Жаңалықтар

Талдықорғанда мас күйде көлік айдаған бойжеткен ұсталды

Талдықорғанда мас күйде көлік айдаған бойжеткен ұсталды
Фото: t.me/POLICE_of_KZ 25.11.2023 22:10 632

Талдықорғанда көлік басқарған жас қызға қатысты қылмыстық тергеу басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жақында көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған Талдықорған қаласының 24 жастағы тұрғыны сотқа жүктілігі туралы жалған медициналық анықтаманы ұсынды. Осылайша, бойжеткен әкімшілік құқық бұзушылық үшін Қазақстан заңнамасында көзделген жазадан құтылмақшы болған. Жалған құжатты пайдалану арқылы сотты алдау фактісі прокурорлық тексеріс барысында анықталды.

Айта кетейік, патрульдік полиция қызметкерлері қатты мас күйінде Haval көлігін басқарған 24 жастағы қызды ұстаған. Медициналық сараптама қыздың мас болғанын растады. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша хаттама толтырылды.

Бұл баптың санкциясында 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түріндегі жаза қарастырылған. Алайда сотта ол қамауға алу түріндегі жазадан құтылу мақсатында жүктілігін растайтын медициналық анықтаманы ұсынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға