Таиландқа бару тәртібі өзгереді: қазақстандық туристер нені білуі керек?

Таиландқа бару тәртібі өзгереді: қазақстандық туристер нені білуі керек?
Фото: AI көмегімен жасалды

Таиланд шетелдік туристерге қатысты бірқатар талапты өзгертеді. 15 қыркүйектен бастап елде визасыз болу мерзімі 60 күннен 30 күнге дейін қысқарады, ал визасыз кіре алатын мемлекеттердің тізімі қайта қаралады.

Визасыз жүру мерзімі 30 күнге дейін қысқарады

Қазақстан жаңа тізімге енбеген. Сонымен қатар әуежайларда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, кей жағдайда тіркелген багажды жолаушының қатысуынсыз ашып тексеруге рұқсат беріледі. Таиландқа сапар жоспарлаған қазақстандықтар білуі тиіс негізгі өзгерістерді жинақтадық.

Таиланд билігі шетелдік саяхатшылар үшін визасыз елде болу мерзімін қайта қарады. Жаңа тәртіп бойынша туристерге берілетін визасыз кезең бұрынғы 60 күннің орнына 30 күн болады.

Өзгеріс 15 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Таиланд ішкі істер министрлігінің тиісті құжаты елдің ресми басылымы – «Корольдік газетте» жарияланған.

Осылайша, 2024 жылғы 15 шілдеде қабылданған бұрынғы ереже толық күшін жояды. Ол 93 ел мен аумақтың азаматтарына Таиландқа туристік немесе қысқамерзімді іскерлік сапармен келіп, 60 күнге дейін визасыз болуға мүмкіндік берген еді.

Жаңа құжатқа Таиланд премьер-министрі әрі Ішкі істер министрі Анутхин Чанвиракун қол қойған. Қаулы ресми жарияланған күннен кейін 15 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Визасыз болу мерзімін қысқартумен қатар, Таиланд билігі жеңілдетілген тәртіппен кіре алатын мемлекеттер мен аумақтардың тізімін де жаңартты.

Жаңа тізімге 60 мемлекет пен аумақ енгізілген. Олардың азаматтары туристік мақсатпен Таиландқа келіп, ел аумағында 30 күнге дейін визасыз бола алады.

Қазақстан бұл тізімге енген жоқ. Сондықтан жаңа ереже күшіне енгеннен кейін Таиландқа баруды жоспарлаған Қазақстан азаматтарына сапар алдында елге кірудің өзекті талаптарын нақтылап алу маңызды.

Әсіресе әуе билеті мен қонақүйді алдын ала брондайтын туристерге құжат рәсімдеу мәселесін сапарға дейін тексерген жөн.

Құрлық арқылы визасыз кіруге шектеу қойылады

Таиландқа көршілес мемлекеттерден құрлық арқылы баратын саяхатшыларға қатысты да жеке талап қарастырылған.

Жаңа тәртіпке сәйкес, құрлықтағы шекара бекеттері арқылы визасыз кіретін шетелдіктер мұндай мүмкіндікті бір күнтізбелік жыл ішінде екі рет қана пайдалана алады.

Алайда бұл шектеу Бруней, Индонезия, Малайзия және Сингапур азаматтарына қолданылмайды. Халықаралық әуе рейстерімен Таиландқа келетін туристер үшін елге кіру санына мұндай нақты шектеу белгіленбеген. Дегенмен бұл әуе арқылы шектеусіз кіріп-шығуға болады дегенді білдірмейді.

Таиландтың көші-қон қызметі шетелдік азаматтың визасыз режимді теріс пайдаланып жүргеніне күмәнданса немесе оның елге туристік емес мақсатпен келгенін анықтаса, шекарадан өткізуден бас тарта алады.

Туристің чемоданын онсыз да аша алады

Таиландтағы тағы бір өзгеріс әуежайларда тіркелген багажды тексеру тәртібіне қатысты.

Таиландтың Туризм басқармасының мәліметінше, қауіпсіздік тексеруі кезінде күмәнді, тасымалдауға тыйым салынған немесе ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін зат анықталса, әуежай қызметкерлері тіркелген багажды иесінің қатысуынсыз ашып тексере алады.

Бұл барлық жолаушының чемоданы міндетті түрде ашылады деген сөз емес. Мұндай шара қауіпсіздік жүйесі қосымша тексеруді қажет ететін затты анықтаған жағдайда ғана қолданылады.

Жолаушыны іздеп, тексеру орнына шақырудың орнына мамандар қажетті рәсімді өздері жүргізе алады. Таиланд тарапы мұның әуежайдағы қосымша кідірістерді азайтып, сонымен қатар ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін түсіндіреді.

Багажды тексеру видеоға түсіріледі

Жолаушының қатысуынсыз жүргізілетін тексерудің де арнайы тәртібі бар.

Чемодан кез келген жерде емес, арнайы белгіленген аймақта және бақыланатын жағдайда ашылады. Багажды ашу мен оның ішін тексеру процесі бейнежазбаға түсіріледі.

Жазба кейін дау немесе басқа мәселе туындаған жағдайда тексеру үшін сақталады. Ал рәсім аяқталғаннан кейін жолаушыға оның багажының ашылып, тексерілгені туралы ақпарат беріледі.

Таиландтың Туризм басқармасы жаңа тәртіп қауіпсіздік мамандарына жолаушының келуін күтпей-ақ қажетті тексеруді жүргізуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Бұл әсіресе жолаушы рейске асығып тұрған немесе әуежайдың басқа бөлігінде болған жағдайда уақыт жоғалтпауға көмектеседі.

Туристерге TSA құлпын пайдалану ұсынылады

Жаңа тексеру тәртібіне байланысты саяхатшыларға чемодан таңдағанда оның құлпына да назар аудару ұсынылады.

Таиланд билігі халықаралық деңгейде танылған, қауіпсіздік қызметтері аша алатын багаж құлыптарын пайдалануға кеңес береді. Соның ішінде TSA стандартына сәйкес келетін құлыптар аталады.

Мұндай жүйе қауіпсіздік қызметкерлеріне қажетті жағдайда чемоданды құлыпты бұзбай ашуға мүмкіндік береді. Ал қарапайым құлып қолданылған жағдайда қосымша тексеру кезінде оны зақымдау қажеттілігі туындауы ықтимал.

Сондықтан Таиландқа сапар алдында чемоданның құлпын да тексеріп алған жөн.

Құнды заттарды тіркелген багажға салмаған дұрыс

Таиландтың Азаматтық авиация басқармасы жолаушыларға тіркелген багажды жинау кезінде бірнеше қарапайым ережені ескеруге кеңес береді.

Құнды бұйымдарды, ақша мен басқа да бағалы заттарды чемоданға салмаған дұрыс. Сондай-ақ паспорт пен өзге де маңызды құжаттарды, сынғыш бұйымдарды және сапар барысында үнемі қажет болатын жеке заттарды қол жүгіне алған жөн.

Бұл кеңес тек қосымша тексеруге байланысты емес. Тіркелген багаждың кешігуі, жоғалуы немесе тасымалдау кезінде бүлінуі мүмкін екенін де ескерген дұрыс.

Егер қауіпсіздік тексеруінен кейін жолаушының багажы зақымдалса немесе басқа мәселе туындаса, ол өзінің әуе компаниясына хабарласа алады. Сондай-ақ Таиландтың Азаматтық авиация басқармасына ресми шағым беруге мүмкіндік қарастырылған.

Жолаушының қатысуынсыз багажды ашып тексеру Таиландта ғана енгізіліп отырған тәжірибе емес.

Таиланд тарапының мәліметінше, осыған ұқсас қауіпсіздік рәсімдері Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея және АҚШ-та қолданылады. Мұндай тәжірибе Еуропа мен Таяу Шығыстың бірқатар елінде де бар.

Негізгі мақсат – күмәнді багажды жедел тексеру арқылы қауіпсіздікке төнетін ықтимал қатердің алдын алу және жолаушылардың рейсіне қосымша кедергі келтірмеу.

Қазақстандық туристер нені ескергені жөн?

Осылайша, Таиландқа сапарлау кезінде туристер үшін бірден бірнеше талапқа назар аудару қажет болады.

Ең маңызды өзгеріс – визасыз режимге қатысты. 15 қыркүйектен бастап бұрынғы 60 күндік тәртіп тоқтатылып, визасыз жүру мерзімі 30 күнге дейін қысқарады. Оның үстіне Қазақстан жаңартылған 60 ел мен аумақтың тізіміне енбеген.

Екінші өзгеріс әуе сапарына қатысты. Қауіпсіздік қызметі күмәнді зат анықталған жағдайда тіркелген чемоданды жолаушының қатысуынсыз аша алады. Сондықтан туристерге багажға құнды заттар мен маңызды құжаттарды салмай, мүмкіндігінше қауіпсіздік қызметтері аша алатын халықаралық стандарттағы құлыптарды пайдаланған жөн.

Сапарға шығар алдында Таиландқа кіру талаптарын, қажетті құжаттарды және әуе компаниясының багаж тасымалдау ережелерін қайта тексеру артық болмайды. Әсіресе 15 қыркүйектен кейін жолға шығатын қазақстандық саяхатшылар үшін жаңартылған талаптарды алдын ала нақтылау маңызды.

Оқи отырыңыз