Астанада түрік миниатюра өнерінің белгілі шеберлері Танер Алакуш пен Ясемин Акйолдың «IZLEK» көрмесі ашылды. Көпшілік назарына суретшілердің әр жылдары жасаған 41 туындысы ұсынылды. Олардың арасында тарихи оқиғаларға арналған шығармалар, бірнеше ай бойы салынған күрделі жұмыстар мен ерлі-зайыпты суретшілердің бірлескен еңбегі бар. El.kz тілшісі өнер иелерімен сұхбаттасып, миниатюраның ерекшелігі, туындылардың тарихы және бұл өнерге жастардың қызығушылығы туралы әңгімелесті.
Бауырлас елдегі алғашқы көрме
5 қарашада Астанадағы OzgeEpic шығармашылық кеңістігінде ашылған көрме Қазақстандағы Түркия елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Мұнда дәстүрлі түрік миниатюрасының заманауи үлгілері қойылған.
43 жылдан бері осы өнермен айналысып келе жатқан Танер Алакуш Қазақстанға алғаш рет келген. Суретші бауырлас елде шығармаларын таныстырудың өзі үшін ерекше маңызы бар екенін айтты.
Қазақстанға келгенімізге өте қуаныштымыз. Біз үшін бұл – бауырлас, мәдениеті мен тарихы жақын ел. Мұндағы адамдардың жылы ықыласын бірден сезіндік. Өнерге деген қызығушылығы да жоғары екен. Бұл – Қазақстанға алғашқы сапарымыз. Алдағы уақытта да келіп, көрерменмен жүздескіміз келеді, – дейді Танер Алакуш.
Суретшінің айтуынша, көрмедегі туындылар шеберлердің әр жылдардағы шығармашылық ізденістерін қамтиды. Жалпы 41 жұмыс ұсынылған. Танер Алакуш бұл санның түрік мәдениетінде ерекше мәні бар екенін де атап өтті.
Бізде «41 kere maşallah» деген жақсы тілек бар. Қазақ халқында да осыған ұқсас ұғым бар екенін естідім. Сондықтан алғашқы көрмемізге 41 туынды алып келуіміздің де өзіндік мәні бар, – дейді ол.
Ал Ясемин Акйол Қазақстанға Түркияның еліміздегі елшісі Мұстафа Капуджудың жұбайы Аху Капуджудың шақыруымен келгендерін айтты. Суретші қазақстандық өнерсүйер қауыммен кездесіп, олардың пікірін білгісі келетінін жеткізді.
Миниатюраның ерекшелігі неде?
Миниатюра өнері асқан ұқыптылық пен шыдамдылықты талап етеді. Шағын көлемдегі туындының өзінде тұтас қаланың көрінісін, тарихи оқиғаны немесе күрделі сәулет нысандарын бейнелеуге болады. Әр сызық пен түстің өзіндік орны бар.
Танер Алакуштың айтуынша, миниатюраның басты ерекшелігі – шынайы өмірді сол күйінде көшірмей, оны суретшінің көркемдік танымы арқылы жеткізу.
Миниатюрада суретші көргенін айнытпай салуға міндетті емес. Ол бейнені өз қалауынша өзгертіп, көркемдей алады. Мәселен, бір ғимараттың іші мен сыртын қатар көрсетуге болады. Яғни кеңістікті бір ғана қырынан емес, жан-жақты бейнелейміз. Бұл – миниатюраның өзіне тән ерекшелігі, – дейді суретші.
Түрік миниатюрасында түстерге де ерекше мән беріледі. Әсіресе көгілдір, қою көк және алтын түстер кеңінен қолданылады. Танер Алакуштың шығармаларынан да осы реңктерді жиі кездестіруге болады.
Дегенмен суретші дәстүрлі өнерді бұрынғы қалпында қайталаумен шектелмейді. Оның пікірінше, әр дәуірдің шебері өз заманын бейнелеуі керек.
Миниатюра – ғасырлар бойы қалыптасқан өнер. Бірақ біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бұрынғы туындыларды көшіре бергіміз келмейді. Бүгінгі адамның көзқарасын, заманның ерекшелігін осы өнер арқылы жеткізуге тырысамыз. Дәстүрді сақтай отырып, оған жаңалық енгізу маңызды, – дейді Танер Алакуш.
