Жаңалықтар

Тай көтерген толағайлар

Сыр елі наурызды қалай атап өтеді?
Тай көтерген толағайлар
18.03.2017 11:50 9626

Наурыз – қазыналы қарттан бастап, баталы елдің ұл-қызына дейін көрісетін шуақты мереке. Түркі еліне ортақ тойды қазақ жұрты жыл сайын асыға күтеді. Тұранның төрі саналатын Сыр өңірінің халқы да Наурызды сырнайлатып, думандатып өткізеді.

Көктемді жаңару мезгілі деп білетін бұл өңірдің тұрғындары мереке алдында ауыл-аймаққа ағаш егіп, сенбілік ұйымдастырады. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Қызылордада айтулы мейрамда ән де шырқалады, жыр да оқылады. Жыраулардың ізін жалғаған жыршылардың құлақ құрышын қандырар өсиет-термелері де айтылады. Домбыра-думан, Наурыз-fest, Бауырсақ-party сынды мәдени шаралар мерекенің көркін қыздыра түскендей. Аналарымыз шелпек пісіріп, көжесін асып, дастарханды аққа толтырудан жарысса, ерлер жағы көкпар ойнап, тай көтеріп, білек күшін сынайды.

Бойындағы күштің жойқындығын түрлі амал-тәсілдермен көрсетіп, екі өгізді қос иығына асып алып кете беретін Балуан Шолақтың даңқы көзі тірісінде күллі шартарапты шарлаған еді. Елу бір пұт гір тасын көтеріп, әйгілі балуандармен күреске түскені, ешқашан жауырыны жерге тимей, жүйрік ат үстінде тік тұрып немесе шалқалап жататыны жайлы естігенде таң қалмайтын жан жоқ. Алып күш иесі Қажымұқан да қазақ ұлтының теңдесі жоқ балуаны еді. Бұрынғы өткен батыр бабалардың мұндай ерлігі біз үшін аңыз-әфсана секілді көрінетін. Алайда, сондай батырлардың жалғасы бүгінгі қазақ жігіттерінің арасынан табылатындығы ерекше қуантады.

Сырдағы Наурыз мейрамының ең қызықты шараларының бірі – тай көтеру, тас көтеру, газель тарту сайыстары. Бүгінде Қызылорда облысының Жалағаш ауданында нар тұлғалы жігіттердің сайысын Наурыз мерекесіне орай ұйымдастыру дәстүрге айналған. Мұндай ауыр салмақты еңсеру екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Ол үшін білектің қара күші, рухтың мықтылығы керек. Наурыз думаны кезінде салмағы 170 келі болатын тайды учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Сенбеков еш қиналмастан көтеріп, 21 метрге дейін жүріп барды. Сонымен қатар, 130 келі тасты көтеріп, көпшіліктің қошеметіне ие болды.
 

Нұрлан Сенбеков гір тасын көтеру және қол күресінен облыстық жарыстарда күш сынап, жүлделі орындарға ие болған. Өз ісін адалдықпен атқаратын тәртіп сақшысы 2014 жылы «Үздік полицей» атағын алды. Сол жылдың өзінде үш қылмыстық істі әшкерелеп, жиырмаға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Елін сүйетін еңбекқор балуан «Көп дүние қарапайым еңбек адамының арқасында жасалады», - дейді.

Ауыр салмақтағы тастарды көтеруден басқа үлкен көлікті сүйреп жүргізу сайысын жиналған жұрт асыға күтеді. Бұл додада нағыз білектілер бақ сынайды. Осындай жарыс кезінде іші жолаушыға толы газель автокөлігін Ақсу ауылының тұрғыны Дархан Бакиров 40 метрге дейін сүйреп барды. Нар тұлғалы жігіт әділқазылардың өтініші бойынша ғана тоқтап, өзінің ерекше күш-қабілетін көрсетті.

– Осындай күшті қайдан аласыз? - деген сауалға Дархан: – Ауылда мықты жігіттер көп қой. Менің ғана қолымнан мұндай іс келеді деу ұят болар. Онда басқа да білекті азаматтарға қиянат жасаған болар едім, - деп қысқа қайырды. Дарханның бұл сөздері оның дене бітімімен қатар, өресінің де ірілігін көрсеткендей. Рухты қазақ жігіттері осындай болса керек-ті.

Наурыз мерекесіне орай жасалатын дарабоздар бәсекесін әр жыл сайын Жалағаш ауданының әкімдігі ұйымдастырады. Оза шапқан тарландарға жергілікті демеушілер қаржылай және бағалы сыйлықтар ұсынады. Ұйымдастырушылар тарапынан алдағы уақытта  Наурыз мерекесіне орай тай орнына өгіз тігу жоспарланып отыр. Оған қоса, әр түрлі қызықты сайыстар қатарын көбейту жағы қарастырылып жатқан көрінеді. Тай көтерген толағайлардың тартысы Наурыз мерекесінің сәнін кіргізіп келеді. Жарысқа түскен жігіттерге қарап баяғы батырлардың бейнесін бүгінгі күні көргендей әсерде қалдық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға