Жаңалықтар

Талдықорған-Үшарал автожолын жөндеу жұмыстары аяқталады

Талдықорған-Үшарал автожолын жөндеу жұмыстары аяқталады
Фото: El.kz 13.06.2023 15:11 2199

Талдықорған-Үшарал, Үшарал-Достық автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары биыл аяқталады. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев баяндап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жетісу жерінің табиғи-климаттық жағдайы туризмнің барлық түрін дамытуға мүмкіндік береді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін аймақта инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, - деді ол.

Әкімнің айтуынша, өткен жылы Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы іске қосылды, Талдықорған-Үшарал, Үшарал-Достық автомобиль жолдарының асфальтбетон жабыны төселді, биыл толық аяқталады. Туристік маусымға дейін жол бойында Қызылағаш, Жансүгіров, Көлбай, Қабанбай елді мекендерінің тұсында әжетхана мен эстакадасы бар демалу алаңдары іске қосылады.

Балқашқа дейінгі жол құрылысының 70%-ы бітеді, келесі жылы толық аяқтап, жағалаудағы инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысын бастаймыз. Соның нәтижесінде барлық республикалық маңызы бар жолдың сапасы жақсарады. Келесі жылы Сарыөзек-Жаркент жолының жөндеу жұмыстары аяқталады, - деді Исабаев.

Одан бөлек Текеліде тау туризмін дамытуға көңіл бөлініп, шаңғы-биатлон кешенін салудың жобалық-сметалық құжаты әзірленуде,
«Бұрқанбұлақ» сарқырамасына дейінгі жол қайта жаңартылады. Сол сияқты Шоқан Уәлиханов кесенесіне дейінгі 6,5 шақырым жолға
орташа жөндеу жұмыстары тамызда аяқталады, жергілікті бюджеттен 253 миллион теңге бөлінді.

Биыл Жетісу өңірінде облыстық маңызы бар 221 шақырым жолдың және 73 елді мекенде 247 шақырым ауылішілік жолдардың құрылысы мен жөндеуіне 33 млрд теңге бөлінді.

Экономиканы дамыту мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды салалардың бірі - жол инфрақұрылымы. 2022 жылы өңірде облыстық маңызы бар 198 км жол, 63 елді мекенде 190 км ауылішілік жол 24,2 миллиард теңгеге жөнделіп, салынды. Қазір жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі – 91%. Биыл облыстық маңызы бар 221 шақырым жолдың және 73 елді мекенде 247 шақырым ауылішілік жолдардың құрылысы мен жөндеуіне 33 миллиард теңге бөлінді. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 15 апатты көпірге жөндеу жүргізу жоспарланған, осы жылы жергілікті бюджеттен соның 5-еуін жөндеуге 928 миллион теңге бөлініп отыр, - деді ол.

Бүгінгі күні облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі қалаларда Талдықорғанның 2 саяжай массивін қоспағанда 100% жетті. Бұл 2 саяжайдағы су мәселесі шешілу үстінде, ал ауылдарда 90,2% деңгейінде.

Әкімнің айтуынша, 2023 жылы 16 елді мекенде ауыз су жүйесінің құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс. Соның нәтижесінде 213 км сумен қамту желісі салынып, қайта жаңғыртылатын болады, жыл соңына дейін орталықтандырылған суға
Қаратал ауданындағы екі ауыл қосылады.

Дегенмен жер асты суларын пайдаланып отырған бірқатар елді мекенде жер асты су көздеріне қосылуда қиындықтар бар. Осы мәселені шешу үшін 66 елді мекенде жер асты ауыз су қорын анықтау үшін геологиялық барлау жұмыстары жүріп жатыр, - деді Исабаев.

Жалпы, 2025 жылға қарай орталықтандырылған сумен қамту деңгейі тұрғындар саны 20-дан аспайтын және ауыз су көздері жоқ 8 разъезд пен 12 елді мекенді қоспағанда 100% жетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға