Сырттай оқу жойылды, бірақ онлайн оқуға болады: бұл кімдерге рұқсат етілген?

Сырттай оқу жойылды, бірақ онлайн оқуға болады: бұл кімдерге рұқсат етілген?
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда жоғары білім берудің сырттай оқу формасы 2018 жылы жойылған. Дегенмен бұл студенттер тек университетке барып оқуы керек дегенді білдірмейді. Қолданыстағы заңнама белгілі бір жағдайларда қашықтан білім алуға мүмкіндік береді. Алайда мұндай формат барлық студент пен мамандыққа бірдей қолжетімді емес. Оның өзіндік талаптары мен шектеулері бар.

Сырттай оқу жоқ, қашықтан оқу бар

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдан бастап жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының академиялық және басқару мәселелеріндегі дербестігі кеңейген. Сол кезеңде сырттай оқу форматы да тоқтатылды.

Сырттай білім беру форматы жойылды. Алайда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету аясында жоғары оқу орындары қашықтан оқытуды жүзеге асырады, – деп түсіндірді министрлік.

Яғни сырттай және қашықтан оқу – бір ұғым емес. Қазір студент білім беру бағдарламасы мүмкіндік берген жағдайда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланып, пәндердің белгілі бір бөлігін университетке бармай-ақ меңгере алады.

Қашықтан оқу қалай реттеледі?

Қашықтан білім беру «Білім туралы» заңның 37-2-бабында қарастырылған. Заң бойынша мұндай формат орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деңгейлерінде қолданылуы мүмкін.

Ал жоғары оқу орындарындағы нақты тәртіп Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №137 бұйрығымен белгіленген.

Қашықтан білім беретін университеттің тиісті техникалық инфрақұрылымы болуы шарт. Оған тұрақты интернет, серверлер мен деректерді сақтау жүйесі, киберқауіпсіздік құралдары, студенттің жеке басын сәйкестендіру, жазбаша жұмыстарды плагиатқа тексеру және онлайн-прокторинг жүйелері кіреді.

Сондай-ақ ЖОО-да студенттер курстар мен оқу материалдарын қарайтын арнайы білім беру платформасы болуы керек. Онда оқу-әдістемелік материалдар, тестілеу жүйесі, электронды кітапхана, сабақ пен емтихан кестесі және басқа да қажетті сервистер орналастырылады.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін де қашықтан оқуға тиісті жағдай жасалуға тиіс.

Қандай мамандықтарды қашықтан оқуға болмайды?

Қашықтан білім алу мүмкіндігі барлық мамандыққа бірдей берілмейді. Заңда бірқатар білім беру бағдарламасына нақты шектеу қойылған.

Медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық білім беру бағдарламаларын іске асыратын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуға жол берілмейді, – деп нақтылады ведомство.

Мұндай шектеудің болуы кей мамандықтарда практикалық дайындық пен білім алушының оқу орнына тікелей қатысуы маңызды екенімен байланысты.

Кімдер қашықтан оқи алады?

Ережеде студентті қашықтан оқытуға мүмкіндік беретін бірнеше жағдай көрсетілген. Мәселен, денсаулық жағдайына байланысты дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бар студенттерге сабақ қашықтан ұйымдастырылуы мүмкін.

Сондай-ақ халықаралық және республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорт жарыстарына, зияткерлік немесе шығармашылық байқаулар мен фестивальдерге қатысатын білім алушылар сол кезеңде қашықтан оқи алады.

Денсаулығына байланысты белгілі бір уақыт аралығында университетке тұрақты бара алмайтын студенттер үшін де сабақ онлайн ұйымдастырылуы мүмкін. ЖОО мұндай жағдайда синхронды немесе асинхронды оқыту тәсілін қолдана алады, сондай-ақ материалдарды өз бетінше меңгеруге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, студенттің бүкіл оқу бағдарламасын емес, жекелеген пәндерін қашықтан оқуына рұқсат етіледі.

Пәндердің қанша пайызын қашықтан оқуға болады?

