Табиғаттың таңғажайып сәттері: әлемнің үздік фотографтары түсірген ерекше кадрлар

Табиғаттың таңғажайып сәттері: әлемнің үздік фотографтары түсірген ерекше кадрлар
Фото: © Bence Maté

Аң аулаған пума, мұз үстінде ұйықтап жатқан ақ аю, баласын арқалап ұшқан жарқанат және олжасын құтқарып қалған гуанако. Мұның бәрі жабайы жануарлардың тіршілігін бейнелейтін үздік фотосуреттер тізіміне енген. Ал жеңімпаздарды Siena International Photo Awards 2026 халықаралық байқауының қазылар алқасы анықтады.

Биыл «Жануарлар табиғи мекенінде» аталымына енген жұмыстардың әрқайсысы өзінше әсерлі. Бір кадрда тіршілік үшін арпалыс көрініс тапса, екіншісінде жануарлардың төлдеріне деген қамқорлығы, енді бірінде табиғаттың адам көзіне сирек түсетін тыныш сәттері бейнеленген.

Фотографтар бұл көріністерді түсіру үшін кейде бірнеше күн бойы аңдардың ізін аңдыған, ал кейде сәті түскен жалғыз секундты қалт жібермеген.

Эфиопия тауларындағы күн батар шақ

Эфиопияның биік таулы өңірінде күн көкжиекке таяған сәтте жартастың үстінде отырған гелада маймылы суретке түскен.

 © Marco Gaiotti
 © Marco Gaiotti

Гелада – табиғатта тек Эфиопияда кездесетін примат. Оның аталықтарының кеудесінде қызғылт түсті ерекше дақ болады. Сол себепті бұл жануарды кейде «қанды кеуделі бабуин» деп те атайды. Кеудесіндегі дақ оның денсаулығы мен топ ішіндегі мәртебесіне қатысты белгі саналады.

Геладаның тағы бір ерекшелігі – ол негізінен шөппен қоректенеді. Басқа приматтардан айырмашылығы, азығының басым бөлігін шөп құрайтын бұл жануар оны саусақтарымен ептілікпен үзіп жейді.

Екі төлі үшін аң аулаған пума

Жабайы табиғат фотографы Кевин Ши пума мен гуанако арасындағы жан алып, жан беріскен арпалысты түсіріп алған.

Фотограф бірнеше күн бойы екі төлі бар ұрғашы пуманы бақылаған. Төлдері әлі өздігінен қорек таба алмайтындықтан, олардың тіршілігі түгелдей енесіне тәуелді еді.

© Kevin Shi
© Kevin Shi

Таң ата пума гуанако үйірін ұзақ аңдып, ақырында біреуіне білдірмей жақындаған. Сәті келгенде олжасына атылып, оны жерге құлатуға тырысқан.

Жыртқыш гуанаконың мойнынан тістеп, тұншықтыруға бірнеше рет әрекет жасайды. Алайда олжасы да оңай беріспеген. Ақыры гуанако пуманың тырнағынан сытылып шығып, қашып құтылған.

Бұл кадр табиғаттағы тіршілік үшін күрестің қаншалықты қатал екенін көрсетеді. Бір жануар төлдерін асырау үшін аңға шықса, екіншісі өз өмірін сақтап қалуға бар күшін жұмсаған.

Көгілдір мұздың жанында ұйықтаған ақ аю

2025 жылдың жазында фотограф Феликс Шпицберген аралының солтүстігіндегі Арктика мұздарының арасымен жүзіп бара жатқан кемеде болған.

Бір кезде оның назары алыстағы мұзды беткейде жатқан әлдебір ақшыл нәрсеге түседі. Не екенін анықтау үшін фотограф дрон ұшырып, нысанға біртіндеп жақындайды. Сөйтсе, мұз үстінде ақ аю ұйықтап жатыр екен.

© Felix Belloin
© Felix Belloin

Жыртқыш денесін жинап, мұздағы шағын ойыққа жайғасқан. Ал дәл жанында қанық көгілдір түсті ерекше мұз құрылымы көз тартады. Ақ аюдың тыныш ұйқысы мен айналасындағы мұздың түсі кадрға өзгеше әсер берген.

Фотограф жануарды шошытып алмау үшін дронды жоғарыда ұстап, суретті алыстан түсірген. Содан кейін ақ аюдың тыныштығын бұзбай, кері қайтқан.

Бұл көріністің тағы бір маңызды қыры бар. Арктикада ауа температурасының көтерілуіне байланысты жаз сайын теңіз мұзы жұқарып келеді. Сондықтан мұндай шалғай аймақтарда жабайы жануарларды кездестіру барған сайын қиындап, олардың қай жерден көрінетінін болжау да күрделене түсуде.

Баласын арқалап ұшқан жарқанат

Мельбурн маңындағы жарқанаттар мекендейтін колонияда сұр басты ұшқыш түлкінің аналығы ағаштардың арасымен ұшып бара жатыр. Оның денесіне кішкентай төлі жабысып алған.

Ұшқыш түлкілер – жарқанаттардың ірі түрлерінің бірі. Олардың төлдері алғашқы кезеңде енесіне жабысып, онымен бірге қозғалады.

© Douglas Gimesy
© Douglas Gimesy

Ал балалары өсіп, салмағы ауырлай бастағанда, аналықтары оларды ағаштарда басқа төлдермен бірге қалдырады. Мұндай орындар өзінше бір «балабақшаның» қызметін атқарады.

