Жетісу облысында мәдени инфрақұрылымды дамыту аясында бірқатар ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Талдықорғанда жастарға, шығармашылық мамандық иелеріне және кәсіпкерлікпен айналысуды көздейтін азаматтарға арналған Креативті орталықты құру жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар 2027 жылы жаңа музей ғимаратының құрылысын бастау, Халық шығармашылығы орталығын ашу және Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның қасбетін жаңарту көзделген. Өңірдің мәдени инфрақұрылымын дамыту жоспарлары туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев облыс орталығындағы құрылыс нысандарын жұмыс сапары барысында аралаған кезде мәлімдеді.
Алдағы жобалар мемлекет басшысы жариялаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында елдің инфрақұрылымын кең көлемде дамыту және жаңғырту бағытындағы жұмыстармен сабақтасып отыр.
Креативті орталық шығармашылықты, білім беруді және заманауи технологияларды біріктіреді. Талдықорғанда Көркемсурет галереясының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Оның базасында заманауи Креативті орталық құрылуда. Жоба «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асырылып, креативті индустрияларды дамытуға, жастар бастамаларын, кәсіпкерлікті және технологиялық шығармашылықты қолдауға арналған қалалық кеңістік қалыптастыруды көздейді. Қазіргі уақытта ғимарат пайдалануға беруге дайындалған. Іргелес аумақта абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Реконструкция барысында ғимараттың сәулеттік келбетіне ерекше көңіл бөлінген. Қасбетті жаңартуға арналған материалдар олардың сапасы, ұзақ мерзімділігі және эстетикалық ерекшеліктері ескеріле отырып таңдалған. Нысанды аралау кезінде Бейбіт Исабаев жауапты мамандармен ғимараттағы маңдайшалар мен сыртқы безендіру элементтерінің дизайнын талқылап, олардың жаңартылған қасбетпен үйлесімді болу қажеттігін атап өтті.
Ашылғаннан кейін Креативті орталық қолөнершілерге, бизнес өкілдеріне, жас мамандар мен стартап бастаушыларға арналған көпфункционалды кеңістікке айналады. Мұнда жеке жобалармен жұмыс істеуге, заманауи цифрлық технологияларды меңгеруге және шығармашылық бастамаларды жүзеге асыруға жағдай жасалады. Атап айтқанда, орталықты жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істеуге, 3D-модельдеумен айналысуға және цифрлық жобалар әзірлеуге мүмкіндік беретін заманауи компьютерлермен және мамандандырылған жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген. Орталықтың маңызды ерекшеліктерінің бірі - жастардың өз идеяларын тегін жүзеге асыруына, стартаптарын дамытуына және шығармашылық жобалармен айналысуына мүмкіндік берілуі. Бұл ретте Көркемсурет галереясы өз қызметін сақтап, жаңартылған ғимараттың үшінші қабатында жұмысын жалғастырады. Креативті орталықты жақын арада пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2027 жылы жаңа музейдің құрылысы басталады. Талдықорғанның мәдени инфрақұрылымын одан әрі дамыту аясында 2027 жылы жаңа музей ғимаратының құрылысын бастау жоспарланған. Жоба аясында жаңа ғимаратта балалар музейін орналастыру да қарастырылған. Бұл өскелең ұрпақтың мәдени-танымдық демалысын ұйымдастыру мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ал қазіргі музей ғимаратын реконструкциялап, оның базасында Халық шығармашылығы орталығын құру көзделген. Осылайша, музей инфрақұрылымын дамыту мәдени мұраны, халықтық дәстүрлерді және шығармашылық бастамаларды сақтау мен насихаттауға арналған жаңа кеңістік қалыптастырумен қатар жүргізіледі.
Жобаларды жүзеге асыру барысында заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылмақ.
Бұл тәсілдер музей экспозицияларын ұсыну, мәдени-ағартушылық қызметті ұйымдастыру және келушілермен өзара байланыс орнату мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды. Өңірде мәдени нысандарды жаңғырту жұмыстары жалғасады. Алдағы жұмыстардың тағы бір бағыты - биыл туғанына 100 жыл толып отырған Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның сәулеттік келбетін жаңарту.
Жоспарланған жұмыстар аясында облыс орталығындағы маңызды мәдени нысандардың бірі саналатын филармония ғимаратының қасбетін жаңарту көзделген.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев атап өткендей, мәдени инфрақұрылымды дамыту өңірде жоспарланған ауқымды құрылыс және жаңғырту жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Келесі жылы жаңа музей ғимаратының құрылысын бастаймыз. Оның ішінде балалар музейі де орналасады. Ал қазіргі музей ғимаратын реконструкциялап, Халық шығармашылығы орталығын құрамыз. Бұл жұмыстардың барлығы заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу арқылы жүргізіледі, - деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, Креативті орталықты жақын арада пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңа кеңістік жастарға өз жобаларымен тегін айналысуға, стартаптарын дамытуға және идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жаңа нысандар өңірдің мәдени және шығармашылық әлеуетін арттырады. Жоспарланған жобаларды жүзеге асыру қолданыстағы ғимараттарды жаңарту және жаңа нысандар салумен ғана шектелмейді. Олар тұрғындардың мәдени, білім беру және шығармашылық бағытта дамуына қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Креативті орталықтың ашылуы дәстүрлі өнер мен қолөнерді заманауи цифрлық технологиялар және кәсіпкерлік бастамалармен ұштастыруға жағдай жасайды.
Ал жаңа музейдің салынуы мен Халық шығармашылығы орталығының құрылуы мәдени мұраны зерделеуге, ұлттық дәстүрлерді сақтауға және балалар мен жастарды өңірдің мәдени өміріне кеңінен тартуға мүмкіндік береді.
Талдықорғанның мәдени инфрақұрылымын дамыту облыс орталығын жаңғыртудың маңызды бағыттарының біріне айналып, заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға, тұрғындардың шығармашылық әлеуетін қолдауға және жастардың өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.