Жаңалықтар

Түркі елдері терроризммен бірлесіп күресуге келісті

Отырыс жұмысына Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан арнайы қызметтерінің басшылары мен өкілдері қатысты.
Түркі елдері терроризммен бірлесіп күресуге келісті
Фото: kabar.kg 28.07.2022 03:32 2150

Ыссықкөл облысының Шолпон-Ата қаласында Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) төрағалығымен Түркі мемлекеттерінің арнайы қызметтері конференциясының XXIV отырысы өтті, деп хабарлайды EL.KZ Кабар агенттігіне сілтеме жасап. 

Отырыс жұмысына Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан арнайы қызметтерінің басшылары мен өкілдері қатысты. Сондай-ақ конференцияға бақылаушы ретінде Ресей мен Мажарстан арнайы қызметтерінің делегациялары келді. 

Кездесуде Таяу Шығыс және Ауғанстанның терроризм белсенділігі бар аймақтарында қалыптасқан жағдай ескеріле отырып, түркі мемлекеттеріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында арнайы қызметтердің өзара іс-қимылының өзекті мәселелері қаралды. 

Конференцияға қатысушылар Ауғанстан мен Сирияның қарулы қақтығыс аймағынан келетін және лаңкестік пен діни экстремизмнің таралуына байланысты қауіптерді оқшаулау бойынша өзара іс-қимыл тетіктерін қарастырды. 

Кездесу аясында Қырғыз Республикасының Президенті түркі мемлекеттерінің арнайы қызметтерінің басшыларымен кездесті. Жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде Садыр Жапаров түркі мемлекеттерінің мүддесін қозғайтын сыртқы қауіп-қатерлерге қарсы тұру бойынша бірлескен жұмыста арнайы қызметтердің тығыз ынтымақтастығы мен күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға