Жаңалықтар

Талдықорғанда Қазақстандағы екінші мұз аренасы ашылды

Талдықорғанда Қазақстандағы екінші мұз аренасы ашылды
Фото: Жетісу облысы әкімдігі 26.10.2023 07:01 471

Республика күніне орай Талдықорғанда «Jetysu Аrena» мұз айдыны ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, арена халықаралық талапқа сай салынған. Жеке кәсіпкердің қаржысына саынған бұл нысанда шорт-трек, хоккей, мәнерлеп сырғанаумен айналысуға болады. Сонымен қатар мұнда параолимпиадалық, яғни шаналы хоккейге де жағдай жасалып отыр. Хоккейдің бұл түрімен айналысуға арналған мұз аренасы елімізде екеу ғана. Оның бірі Астанада болса, екіншісі Талдықорғанда ашылып отыр.

Ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.

Облыста бұқаралық спортты дамытуға тұрақты қолдау көрсетіліп, биыл осы салаға бюджеттен 20,5 млрд. теңге бөлінді. «Жетісу арена» мұз аренасын салуға жергілікті кәсіпкер 867 миллион жеке инвестиция құйып, бүгін сол көрнекті спорт нысанын іске қосып отыр. Осы ретте Талдықорғанда қысқы спортты дамытуға қосып отырған зор үлесі үшін кәсіпкер Мұхаметжан Серікұлына шынайы алғысымды білдіремін, - деді өз сөзінде Ернат Дүйсенбекұлы.

Айта кетейік, жалпы облыста қысқы спорт түрлерімен 1,4 пайыз адам айналысады. Ендігі жерде бұл нысан жастардың қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізетін нысан болмақ.

Нысанның жалпы алаңы 2 235,8 шаршы метр. Кешен кәсіби технологиялық құралдармен – тоңазытқыш құрал, мұз құю құралы, спорттық құралдармен жабдықталған. Соның арқасында мұнда жыл бойы үздіксіз жаттығуға мүмкіндік бар. Мұз алаңының аумағы 1 456 шаршы метр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға