Жаңалықтар

Таразда Корей халқы этностарының күні аталып өтті

Таразда Корей халқы этностарының күні аталып өтті
04.12.2018 12:55 1551

Тараз қаласындағы «Достық» үйінде корей халқы этностарының күні аталып өтті. Облыстық «Коре» кәрістер қауымдастығының жетекшісі Лаврентий Кан жүргізген басқосуда бүгінде түрлі этнос өкілдері кіндік қаны тамған Қазақстанды өзінің екінші Отаны санайтынын тілге тиек етті.

«Жол картасының жады. Тарихи  жадыларды жаңғыртудағы жастар» тақырыбымен өткен дөңгелек үстелде осындай жайттар назардан тыс қалмады.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, аталған қауымдастықтың мүшесі Анатолий Пак қазақстанға қоныс тепкен  ата-бабаларының тарихи тағдыры жайында кеңінен сөз қозғады. Жалпы этностық ұлттарға деген құрметтің белгісіндей Мемлекет басшысы 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығын шығарғаны белгілі. Бүгінде сол Ассамблея тағдыры тоғысқан этностық ұлт өкілдерінің ауызбіршілігін бір шаңырақ астында ұйытып, бірлігін нығайту бағытында толайым тірліктер атқарып келеді.

Техника ғылымдарының кандидаты, профессор, қауымдастық мүшесі Илья Хе, белсенді жас Александр Мун және жоғары оқу орындарының оқытушылары аясында сөз алды. Олар 1939 жылғы депортация салдарынан Қазақстанға 96 мыңнан аса корей күштеп көшірілгенін, көпшілігі Қарағанды, Қызылорда, Талдықорған, Түркістан облыстарына қоныстанғанын айтты. Бұл орайда жол азабын көріп жеткен корейлерді сол кезде қазақ халқы кең құшақпен қарсы алғаны жайында сөз қозғап, ризашылығын білдірді. – Қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген корейлердің жанына батқан қиындығын тереңінен түсініп, ыстық ықыласын көрсеткен қазақ  халқы бізге өте ыстық. Біздің ұрпақтарымыз қазақ топырағында өсіп-өніп, қазақ елі мен жеріне адал қызмет етіп келеді, - дейді кәрістер бірлестігінің басшысы Лаврентий Кан.  Саны аз болғанымен, корейлер ұлттық болмысын сақтап, мәдени орталықтары арқылы өздерінің ұлт ретіндегі ерекшеліктерін қастерлей білетін халық.

Ауқымды шарада корей халқының Қазақстанда қызмет көрсеткен ұлттық ансамблі туралы да айтылды. Бүгінде корейлердің қазақ елін өзімнің туған Отаным деп санайтын бір емес, бірнеше ұрпағы өсіп-өнуде. Кәрістер қиын-қыстау заманда қазақ халқының құшақ жая қарсы алғанын ешқашан да естен шығармайтынын ерекше ықыласпен айтады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға