Тамыздағы ауа райы қандай болады? Синоптиктер аптап ыстық пен нөсер жаңбыр туралы ескертті

Тамыздағы ауа райы қандай болады? Синоптиктер аптап ыстық пен нөсер жаңбыр туралы ескертті
Фото: Ашық дереккөзден

«Қазгидромет» мамандары тамыз айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, жаздың соңғы айында Қазақстанның оңтүстігі мен батысында аптап ыстық сақталса, солтүстік өңірлерде жаңбырлы әрі салыстырмалы түрде салқын ауа райы басым болады.

Мамандардың айтуынша, тамыздың алғашқы онкүндігінде белсенді солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Көптеген өңірде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, жел күшейіп, кей жерлерде бұршақ түсуі ықтимал. Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда, сондай-ақ онкүндіктің ортасында оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нөсер жаңбыр күтіледі.

Сонымен қатар бірінші онкүндіктің ортасынан бастап еліміздің батысы мен орталығында жауын-шашын уақытша тоқтап, күн қайта ысиды.

Ауа температурасына келсек, батыс және солтүстік-батыс өңірлерде күндіз +34…+39 градусқа дейін көтеріледі. Атырау облысының оңтүстігінде ауа температурасы +41 градусқа дейін жетсе, Маңғыстау облысында +39…+44 градусқа дейін аптап ыстық болады деп болжанып отыр.

Солтүстік өңірлерде күндізгі температура бастапқыда +25…+35 градус болса, кейін +20…+28 градусқа дейін төмендеп, онкүндіктің соңында қайтадан +30…+38 градусқа дейін көтеріледі.

Еліміздің оңтүстігінде ауа температурасы +39…+44 градустан +29…+36 градусқа дейін төмендейді. Орталық және шығыс өңірлерде де аптап ыстық біртіндеп бәсеңдеп, ауа температурасы +22…+31 градусқа дейін төмендейді.

Ал оңтүстік-шығыста күндіз +34…+39 градус шамасында болса, Жамбыл облысында бастапқыда +42 градусқа дейін көтеріліп, кейін +27…+35 градус аралығына дейін төмендейді.

Синоптиктердің болжамынша, тамыздың екінші және үшінші онкүндіктерінде ауа температурасы тұрақсыз болады. Елдің солтүстік жартысында түнгі температура +3…+8 градустан +10…+18 градусқа дейін, ал күндіз +17…+25 градустан +25…+35 градусқа дейін құбылады.

Батыс және оңтүстік өңірлерде түнгі ауа температурасы +17…+27 градустан +13…+18 градусқа дейін төмендеп, күндіз +25…+35 пен +32…+42 градус аралығында өзгереді.

Осылайша, тамыз айында еліміздің көптеген өңірінде ауа райы құбылмалы болып, аптап ыстық пен нөсер жаңбыр кезектесіп отырады. Осыған байланысты синоптиктер тұрғындарға ауа райы болжамын қадағалап, әсіресе қатты ыстық пен қолайсыз метеорологиялық құбылыстар кезінде сақтық шараларын сақтауға кеңес береді.

Оқи отырыңыз