Төлдер сол жерде таң атқанша енелерінің қайтып келуін күтеді.

Фотограф түсірген кадр жабайы жануарлардың төлдерін өсірудегі қамқорлығын көрсетеді.

Қарлығаш пен бақаның күтпеген кездесуі

Венгриядағы Кишкуншаг ұлттық паркінде түсірілген суретте табиғаттың бір сәттік тосын көрінісі бейнеленген.

Шағын тоғанның үстімен қарлығаштар ұшып жүр. Олар су ішу үшін қонбайды, тұмсығын су бетіне тигізіп, ұшып бара жатып шөлін қандырады.

 © Bence Maté
 © Bence Maté

Дәл осындай сәттердің бірінде батпақ бақасы судан жоғары секіріп шығады. Сол мезетте оның жанынан қарлығаш зу етіп өте шыққан.

Фотограф осы екі қозғалыс бір сәтке түйіскен мезетті дәл түсіріп үлгерген.

Бақамен ойнаған қасқырдың күшігі

Эфиопия қасқырының күшігі бақаны аспанға лақтырып, онымен ойнап жүр.

Сырттай қарағанда бұл жай ғана қызық көрініс сияқты. Алайда жануарлар үшін ойынның маңызы зор.

© Amit Eshel
© Amit Eshel

Күшіктер ойнау арқылы дене қимылын үйлестіруді, аң аулауға қажетті әрекеттерді және үйірдегі басқа жануарлармен қарым-қатынас жасауды үйренеді.

Әсіресе енесінің сүтінен біртіндеп етпен қоректенуге көшетін кезеңде мұндай дағдылардың маңызы артады.

Эфиопия қасқыры – әлемдегі ең сирек кездесетін ит тұқымдас жыртқыштардың бірі. Сондықтан оның табиғи ортадағы тіршілігін бейнелейтін әрбір кадр ерекше құнды.

Аю мен албырт: бір сәт, екі түрлі мақсат

Тынық мұхиты жағалауында түсірілген тағы бір суретте қоңыр аю мен нерка деп аталатын албырт балығы бейнеленген.

«Марко Поло» / © Shaun Downey
«Марко Поло» / © Shaun Downey

Кадрдың ерекшелігі – жыртқыш пен оның ықтимал олжасының арасындағы байланысты әдеттен тыс ракурстан көрсетуінде.

Аю маңайында балық барын сезеді. Алайда оның нақты қай тұста жүргенін анықтай алмай, шешуші қимыл жасауға асықпайды.

Екі жануар да тірі қалу үшін сезім мүшелеріне сүйенеді. Бірақ олардың мақсаты қарама-қайшы: аю қорек іздесе, балық жыртқыштан аман қалуға тырысады.

Зимбабведегі шаң арасымен жүрген піл

Зимбабвенің Мана-Пулс ұлттық паркінде түсірілген суретте піл әйгілі альбида ағаштары өсетін орманды аралап жүр.

© Charlie Wemyss-dunn
© Charlie Wemyss-dunn

Құрғақ маусымда жерден көтерілген шаң күннің көмескі сәулесімен араласып, айналаны ерекше түске бөлеген.

Піл осы уақытта қорек болатын альбида ағаштарының бұршаққаптарын іздеп жүр.

Жылдың құрғақ мезгілінде басқа азық көздері азаятындықтан, бұл ағаштардың қоректік заттарға бай жемістері жануарлар үшін маңызды қорекке айналады.

Фотограф табиғаттағы осындай қарапайым тіршілік көрінісін әсерлі кадрға айналдырған.

Жартастың шетіндегі екі төл

Эфиопияда түсірілген тағы бір суретте аталық гелада бейнеленген.

Жаңбырдан кейін оның жүні су болып, қарайып кеткен. Жануар жартастың үстінде жайбарақат шөп жеп отыр. Арасында құздың шетінде жүрген екі төлге көз тастап қояды.

 © Amit Eshel
 © Amit Eshel

Кадрда айрықша әрекет жоқ. Бірақ жануардың тыныш қимылы мен қауіпті жерде жүрген төлдердің көрінісі суретке өзіндік әсер береді.

Қарлы індегі ақ аюдың отбасы

Ақ аюдың аналығы екі қонжығын қарлы іннің кіреберісінде бауырына басып жатыр.

Жел үңгіп жасаған қарлы баспана – қонжықтардың алғашқы апталардағы қауіпсіз мекені.

© Sunita Mandal
© Sunita Mandal

Іннен шыққаннан кейін де олар енесінен ұзап кетпейді. Суықтан қорғану үшін бір-біріне тығыз жабысып, анда-санда қайта паналайды.

Алда күн жылып, теңіз мұзы ери бастайтын кезең күтіп тұр. Қонжықтар үшін бұл – үлкен әлемдегі тіршіліктің алғашқы қадамдары.

Siena International Photo Awards 2026 байқауында ұсынылған бұл суреттер табиғаттың сұлулығын ғана емес, ондағы тіршіліктің күрделілігін де көрсетеді. Жыртқыштың олжа іздеуі, төлін қорғаған аналықтың қамқорлығы немесе мұз үстінде тынығып жатқан ақ аю – бәрі де жабайы табиғаттың адам назарынан тыс қалатын сәттері.

Оқи отырыңыз