Екі суретшінің махаббатынан туған шығарма
Көрмедегі ерекше жұмыстардың бірі – Танер Алакуш пен Ясемин Акйолдың «Yan Yana» атты туындысы. Атауы қазақша «Қатар» деген мағынаны білдіреді. Суретте қақ жарылған анардың ішінде Ыстанбұлдың тарихи ғимараттары, күмбездері мен мұнаралары бейнеленген.
Бұл – ерлі-зайыпты суретшілердің шаңырақ көтергеннен кейін бірге жасаған алғашқы еңбектерінің бірі.
Туындының оң жақ бөлігін мен, сол жағын Ясемин салды. Мен дәстүрлі миниатюра тәсілін қолдансам, жұбайым анар бейнесі арқылы өз қолтаңбасын көрсетті. «Yan Yana» атауы да екеуіміздің қатар, бірге екенімізді білдіреді, – дейді Танер Алакуш.
Шығармада Ыстанбұл бұғазының екі жағалауы бейнеленген. Әр жағалау суретшілердің өзіндік қолтаңбасын танытса, бұғаз оларды байланыстырып тұр. Көлемі небәрі 15×15 сантиметр болатын туындыны аяқтауға екі ай уақыт кеткен.
Ал анардың таңдалуы кездейсоқ емес. Ясемин Акйол бұл жемісті 2012 жылдан бері бейнелеп келеді.
Түркияда Ясеминді анар бейнеленген туындылары арқылы таниды. Анар береке мен ұрпақ жалғастығын білдіреді. Тіпті Ыстанбұлдағы шеберханамызда анар ағашы өсіп тұр. Ол да жұбайыма шабыт береді, – дейді суретші.
Ясемин Акйол үшін бұл жұмыстың орны ерекше. Өйткені анар бейнесін жұбайымен бірге салған.
Анар менің шығармашылығымда бұрыннан бар. Бірақ оны Танермен бірге бейнелеу ерекше әсер сыйлады. Екеуіміздің сурет салу мәнеріміз әртүрлі болғанымен, бір туындыда үйлесім тапты. Сондықтан бұл жұмыс біз үшін өте қымбат, – дейді ол.
Теңіз апатын бейнелеген туынды
Танер Алакуштың тағы бір шығармасы Осман империясы мен Жапония арасындағы тарихи оқиғаға арналған. Онда Ыстанбұлдың көне келбеті, теңіз жағалауындағы ғимараттар мен желкенді кемелер бейнеленген.
Туындыға II Абдулхамид сұлтан билік құрған кезеңдегі «Эртуғрул» фрегатының тағдыры арқау болған. Жапония өкілдерінің Осман империясына сапарынан кейін түрік тарапы да осы елге делегация жіберген. Ыстанбұлдан аттанған кеме Жапонияға аман жеткенімен, елге қайтар жолда дауылға ұшырап, суға батқан.
Сол апатта 527 теңізшіміз қаза тапқан. Суреттегі ақ желкенді кемеге назар аударсаңыз, оның желкеніне қаза болған теңізшілердің есімдері осман жазуымен түсірілген. Әрқайсысының атын жеке жазып шықтым, – дейді Танер Алакуш.
Көлемі небәрі 20×20 сантиметр болатын суретті салуға үш-төрт ай уақыт кеткен. Шебердің айтуынша, мұндай шағын туындылардың өзі көп еңбекті талап етеді.
Әр ағаш ұсақ сызықтар мен нүктелер арқылы бейнеленеді. Ғимараттардың терезелері мен жиектеріне дейін мұқият салынады. Тіпті көзге бірден түсе бермейтін бөлшектердің өзіне көп уақыт жұмсаймыз, – дейді ол.
Астанада суретшілердің жеке коллекцияларда сақталған түпнұсқа еңбектерінің арнайы басып шығарылған көшірмелері ұсынылған. Олар Германиядан әкелінген қағазға басылып, алтын түсті өрнектері қолмен әрленеді.
Әр сызықтың арасын қылқаламмен жеке өңдейміз. Соның өзіне бір аптадай уақыт кетеді. Сондықтан бұл суретті жай ғана қағазға басып шығару емес, – деп түсіндірді суретші.
