Тамыз ҰБТ-сы басталды: биыл тест туралы не білу керек?

Тамыз ҰБТ-сы басталды: биыл тест туралы не білу керек?
Фото: gov.kz

Бүгін тамыз ҰБТ-сы басталды, ол 14 тамызға дейін жалғасады. Тестілеуге қатысу үшін 30 мыңнан астам өтініш қабылданды.

ҰБТ-ға қатысушылардың 65%-ы қазақ тілінде, 35%-ы орыс тілінде,  100 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға ниет білдірді. Өткізудің бірінші күні 6,7 мыңнан астам адам ҰБТ тапсырады.

Тамыз ҰБТ-сына биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері, қандастар (Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдері), шетелде орта білім алған түлектер, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа даярлау бағыттарына ауысқысы келетін студенттер, басқа білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер, сондай-ақ сондай-ақ алдыңғы оқу жылында шекті балл жинамаған және ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданған тұлғалар қатысады.

Сонымен қатар, өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастыруды жоспарлаған колледж түлектері әңгімелесу нәтижелері бойынша оқуға түсе алады. Бұл жағдайда қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.

Тамыздағы ҰБТ кімдер үшін өткізіледі?

Тамыз айындағы ҰБТ-ға өтініштер 25 шілде мен 5 тамыз аралығында қабылданады. Өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты арқылы немесе UTO.kz мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. Ал тестілеудің өзі 10-15 тамыз аралығында өтеді.

Бұл тестілеу ең алдымен жоғары оқу орнына ақылы негізде түскісі келетін талапкерлерге арналған. Сондай-ақ:

  • бұрынғы ҰБТ-да шекті балл жинай алмаған түлектер;
  • нәтижесін жақсартқысы келетін талапкерлер;
  • мамандық таңдауын өзгертіп, бейіндік пәндердің комбинациясын ауыстырғысы келетіндер де қайта тест тапсыра алады.

Бұл талапкерлерге өз мүмкіндігін тағы бір мәрте сынап көруге жол ашады. Тестілеуге:

  • биылғы және өткен жылдардағы мектеп түлектері;
  • колледж түлектері;
  • қандастар;
  • шетелде орта білім алған азаматтар;
  • шығармашылық мамандықтан басқа бағытқа ауысқысы келетін студенттер;
  • өзге білім беру бағдарламаларынан педагогикалық мамандықтарға ауысуды жоспарлаған студенттер;
  • бұрын шекті балл жинай алмай, ақылы бөлімге шартты түрде қабылданған студенттер қатыса алады.

Өтініш беру кезінде талапкерлер ҰБТ тапсыратын қаланы, тестілеу өтетін пунктті, күнін және уақытын өздері таңдай алады. Бұл жүйе талапкерлерге өз кестесіне ыңғайлы уақытты белгілеуге мүмкіндік береді.

Колледж түлектеріне қандай мүмкіндік бар?

Егер колледж түлегі өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында білімін ақылы негізде жалғастыруды жоспарласа, кей жағдайда ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсе алады.

Мұндай жағдайда қабылдау әңгімелесу нәтижесі бойынша жүзеге асырылады. Соңғы шешімді жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары қабылдайды.

Тамыздағы ҰБТ – негізгі тестілеуде қажетті нәтижеге қол жеткізе алмаған талапкерлер үшін қосымша мүмкіндік. Сонымен бірге бұл кезең мамандық бағытын қайта қарап, бейіндік пәндерін өзгертуге немесе жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге жол ашады.

Сондықтан талапкерлерге өтініш қабылдау мерзімін өткізіп алмау, қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, тестілеу күні мен орнын уақытылы таңдаған жөн.

Қазақстандық түлектер енді Малайзия университеттеріне ҰБТ арқылы түсе алатыны туралы айта кетейік.

Оқи отырыңыз