Тапаловтың голы мен Анарбековтің сейві: «Қайрат» еурокубокта тарихи жетістікке қол жеткізді

Тапаловтың голы мен Анарбековтің сейві: «Қайрат» еурокубокта тарихи жетістікке қол жеткізді
Фото: "Қайрат" ФК

Алматының «Қайраты» УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші турда Швецияның «Мьельбю» клубын 1:0 есебімен жеңді. Орталық стадионда өткен кездесудегі жалғыз голды Еркін Тапалов соқты. Ал қақпашы Темірлан Анарбеков бірнеше қауіпті соққыны қайтарып, командасының жеңісіне зор үлес қосты. Бұл – «Қайраттың» еурокубоктардың негізгі кезеңіндегі тарихта қалған алғашқы жеңісі.

Алматыдағы матчты поляк төрешісі Павел Рачковски бастаған қазылар алқасы басқарды.

Командалардың бастапқы құрамы

«Қайрат»: Анарбеков, Қасабулат, Мартинович, Широбоков, Мата, Тапалов, Оксанен, Мендонса, Юккола, Эдмилсон, Гуаль.

«Мьельбю»: Лундин, Агнарссон, Петтерссон, Норен, Икбаль, Густафсон, Густавссон, Леандерссон, Кьер, Юссеф, Гранат.

Тапаловтың голы және Анарбековтің сейвтері

Кездесуді алаң иелері белсенді бастап, 14-минутта есеп ашты. Еркін Тапалов айып алаңының ішінен қақпаның жақын бұрышына дәл соққы жасап, «Қайратты» алға шығарды.

Голдан кейін алматылықтар қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Осы сәтті пайдаланған швед командасы шабуылды үдетіп, Темірлан Анарбековтің қақпасына бірнеше қауіпті соққы бағыттады. Алайда қазақстандық қақпашы сенімді ойнап, командасын талай рет құтқарып қалды.

Екінші таймда екі команда да шабуылға жиі шығып, ойын тартысты өрбіді. «Қайрат» ойыншысы Ойва Юккола қақпа маңдайшасын дәл көздеп, голға жақын болды. Ал шведтердің шабуылдарына тағы да Анарбеков тосқауыл қойды.

Осылайша, «Қайрат» матчты 1:0 есебімен аяқтап, Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Швед басылымы: «Қайрат» матчты жақсы бастады

Швецияның Fotbollskanalen басылымы алматылық клубтың жеңісіне тоқталып, «Қайраттың» кездесуді жақсы бастағанын атап өтті.

Басылымның жазуынша, қазақстандық команда алғашқы минуттардан-ақ қарсыласына қысым жасап, 14-минутта сәтті қарсы шабуылдың нәтижесінде есеп ашқан. Алайда ойын біртіндеп өзгеріп, «Мьельбю» Анарбеков қақпасына қауіп төндіре бастады.

Алматыдағы стадионға жиналған аздаған көрермен «Мьельбюдың» қысымды көбейткенін көрді, – деп жазды автор.

Екінші таймда ойын көбіне алаң ортасында өрбігенімен, 76-минутта шведтер есепті теңестіруге тамаша мүмкіндік алды. Бірақ Анарбеков қарсыласының жоспарын бұзып, қауіпті соққыны қайтарды.

Fotbollskanalen тілшісінің бағалауынша, қазақстандық қақпашы «қажетті сәтте қажетті жерден табылып, жылдам реакция танытты».

Швед командасы есепті теңестіруге тырысқанымен, Анарбеков өз қақпасын голдан аман сақтап қалды. Бұл ойында «Мьельбю» жалпы кезеңде алғаш рет жеңіліске ұшырады. Алматыға келгенге дейін швед клубы екі рет жеңіп, бір кездесуде тең түскен болатын.

Йеппе Кьер: Ғаламат қақпашы

«Мьельбюдің» даниялық ойыншысы Йеппе Кьер матчтан кейін Темірлан Анарбековтің ойынына ерекше тоқталды.

Ғаламат қақпашы. Бұл матчтан біраз жақсы нәрсе түйеміз деп ойлаймын. Бірақ, әрине, жасаған мүмкіндіктеріміздің кем дегенде біреуін немесе бірнешеуін пайдалануымыз керек еді, – деді Йеппе Кьер Blekinge Läns Tidning басылымына берген сұхбатында.

SvenskaFans: «Қайрат» үш апта бойы ойнамаса да, өте сауатты қимылдады

Швецияның SvenskaFans порталының авторы Каспер Шёлин де Темірлан Анарбековтің ойынына жоғары баға берді.

Журналист швед командасының матчты сәтсіз бастағанын атап өтіп, «Қайраттың» үш апта бойы ресми ойын өткізбегеніне қарамастан, алаңда сенімді ойнағанын алға тартты.

«Қайрат» үш апта бойы футбол ойнамаған командаға ұқсамады. Қайта біз сондай жағдайда сияқты көріндік, – деп жазды Шёлин.

Ол Анарбековтің ойынына арналған бөлімді «Тосқауыл бола білген Анарбеков...» деп атаған.

Ол керемет ойнады! – деп таңданысын білдірді журналист.

Шёлиннің пікірінше, «Мьельбюдің» жеңілісіне матчтың алғашқы жарты сағатындағы енжарлық пен Анарбековтің тамаша ойыны себеп болған. Автор «Қайраттың» бұл кездесуде басым болғанын мойындап, ерте соғылған голдан кейін команда сенімді қақпашысына арқа сүйей алғанын атап өтті.

Конференция лигасы. Жалпы кезең. 4-тур

«Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – «Мьельбю» (Хеллевик, Швеция) – 1:0 (1:0).

Гол: Еркін Тапалов, 14-минут.

Алматылық клуб 10 желтоқсанда өз алаңында Румынияның Крайова қаласынан келген «Университатя» командасын қабылдайды.

Оқи отырыңыз