Танымал әнші өзін ЖИ-ден қорғау тәсілін тапты

 Matt Winkelmeyer / Getty Images
Фото: Matt Winkelmeyer / Getty Images

Әлемге танымал әнші Тейлор Свифт өзінің дауысын және бейнесін жасанды интеллект арқылы заңсыз пайдаланудан қорғау үшін арнайы тауар белгілерін тіркеуге өтініш берді.

Variety басылымының мәліметінше, әнші жалпы үш өтініш тапсырған.

Тейлор Свифт жасанды интеллектіні заңсыз пайдалануға қарсы күресті күшейтті. Ол өзінің дауысы мен бейнесін қорғау үшін үш тауар белгісін тіркеуге өтініш берді, – делінген жарияланымда.

Ақпаратқа сәйкес, өтініштердің екеуі дыбыстық тауар белгілеріне қатысты. Олар әншінің дауысын қорғауға бағытталған. Атап айтқанда, біріншісі – «Hey, it’s Taylor Swift» («Сәлем, бұл Тейлор Свифт»), ал екіншісі – «Hey, it’s Taylor» («Сәлем, бұл Тейлор») деген тіркестер.

Ал үшінші өтініш визуалды тауар белгісіне қатысты. Бұл әншінің The Eras Tour гастрольдік туры кезіндегі сахналық бейнесін қорғауды көздейді.

Жасанды интеллект неге қауіп төндіріп отыр?

Соңғы жылдары нейрожелілер қарқынды дамып, кез келген адамның дауысын немесе бейнесін оңай көшіруге мүмкіндік беріп отыр. Бірнеше дұрыс берілген сұраныс арқылы (prompt) жалған аудио немесе видео жасау бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді.

Осыған байланысты Тейлор Свифттің командасы қауіптің алдын алуды жөн көрген. Олар әншінің дауысы мен бейнесін тауар белгісі ретінде тіркеу арқылы құқықтық қорғанысты күшейтуді көздеп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, тауар белгілері әдетте адамның жеке тұлғасын қорғау үшін қолданылмайды. Соған қарамастан әншінің заңгерлері актер Мэттью Макконахидің тәжірибесін негізге алған.

Адвокаттардың пікірінше, мұндай тәсіл сотта қосымша дәлел ретінде пайдаланылып, жасанды интеллект арқылы бөтен адамның бейнесін заңсыз қолданғандарға қатаң жаза қолдануға мүмкіндік береді.

Тейлор Свифт деген кім?

Тейлор Свифт – әлемдік музыка индустриясындағы ең ықпалды тұлғалардың бірі. Ол шығармашылық жолын кантри жанрында бастап, кейін поп-музыка жұлдызына айналды.

Әнші бүгінде миллиардтаған табыс тауып, «Грэмми» сыйлығының 14 мәрте иегері атанған.

Оқи отырыңыз