Бұл көрсеткіш білім беру бағытына байланысты. Көптеген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасында студент бүкіл оқу кезеңіндегі пәндердің 50 пайызына дейін қашықтан меңгере алады. Ал бірқатар бағыт бойынша шектеу қатаңырақ – 20 пайызға дейін. Олардың қатарына:

  • құқық;
  • хореография;
  • музыка өнері;
  • авиациялық техника және технологиялар;
  • құрылыс;
  • теңіз техникасы және технологиялары;
  • әскери іс;
  • ветеринария бағыттары кіреді.

Демек қашықтан оқу мүмкіндігі болғанымен, оның көлемі студент таңдаған мамандыққа қарай өзгереді.

Сабақ қалай өтеді?

Қашықтан оқытудың негізгі екі тәсілі бар: синхронды және асинхронды. Синхронды форматта студент пен оқытушы бір уақытта онлайн байланысқа шығады. Мысалы, оқытушы видеоконференция арқылы дәріс немесе семинар өткізеді.

Асинхронды форматта студент оқу материалдарын өзіне ыңғайлы уақытта қарап, тапсырмаларды белгіленген мерзімде орындайды. Бұл жағдайда оқытушы мен студенттің бір мезетте желіде болуы міндетті емес.

Қашықтан меңгерілетін пәндер бойынша сабақтар негізінен синхронды форматта жүргізіледі. Жаппай ашық онлайн курстар (МООК) арқылы оқылатын пәндерге өзгеше талап қарастырылған.

Ал онлайн білім беру бағдарламаларында әр пән бойынша синхронды сабақтардың көлемі кемінде 20 пайыз болуы керек. МООК пайдаланылатын пәндер бұл талапқа кірмейді.

Студенттің сабаққа қатысқаны қалай тексеріледі?

Қашықтан оқитын студенттің оқу процесіне қаншалықты қатысып жүргенін университет «цифрлық із» арқылы бақылай алады. Оған білім алушының жүйеге кіруі, сабаққа қатысуы, оқу материалдарын қарауы, тапсырмаларды орындауы және басқа да әрекеттері туралы мәліметтер кіреді.

Емтихан онлайн өткізілсе, прокторинг жүйесі қолданылады. Оның көмегімен студенттің жеке басы расталып, емтихан тапсыру процесі бақыланады. Жүйе емтиханды жазып, адамның жеке басын сәйкестендіріп, күмәнді әрекеттерді тіркей алады.

Ал жазбаша жұмыстар академиялық адалдық талаптарына сәйкес плагиатқа тексерілуге тиіс.

Практика мен зертханалық сабақтар ше?

Қашықтан оқу барлық сабақты үйден өткізуге болады деген сөз емес. Кәсіптік практика, зерттеу және эксперименттік жұмыстар, сондай-ақ студенттің тікелей қатысуын талап ететін сабақтар негізінен дәстүрлі форматта өткізіледі. Кей жағдайда білім беру бағдарламасының ерекшелігіне қарай оларды онлайн ұйымдастыруға рұқсат етілуі мүмкін.

Төтенше жағдай немесе карантин кезінде мұндай жұмысты онлайн орындау мүмкін болмаса, оны келесі академиялық кезеңге ауыстыру қарастырылған.

Сондықтан студент пәндерінің бір бөлігін қашықтан оқыған күннің өзінде практика, зертханалық жұмыс немесе басқа сабақтар үшін университетке баруы мүмкін.

Онлайн оқу мен қашықтан оқу бірдей ме?

Ережеде онлайн оқыту жеке формат ретінде қарастырылған. Ол интернет пен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуды көздейді.

Мұндай бағдарламаны ұсынатын университетте оқу процесін басқару жүйесі бар білім беру порталы, электронды кесте, студенттердің жеке кабинеті, оқу материалдары және оқытушы мен білім алушы арасындағы байланыс құралдары болуы қажет.

Сонымен қатар онлайн бағдарлама тиісті даярлау бағыты бойынша Білім беру бағдарламаларының тізіміне енгізілген бағдарламаға сәйкес келуге тиіс.

Алайда онлайн формат та барлық мамандыққа қолжетімді емес. Арнайы тізімге енгізілген және онлайн оқытуға рұқсат берілмейтін бағыттар бойынша білімді толығымен интернет арқылы алу мүмкін емес.

Оқи отырыңыз