Талапкер күнделігі: грант, құжат тапсыру және емтихан кестесі

 Gov.kz
Фото: Gov.kz

Оқу жылы аяқталып, түлектер үшін таңдау жасайтын сәт жақындап қалды. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 239 мың талапкер өтініш берген. Осы орайда маусым-шілде айына арналған талапкер күнделігін ұсынамыз. 

Алда не күтіп тұр?

  •  Негізгі ҰБТ 10 мамыр-10 шілде аралығында өтеді;
     ЖОО-ға құжаттарды қабылдау 20 маусым-25 тамыз;
     «Педагогикалық ғылымдар» және «Денсаулық сақтау» мамандықтарына түсушілер үшін арнайы емтихандар 20 маусым-20 тамыз аралығында (конкурсқа қатысу үшін 20 шілдеге дейін өткізіледі);
     Шығармашылық емтихандарға қатысу үшін өтініштер 20 маусым-10 тамыз (конкурсқа қатысу үшін 7 шілдеге дейін) аралығында қабылданады;
     Шығармашылық емтихандар 7 шілде-15 тамыз (конкурсқа қатысу үшін 20 шілдеге дейін) аралығында өтеді;
     Білім беру гранттары конкурсына қатысуға өтініштер 13 шілде-20 шілде аралығында қабылданады;
     Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Мемлекеттік білім беру гранты ҰБТ нәтижесі бойынша беріледі. Білім беру гранттарын беру қағидаларына сәйкес талапкер өзінің өтінімінде 4 ЖОО және 4 білім беру бағдарламасын көрсетуге құқылы.

Биыл қанша грант бөлінді

2025-2026 оқу жылына 77 мыңнан астам грант бөлінді. Оның басым бөлігі, яғни 60%-ы техникалық бағыттағы мамандықтарға, 20%-ы педагогикалық мамандықтарға, ал қалған 20%-ы қажеттілікке байланысты әртүрлі салаға жіктелді.

✔ Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 18 846 грант
✔ Педагогикалық ғылымдар – 13 226 грант
✔ Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 11 615 грант
✔ Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 9 188 грант
✔ Ауыл шаруашылығы және биоресурстар – 2 379 грант
✔ Қызмет көрсету саласы – 2 200 грант
✔ Өнер және гуманитарлық ғылымдар – 1 915 грант
✔ Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 1 485 грант
✔ Бизнес, басқару және құқық – 1 423 грант
✔ Ветеринария – 1 275 грант.

Биыл екінші жыл қатарынан сараланған гранттарды бөлу қарастырылып отыр. 2024 жылы алғаш рет 300 сараланған грант бөлінсе, биыл да осы көлемде ұсынылып отыр. 150 грантты біз педагогикалық мамандықтарға, ал қалған 150 грантты жаратылыстану бағытындағы білім беру бағдараламаларына бөлуді жоспарлап отырмыз. Сараланған гранттың конкурсы негізгі конкурстан кейін бөлек өтеді. Ол үшін қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ. Барлық деректер ұлттық тестілеу орталығының базасында сақталған. Сараланған грант иегерлерінің тізімі қыркүйек айының соңында жарияланады.

Қандай өзгеріс бар?

Педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеу кезінде тестілеу жүйесі мен арнайы емтихандарды қатар қолданатын гибридті бағалау формасын енгізу. Бұл ретте негізгі назар тек пәндік білімге ғана емес, ойлау қабілетіне, талдау дағдыларына, оқуға дайындық деңгейіне және басқа да маңызды көрсеткіштерге аударылуы тиіс.

Өйткені «педагог» – жай ғана мамандық емес. Бұл – балалармен жұмыс істейтін, үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған тұлға. Сондықтан бұл мамандық үшін біліммен қатар, сыныппен жұмыс істеу, оқушылардың ерекше қабілеттерін анықтай білу аса маңызды. Келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ-мен қатар ауызша емтихандардың нәтижелері де ескерілмек. Бұл емтихандарда талапкерлердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдылары негізгі критерий болады. Сондай-ақ бұл мәселеде халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test тапсырмаларына ерекше мән беріледі, – деді Балаева.

Мұндай өзгеріс 2026-2027 оқу жылында іске асуы мүмкін. Сондай-ақ Ғылым және жоғары ғылым министрі Саясат Нұрбектің айтуынша,  2026–2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінеді Оның ішінде: 75 371 грант – бакалавриатқа; 11 007 грант – магистратураға; 3 079 грант – докторантураға. Мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрларға деген қажеттілік болжамымен үйлестірілді. 

Оқи отырыңыз