Танер Алакуштың айтуынша, түпнұсқа шығармалардың бағасы қымбат болғандықтан, осындай көшірмелер әзірлеу арқылы оларды өнерсүйер қауымға қолжетімді етуге тырысады.
«Миниатюраға отыз жасымда келдім»
Ясемин Акйол миниатюра өнеріне отыз жасында ден қойған. Бұған дейін өнер саласында білім алып, сурет салумен айналысқанымен, бұл бағытқа қызығушылық танытпапты. Оның көзқарасын өзгерткен – Танер Алакуштың шығармасы.
Өнер мектебінде оқыған кезімде миниатюра пәні де болды. Бірақ оған аса мән бермедім. Кейін Танердің бір жұмысын көріп, таңғалдым. Дәстүрлі өнерді заманауи үлгіде де бейнелеуге болатынын сол кезде түсіндім. Содан өзім де байқап көруге бел будым, – дейді Ясемин.
Бастапқыда ермек ретінде қолға алған ісі бірте-бірте сүйікті кәсібіне айналған. Суретші миниатюраның қыр-сырын меңгерген сайын өзіне тән қолтаңба қалыптастыруға ұмтылған.
Отыз жаста жаңа өнерді меңгеру біреуге кеш көрінуі мүмкін. Бірақ мен іздегенімді осы өнерден таптым. «Оған қандай жаңалық қоса аламын? Өзімді қалай көрсете аламын?» деген сұрақтарға жауап іздедім. Миниатюраның мүмкіндігі өте кең екеніне көзім жетті, – дейді ол.
Ясемин дәстүрлі өнерге жаңалық енгізудің оңай емес екенін айтады. Оның пікірінше, өзіндік мәнер қалыптастырғысы келген суретші ең алдымен бұрынғы шеберлердің еңбектерін зерттеп, олардың әдіс-тәсілдерін меңгеруі керек.
Өнердің негізін білмей, оған өзгеріс енгізу қиын. Бұрынғы шеберлердің қалай жұмыс істегенін түсінген соң ғана өз жолыңды таба аласың. Ең бастысы – жаңалық енгіземін деп оның болмысын жоғалтып алмау. Бұл әрі батылдықты, әрі үлкен жауапкершілікті талап етеді, – дейді суретші.
Миниатюрадағы қайсар әйел бейнесі
Ясемин Акйолдың өзі ерекше жақсы көретін шығармаларының бірі – «Savaşçı» («Жауынгер»). Бұл туындысында суретші әйелдің қайсар мінезін бейнелеген. Дәстүрлі миниатюраларда көбіне ер жауынгерлер суреттелетіндіктен, ол бұл жолы әйел бейнесіне басымдық беруді ұйғарған.
Мен әйел жауынгерді салғым келді. Өйткені түрік әйелдері де батыл, қайсар келеді. Өзім де жаңа нәрсені байқап көруден, тәуекелге барудан қорықпаймын. Сондықтан бұл суретте өз мінезімнің де бір қырын көрсеттім, – дейді Ясемин.
Ол шығармаларында бұрын қолданбаған әдіс-тәсілдерді сынап көруге тырысады. Мәселен, «Түлкі» атты жұмысы да осындай ізденістен туған.
Суретшінің айтуынша, бір миниатюраны салуға бірнеше ай кетуі мүмкін.
Алдымен тақырыпты жан-жақты зерттеп, нені және қалай бейнелейтініңді анықтап алу керек. Ойыңдағы суретті толық елестете алсаң, одан кейінгі жұмыс әлдеқайда қызықты өтеді. Кейде суретті аяқтағың да келмейді. Өйткені миниатюраға үнемі жаңа бөлшектер қосып, оны толықтыра беруге болады, – дейді ол.
Жастардың миниатюраға қызығушылығы артып келеді
Танер Алакуш миниатюра өнерімен 43 жылдан бері айналысады. Ол жоғары оқу орнының екінші курсында оқып жүргенде-ақ жеке шеберханасын ашқан.
Қазір оның Ыстанбұлдағы шеберханасы тарихи Kariye ескерткішінің жанында орналасқан. Суретші көне түрік үйін шығармашылық орталыққа айналдырған. Болашақта осы жерде миниатюра музейін ашуды жоспарлап отыр.
Танер Алакуш жоғары оқу орнында жиырма жылға жуық сабақ берген. Осы уақыт ішінде жүздеген шәкірт тәрбиелеп, олардың өнер жолындағы жетістіктеріне куә болған.
Түркияда танымал болып жүрген көптеген миниатюра суретшілері – менің шәкірттерім. Мұны мақтан тұтамын. Олардың әрқайсысы осы өнердің дамуына аз да болса үлес қосса, мен үшін үлкен қуаныш. Шәкірттеріме бағыт-бағдар беріп, олардың өз жолын табуына көмектесуге тырысамын, – дейді суретші.
Оның байқауынша, соңғы жылдары жастардың миниатюраға қызығушылығы артқан. Әсіресе дәстүрлі өнерге заманауи сипат берілуі жаңа буынның назарын аударған.
Жастармен жұмыс істеу маған ерекше ұнайды. Мен оларға үйрете жүріп, өзім де үйренемін. Олардың өмірге деген көзқарасы, жаңа идеялары менің шығармашылығыма да әсер етеді. Қазір Түркияда өте талантты жас суретшілер көп, – дейді Танер Алакуш.
Ясемин Акйол да бұл пікірмен келіседі. Ол 2014 жылдан бері миниатюра өнерінен сабақ береді. Суретшінің айтуынша, қазіргі жастар бұл өнер туралы алдын ала ізденіп, дайындықпен келеді.
Бұрын жастардың қызығушылығы қазіргідей жоғары емес еді. Бүгінде олар көп нәрсені өздері зерттеп келеді. Біз негізінен техниканы үйретіп, өз ойларын еркін жеткізуге мүмкіндік беруге тырысамыз. Дегенмен миниатюра үлкен тәртіп пен шыдамдылықты қажет етеді. Мұны да ескеру керек, – дейді ол.
Қазір суретшілер ұстаздық қызметтен үзіліс алып, уақыттарын жеке шығармашылықтарына көбірек арнап жүр.
Түрік суретшілері қазақ өнерін зерттеуге ниетті
Қазақстанға алғаш рет келген Танер Алакуштың қазақ мәдениетіне деген қызығушылығы оянған. Суретші алдағы уақытта еліміздің дәстүрлі өнерін тереңірек зерттегісі келеді.
Қазақстанды енді танып жатырмын. Қазақ өнері туралы көп білемін деп айта алмаймын. Бірақ Ыстанбұлға оралған соң осы тақырыпта көбірек оқып, ізденгім келеді. Қазақ суретшілерімен кездесіп, тәжірибе алмасуға да қуана келісер едім, – дейді ол.
Танер Алакуш Қазақстанда тағы көрме өткізуге мүмкіндік туса, жас түрік суретшілерін де ала келгісі келетінін айтты.
Келесі жолы жас суретшілердің жұмыстарын да ала келсек деймін. Сонда көрермен әр буынның миниатюра өнеріне деген көзқарасын салыстыра алады. Қазақстандық әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істеуге де дайынбыз, – дейді суретші.
Қазақстандық суретші шеберлердің еңбегін жоғары бағалады
Көрмені тамашалаған қазақстандық суретші, «Қазақ елі» монументінің авторы Сембіғали Смағұлов та түрік шеберлерінің шығармашылығына жоғары баға берді. Оның айтуынша, мұндай мәдени кездесулер екі ел суретшілерінің байланысын нығайтып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Түркі халықтарының ынтымақтастығы мұндай шаралардан бұрын да қалыптасқан. Әсіресе суретшілер арасындағы байланыс жоғары деңгейде. Мен өзім де Түркияда көрмелер өткіздім. Бүгін түрік әріптестерімізбен кездесіп, олардың еңбектерін көргеніме қатты қуанып тұрмын. Шығармалары кәсіби деңгейде орындалған. Оларды көріп, өзім де шабыт алдым. Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғаса берсе екен деймін, – деді Сембіғали Смағұлов.
Айта кетейік, Танер Алакуш пен Ясемин Акйолдың «IZLEK» көрмесі Астанада 30 қарашаға дейін жалғасады. Түрік миниатюрасының дәстүрлі және заманауи үлгілерін OzgeEpic шығармашылық кеңістігінен тамашалауға болады.