тегімізге шөліркеп қалғанының көрінісі деп ойлаймын. Режиссерлер мен сценаристер халықтың жүрек кілтін таба білді. Мұны мен емес, қазақтың кез келген актеры ойнаса да фильм сәтті шығатын еді. Өйткені біздің төл тарихымыз ғой. Алаш арыстары өз жандарын аяған жоқ. Барын салды. Ел болып, жұрт болып, дербес мемлекет болуымызға негіз қалап берді. Біздің егемендігіміз үшін өмірін қиып кетті.

Тарихи фильмге осынша көрермен жиналады деп күтпедім - «Оян қазақта» басты рөлді ойнаған актер
«Міржақып. Оян қазақ»: Фильмнен кадр

El.kz: Көшеде, қоғамдық орындарда жүргенде көрерменнің махаббатын сезініп үлгердіңіз бе? Сізді көргенде көрермендеріңіз не дейді?

Бақыт Қажыбаев: Осы рөлден кейін жүректі елжіретер біраз жайттар басымнан өтті. Көрерменнің махаббатын толық сездім десем болады. Соның бірін айтып берейін. Ең алғаш рет болғанда қатты таңырқап қалдым. Алматыдағы сауда орталығына барғанымда, бір жігіт келіп мені құшақтап алды. Қарасам, көзіне жас алып тұр екен. Содан кейін «Аға, кешіріңізші! Сізді көргенде Міржақып атам алдымнан шыға келгендей болды. Фильмді кеше ғана көрдім. Ішкі жан дүниемді төңкеріп тастады» деді. Бұған дейін мұндай сезім басымнан өтпегеннен кейін маған да күтпеген жайт болды. Мен өзімді қалай ұстағаным дұрыс екенін білмедім. Бұған дейін қаншама сериалдарға түсіп жүрмін ғой. Бірақ мұндай жағдай болған емес.

El.kz: Киноға, сіз сомдаған рөлге қатысты сын айтқандар болды ма?

Бақыт Қажыбаев: Тарихшылар бар, әдебиеттанушылар бар барлығы сынға алатын шығар деп өзімізді дайындадық. Сондықтан фильмдегі әрбір сөзімді, іс-қиымылымды, әрбір ойынымды қадағалап отырдым. Бір рет емес, жүз рет ойнап дайындалдым. Қалай ойнағаным дұрыс екен деп, ізденесің, толғанасың, күйзелесің, қайғырасың. Әр сахнаның эмоциясын қалай келтірем деп ойлайсың. Көпшіліктің көңілінен шығу оңай емес. Бірақ біз ойлағандай көп сын болмады. Көбісі керісінше қолдап жатты. Міржақыптың тоғыз ай бойы түрмеде азап тартып, бет-әлпетінде қартаюдың, қажудың, қинаудың еш белгісі болмағанына қатысты сынды естіп қалдым. Сақал, мұрты шашы өспегені жайлы пікір орынды деп ойлаймын. «Әттең, осыны ескергенімізде» деп қалдым. Мұны сын дегеннен гөрі тілек, ізгі ниет деп айтар едім. Сондай бір өзгеріспен болғанда киноның әсері күштірек болатын еді деген ой туды.

El.kz: Міржақып секілді ірі тұлғаны сомдау расында да оңай емес. Сіз бұл рөлге қалай дайындалдыңыз? Міржақыптың өмір жолы мен шығармашылығымен бұрын таныс па едіңіз?

