Тараздағы бокс додасы сенсацияға толы болды: Қызайбай жеңілді, Алматы топ жарды

Тараздағы бокс додасы сенсацияға толы болды: Қызайбай жеңілді, Алматы топ жарды
Фото: ҰОК

Тараз қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. 30 қазан мен 6 қараша аралығында өткен ел біріншілігінде 20 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Жалпыкомандалық есепте Алматы қаласының құрамасы үздік нәтиже көрсетті.

Алматылық боксшылар 6 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, бірінші орынға ие болды. Екінші орынға 3 алтын, 3 күміс және 6 қола жүлдемен Қарағанды облысы жайғасса, үздік үштікті 3 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль еншілеген Шымкент қаласы түйіндеді.

Чемпионаттағы басты сенсациялардың бірі әйелдер арасындағы 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тіркелді. Шымкенттік Элина Базарова Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Назым Қызайбайды финалда төрешілердің бөлек шешімімен 3:2 есебімен жеңіп, ел чемпионы атанды.

Жекпе-жектен кейін Элина Базарова атақты қарсыласын жеңу оңай болмағанын айтып, кездесудің психологиялық тұрғыдан қиын өткенін жасырмады.

«Мен үшін бұл өте тартысты әрі қиын жекпе-жек болды. Бұл кездесуге психологиялық тұрғыдан дайын болу керек еді. Назым Қызайбай – өте титулды боксшы, тіпті Қазақстандағы ең танымал спортшы деуге болады. Әсіресе психологиялық жағынан қиын болды», – деді Базарова журналист Аслан Қаженовке берген сұхбатында.

Жаңа чемпионның айтуынша, бапкерлер штабы Қызайбайға қарсы арнайы тактика әзірлеген. Негізгі мақсат қарсыласқа жоғары қарқын ұсынып, оны шаршату болған.

«Бапкерлердің тапсырмасы алдыңғы қолмен көбірек жұмыс істеу, қарқынды арттыру, қарсыласты шаршату және соққыларды денеден басқа ауыстырып отыру болды. Бұл тапсырманы 100 пайыз болмаса да, 60–70 пайыз орындадым. Соның арқасында жеңіске жеттім, Құдайға шүкір», – деді Элина Базарова.

Ел чемпионатында ерлер арасында Нұрзат Оңғаров, Нұрсұлтан Алтынбек, Әділбек Қожахан, Абзал Серік, Фарух Тоқтасынов, Нұрбек Мұрсал, Санжар-Әли Бегалиев, Темірлан Мұқатаев, Дәулет Төлемісов және Данияр Рахимбердинов алтын медаль иеленді.

Ал әйелдер бәсекесінде Гүлназ Бөрібаева, Анита Әдішева, Элина Базарова, Ұлжан Сәрсенбек, Виктория Графеева, Аида Әбікеева, Бақыт Сейдиш, Шұғыла Нәлібай, Надежда Рябец және Елдана Тәліпова Қазақстан чемпионы атанды.

Жалпыкомандалық есепте төртінші орын Түркістан облысына бұйырды. Бұл өңірдің спортшылары 2 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Бесінші орынға 1 алтын, 3 күміс және 7 қола жүлдемен Жамбыл облысы тұрақтады.

Чемпионат қорытындысы бойынша Алматы құрамасы елдегі ең нәтижелі команда атанса, Қарағанды облысы мен Шымкент боксшылары да жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

Ал Назым Қызайбайды жеңген Элина Базарова ендігі мақсаты халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсету екенін жеткізді. Спортшы қысқа демалыстан кейін жаттығуға қайта кірісіп, әлем чемпионатына дайындалуды жоспарлап отыр. Оның басты арманы – Олимпиада ойындарына жолдама алып, Қазақстан намысын қорғау.

Оқи отырыңыз