Бақыт Қажыбаев: Жоқ, бұған дейін Міржақып атамыздың шығармашылығымен таныс емес едім. Майя Бекбаеваның деректі фильмдерін көріп шықтым. Өмірбаянымен, шығармашылық жолымен таныстым. Алаш қайраткерлері мен үшін ашылмаған тұстары көп екенін осы фильмге дайындық барысында байқадым. Міржақып туралы оқыған кезде ол кісінің өмір жолы, жүріс-тұрысы көз алдыма келді. Өзімше сол кісінің болмыс-бітімін тапқандай болдым. Бірақ өз ойыныма толықтай риза болдым деп айта алмаймын. Міржақып атамыздың ашылмаған қырлары көп деп ойлаймын. Оны мен де толық аша алмадым. Бір жағынан алты серия осындай ұлы тұлғаның өмір жолын көрсетуге тым аз. Сол себепті әлде де қазақ елінде осы Алаш қайраткерлері туралы фильм көбейе берсе екен деген тілек бар. Қатты көмектескені – сценаристердің ұлтжандылығы, Алашқа деген махаббаты. Мұрат Есжан, Ұшқын Сайдірахманұлы, Ұларбек Нұрғалымұлы үшеуі тізе қосып отырып, алты ай толғап, келелі кеңес ашып, ойласып, осы сценарийді жазды. Біз ойнаған кезде рөлді қалай ашсам екен деп қиналмадық. Бізге қай тұсын қалай ашу керек екенін ұсақ-түйегіне дейін көрсетіп, айтып берді. Актерлар құрамы сценаристердің ізденімпаздығына, талантына тәнті болдық. Сценаристердің мықтылығы сондай құрылымды бір-біріне кіріктіріп жасаған. Сөздің күші, ойнаудың күші бәрі көрініп тұрады. Өзге кейіпкерлерге қарағанда Міржақыпты бір саты жоғары қойып қойғанын сезініп ойнадым. Бұл маған ерекше шабыт сыйлады. Мен Мұрат Есжаннан Алаш қайраткерлерінің бейнесін көрдім. Алаш қайраткерлері сияқты елін, жерін, тілін сүйетін нағыз зиялы азамат. Режиссердің Алаш қайраткерлеріне деген шексіз махаббаты, ізеті, құрметі көрініп тұрды. Түсірілім алаңында осындай ілтипат, махаббат, құрметті бізге де жұқтыра білді. Олар көрерменнің жүрегіне Міржақыптың батыл бейнесін, еркін көзқарасын, білімге үндеген рухын қалай жеткіземіз деп, үлкен мақсат қойды. Екінші жағынан авторлар бұл жобаға коммерциялық көзқараспен емес, ұлттық мүдде тұрғысынан келді. Мәселен, кейбір режиссерлер жобаға жұмыс ретінде ғана қарайтын кездер болады. Ал біз бұл жерде режиссердің рухани жағына көбірек мән беретінін түсірілім бойы сезіндік. Әрбір сөзіне "қиянат жасамайықшы" деп жалынып, жалбарынып, "өз сөздеріңізбен өзгертпеңіздерші, мұны біз өзіміз жазбадық, бұл тарихта жазылып қалған, сол кісілердің ауыздарынан шыққан сөздер" деп шырылдады.

El.kz: Міржақып Дулатұлының рөлін ойнап, біршама уақыт оның өмірін сүргендей болдыңыз? Сіз таныған Міржақып қандай?

Бақыт Қажыбаев: Ер мінезді, тік мінезді, шыншыл, адал, иманды, нағыз елін сүйетін, жан-тәнімен елге қызмет ететін үлкен тұлға.

El.kz:Түсірілім кезінде ең қатты батқаны не болды? Режиссермен келіспеген тұстарыңыз болды ма?

Бақыт Қажыбаев: Біз кәсіби актер болғаннан кейін мәтінмен күн сайын жұмыс жасаймыз. Сондықтан ол жағынан мәселе болған жоқ. Мәтіннен қатты қиналдым деп айта алмаймын. Көп қинаған техникалық тұстар, уақыт тапшылығы. Сол уақыт тапшылығының кесірінен осалдау болып қалған тұстарын өзіміз байқап отырамыз. «Әттеген-ай, уақыт қыспағанда, қаражаты көбірек болғанда» деп қаламыз. Мұндай кедергілер творчестволық жағынан кесірін тигізді. Режиссер мен актердың арасында қандай мінсіз тандем болса да творчестволық тартыс болады. Бізде де мұндай тартыс болды. Бірақ мен оны айтып, оған баса назар аударғым келмейді. Өйткені ол жұмыс барысында болатын ұсақ-түйек дүниелер десе де болады. Бірақ актер - шығармашылық адамы. Мұндай тартыстар ішкі жан дүниеме де өз әсерін тигізді. Мен ол сахнаны Міржақып атамызға қимадым. Дегенмен режиссердің өз ойлағаны бар. Олар творчестволық жағы мен материалдық базаны қабыстыра отырып ойланады. Жалпы кино шыққаннан кейін қарағанда, ол сахнадағы кем тұстары байқалмай қалған. Ал сол сахнаны түсіргенде маған қатты сезілетіндей көрінген. Менің ойымдағыдай сахна жасағанда, бұдан да жақсы ашылар ма еді деп ойлаймын.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға